Тарих | Огюст Конт

Тарих | Огюст Конт

Конт Огюст (19.1.1798 – 5.9.1857) – француз философы, социологияның негізін қалаушылардың бірі. Конт Огюсттың философиялық көзқарасының дамуы 3 кезеңге бөлінеді: бірінші кезеңде (1820 – 26) Конт Огюст еуропалық қоғам дамуының негізгі кезеңдерін суреттеп, әлеуметік реформалардың мүмкіндігі мен оларды іске асырудың тәсілдерін ой елегінен өткізді. Бұл ойлар Конттың "Әлеуметтік философия топтамасы”, "Өткендегі қазіргі заман элементтеріне жалпы баға” (1820), "Қоғамды қайта ұйымдастыру үшін қажетті жұмыс жоспары” (1822), т.б. еңбектерінде қарастырылды. Екінші кезеңде (1830 – 42) Конт өз идеяларын дамыта отырып, қоғам туралы ғылым ретіндегі социологияның негізгі ережелерін тұжырымдайды ("Позитивті философия курсы”). Үшінші кезеңде (1851 – 54) адамзат тарихының бірлігі туралы идеясын қалыптастырып, негізгі ойларын дәйекті дәлелдермен дамытады ("Позитивті саясат жүйесі”). Әлеуметтік өзгерістерді талдау арқылы Конт қоғам тарихындағы теологиялық, метафизикалық және позитивті кезеңдерді анықтады. Оның пікірінше, қоғамды бөлудің және үш кезеңді белгілеудің өлшемдері үстемдік етуші идеялар сипаты арқылы анықталады. Теологиялық кезең дін үстемдігімен, метафизикалық кезең метафизикалық тұжырымдама үстемдігімен сипатталады. Соңғы кезеңде діни және философиялық сипаттағы спекулятивті жүйелердің соңына нүкте қоятын позитивті ғылымдар дамуы жүреді. Бұл кезеңде жаратылыстану ғылымдары үстемдік алып, социология қарқынды дамиды. Конт қоғамдық өмірді талдаудың үш әдісін: бақылау, әлеуметтік тәжірибе, салыстырмалы зерттеумен бірге индустриалды қоғам тұжырымдамасын жасады. Конт адамзат тарихының негізгі үрдістеріне сәйкес капитал мен биліктің капиталистерде шоғырлану процесін оң бағалады. Социумның даму шамасы бойынша қауымдық тәртіппен бірге рухани тәртіп, моральдік ізгіліктер тәртібі орнығады. Қауымдық және рухани тәртіптің ұлғаюымен соғыстар анахронизмге (ескіліктің қалдығы) айналады және Батыс елдері индустриалды қоғам дамуы бойынша басқа елдерді жаулап алу саясатынан бас тартуы керек, оларға өз өркениетін күштеп таңбауы тиіс. Конттың пайымдауынша, индустриалды қоғамда соғыс маңызды рөл ойнамайды. Соғыс ретке келтірілген еңбекке адамдарды зорлықпен көндіру, ірі мемлекеттер құру құралы ретінде қажет. Соғыс еңбекке үйрету және мемлекетті қалыптастыру тәрізді екі жақты тарихи миссияны орындады. Индустриалды қоғамда еңбекті ғылыми ұйымдастыру маңызды рөл атқарады. Әрбір адам өзінің қабілеттеріне сәйкес лайықты орнын алып, қоғамдық әділеттілік орнайды (қараңыз Индустриалды қоғам). Батыс әлеміндегі ықпалды философиялық ағымдардың бірі позитивизмнің негізін қалаушы Конт философияны ғылымға тән сипаттардан азат ету туралы идеяны көтерді және дәлелді білімге арқа сүйеді. Конттың пікірінше, білімді мынандай жағдайда позитивті деп санауға болады: 1) нақты, дәл және анық болғанда; 2) эмпирикалық бақылау процесінде алынғанда. Философия "ғылым падишасы” – астамшыл ғылым болуға ұмтылмай, нақтылы ғылым болуы тиіс. Бұл идеяларға Конт қоғам тарихын, әлеуметтік өзгерістер динамикасын талдау нәтижесінде келеді. Ол өз зерттеулерін қорытындылай келе, интеллектуалдық және техникалық қос эволюция заңын тұжырымдады. Тұтас алғанда бірі-біріне сәйкес келетін интеллектуалдық дамудың 3 деңгейін және техникалық дамудың 3 кезеңін анықтады. Теологиялық – дәстүрлілікке, метафизикалық – индустриалдыққа дейінгіге, позитивті – индустриалдыққа сәйкес келеді. Конттың ойынша, индустриалды қоғамға өту позитивті білімнің қарқынды дамуымен, нақты ғылымдардың басымдылығы арқылы жүреді. Конт позитивизмі философияның мәні мен міндетін және оның ғылымға қатынасын айқындау төңірегінде дәйекті пайымдау (дискурс) бастаған философияның дамуындағы жаңа ағым, позитивизм философиясының қалыптасуындағы бастама болып табылады.

Пайдаланған әдебиет



Jump up ↑ "Қазақ Энциклопедиясы", 11 - том

Jump up ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру