Тарихи шындық пен көркемдік шешім. Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі». Қазақ әдебиеті, 9 сынып, дидактикалық материал. 1-сабақ.


Ш.Уәлиханов «Ыстықкөл сапарының күнделігі»

Шығармадан үзінді

 1 мамырда*38 мен Қазыбекпен бірге Боранбай ауылына аттандым. Оның ауылы, қазақтар айтқандай, Жырғалаңда орналасқан, біздің түнемеліктен 35 шақырым қашықтықта. Мен Түптің дәл сағасындағы өткелден өтіп, содан соң Жырғалаң алқабын Түптен бөліп тұрған Таспаның бұйратына көтерілдім. Тал түсте алдымыздан өзен ағысы мен ағараңдап ауыл көрінді. Ауыл үлкен екен. Жол бойында кездескен қазақтардан Боранбайдың одан ары көшіп кеткенін білдік. Күн экватордағыдай ыстық болды, бізге дем алып, қазақтар айтпақшы, кешкі салқынмен ары қарай жүру керек болды. Осы мақсатпен біз жақын ауылға бұрылдық. Ауылдың қожайыны жас жігіт алдымыздан шығып, өзін Боранбайдың баласы, аты Қылыш екенін айтты. Қылыштың шатыры бар екен, біз сонда орналастық. Құрметті қонақ ретінде бізге құманға тұз салып қайнатылған шай әкелді, шай қалмақтардың затуранына*39 ұқсайды. Артынан қымыз берді. Бүкіл ауылдың қазақтары мен кішкентай балалар біздің асымыздан кейін қалатын қойдың сүйегін мүжу үшін жиналды. Олардың ойы болмады, мен қожайынды ондай әурешіліктен құтқардым, тіпті түскі ас ішіп отыратын кез емес еді. Айта кету керек, әйелдер бізден қорқып киіз үйден мүлдем шықпады, тек аттанар алдында ала бұхар шапанын киген жас келіншек пен ақ көйлек пен үкілі қызыл тақия киген жас қыз шықты. Бірақ, олар да тығылып қалды. Қазақтардың айтуынша, барлық дала адамдары сияқты олардың көздері өткір және көреген, келіншек біршама өңді екен, бірақ жүдеу, ал қыз нағыз сұлу деді олар, әрине олардың талғамы бойынша. Қазақтардың түсінігінде әйел сұлулығы дегеніміз денесінің толықтығы, бетінің толған айдай дөңгеленіп, екі бетінің ұшы қызарып тұру керек, оны ақындар қарға тамған қанға теңейді.

 Ары қарай жүрдік: жолда ауылдар жиі кездесті, бірақ қыбырлаған тірі жан болмады, барлығы: «Орыс, орыс!» деп шошына айғайлап, киіз үйлеріне тығылды. Күдікті сейілтіп, нәзік жандылардың қызығушылығын туғызу үшін мен қасымдағы қазақтарға қазақша ән салуды тапсырып, өзім салша киініп алдым. Бұл әрекет толық нәтиже берді, әйелдердің барлығы киіз үйден шықты, тіпті бір әйел мұсылмандар ретінде бізге арнап жоқтау жырын айтты.

 Қара қырғыздарда, біздегі сияқты әйел күйеуінің қазасын бір жыл бойы дауыстап жоқтауы керек. Мұсылмандар, яғни өз адамдары өткен кезде, ол жоқтау айтуы қажет. Сұрастыра келіп біздің білгеніміз, әйел сарыбағаш оқиғасында күйеуінен айырылыпты, киіз үйге ілінген қара ту соны білдіріп, марқұмның жасын да көрсетеді екен. Егер киіз үйге қандай да бір ту ілінсе, сол үй бір мүшесінен айырылды деген сөз. Егер ту қызыл болса, жас адам дүние салған, қара болса, орта жастағы, ақ болса, кәрі кісі деген сөз. Біздің аяшымыздың (қырғыз әйелі) отағасы орта жастағы болып шықты. || Біз тоқтап тұрып қырғыз әйелдің элегиясын (жоқтау) тыңдадық. Сөздерін анық ажырата алмадық, тек «ох!», «қоқи!» деген дауысы айқын естіліп тұрды. Бұрын бұл ордада болған бір қазақ сол кезде естіген өлең жолдарын келтірді, соған қарап біз мәтінін шамаладық...*40

 Жоқтаудың жалпы сипаты - «маған енді не болады», деп, марқұмнан «енді менің күнделікті қажетімді кім өтейді» деп сұрау, «етікті кім тігеді, тары ботқаны кіммен бөлісіп жеймін» дегендей құдайға зар қылу...*41 Бізді қоршаған қазақтармен әңгімелесе бастадық. Менің қазақ сұлтаны және хан тұқымы екенімді білген соң, олар сеніммен қарай бастады, ал егде әйелдер менің жүдеу денеме, қан сөлсіз бетіме аянышпен қарады, іштерінен шамасы, байғұс, анасын сағынған болар деп ойласа керек, мен сияқты жас баланы ай далада кім әлпештеп, битін кім сығып береді деп аяса керек. Олардың соңғы аңғырт сөздері менің күлкімді келтірді. «Не деген мейірімді, қарапайым адамдар!» - деп ойладым мен. Бір кемпір маған тостаған толы қымыз әкеп берді. Оның көзқарасы мен сөздерінде шынайы жанашырлық пен аяушылық тұнып тұрғандықтан, оны разы ету үшін, тостағанды бір ақ сімірдім.

 Келесі ауылда бізді күтіп отырды. Бірнеше ер адам мені «алдияр»*42 деп сұлтанша қарсы алып, мені алғышқыда өте таңқалдырған өтініш білдірді.

- Бізде бір бейшара аяш бар, - деді олар, - оны жындар буған, біз ақсүйек адам оның жынын қуып жібере алады деп естіген едік.

- Оларды мен қалай қуамын? - деп сұрадым мен.

- Өте оңай, - деді қырғыздар, - қамшымен аямай ұру керек, сонда бүкіл жындар кетеді.

Мұның бәрі сандырақ, ешқандай жындар жоқ, ол науқас, оны ұрып емдеу қажет емес, оған тыныштық керек екенін қанша айтқанымен, оның бәрі бекер болды. Қырғыздар риза болмай, бір соққымен жындарды қууға шамасы келеді, бірақ оны істегісі келмейтін қатыгез адамдай қарап кетті. Амал жоқ. Мен оларға өзімнің бауырым сұлтан деп таныстырып, бір қазақты ұсындым. Ол батыр өңін өзгертіп, қамшысын төбеге көтеріп, ауылға қарай тартып кетті. Бірнеше әйел бейшараны ұстап тұрды. Қазақ оған айғайлай тап беріп, өзінің ісіне кірісіп кетті. Байғұс шырылдап, зорға құтылып, үйге қарай жүгіре жөнелді. Оны қайтадан ұстап алды. «Ұр, ұр» деп шешесі айғайлады, «ұр» деп қалың топ артынан қайталады. Мен шыдай алмай, байғұс аяшқа жақындап келіп, қазаққа "емдеуді" тоқтатуды бұйрық еттім. Сommo de raison*43, науқастың туыстары менің араласуыма риза болмады. Барлығы маған ызалы көз тастады. Тек ақылынан адасқан ғана мені құтқарушысы деп, әртүрлі жылы сөздер айтып, мойныма асыла кетті.

قـالـقالایـن اکاکای، الـدیـنکـنان کـیـتـایـن اکای44*

 Барлығы тынышталғаннан кейін, мен науқасты қарай бастадым. Оның жасы 15-тен аспаған сияқты, бірақ арқасындағы қос бұрым шашы оның күйеуге шыққанын көрсетіп тұрды. Ол өте, өте көрікті екен. Үлкен қара көздері біреуді іздегендей болып жан жаққа алақтайды. Өңі боп-боз, өзі жүдеу. Соған қарамастан, өте әдемі. Үстінде ішкөйлек пен жыртық шапаннан басқа көйлек болған жоқ. Мен онымен сөйлесуге тырысып едім, менің сұрақтарыма үзіп үзіп, тек «Жамбек», «Шоң әке», «Қаражан» және т. б. есімдерді атады. Содан соң бір жас қырғызды көрсетіп: «Менің айнам... ол сындырды... жағамды жыртты» деп, ешкім көріп қоймасын дегендей өзінің жаулығын тығып қойды. Сұрастыра келе, жаңағы айтылған есімдер оның туыстары екенін білдім. Оның тұрмысқа шыққанына бір жыл болыпты, күйеуі жаңа саусағымен көрсеткен жас қырғыз жігіт. Бәрі түсінікті болды. Күйеуі оны ұрып, айнасын сындырып, көйлегін жыртқан. Әке шешесінің үйінде жалғыз қыз болған, демек, әкесінің еркесі, дегенінің бәрі болған. Күйеуінің қатыгездігінен, қаталдығынан бұрынғы бостандығын аңсап, есінен айырылған. Оның ылғи адамдардың атын атап, біреуді іздегені сол екен.

 Жас ару мен оның туған-туыстарын оның сауыққанына сендіріп, егер әйелі ауырмасын десе, көйлегін жыртып, айнасын сындырмауды күйеуіне тапсырып, ары қарай жүріп кеттік.

 Боранбайдың ауылын көрсеткен тұстан біз оны таппадық. Ұзақ уақыт адасып жүрдік, 40 шақырымдай бос сенделіп, аяғында кешке қарай бір бақташыға жолықтық, ол бізді шатқалға әкелді, оның ең төбесінен, қарлы шыңдардың арасынан ауыл отын көрдік. Бізге арнап үй тікті, шай беріп, құрметімізге қой сойды. Біраз уақыттан кейін Боранбайдың өзі келді, әдеттегі аман саулық сұрасудан кейін сарыбағыштар туралы әңгіме басталды - кімнің қай жері ауырса, соны айтады дегендей.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу