Дулат Исабеков «Әпке» драмасы. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 2-сабақ.


 Мұғалімге арналған ақпарат

 

 4-тапсырманы жүзеге асыру үшін отбасы, отбасының адам өміріндегі қызметі, маңызы туралы ақпаратты валелогия пәнімен байланыстыра отырып беруге болады.

 Отбасы – күнделікті өмірде адамдардың арасындағы өзара қатынастардың орнықты жүйесі, ол бірқатар тұтастай функцияларды атқарады. Отбасының функциялары – отбасының тіршілік қызметінің, өз мүшелерінің белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырумен тікелей байланысты саласы. Отбасының репродуктивтік функциясы – тіршілікті биологиялық тұрғыдан қайта туындату, өмірге балаларды келтіру арқылы оның үздіксіз болуын қолдау. Ол адамзаттың тіршілігін жалғастыру үшін қажет. Отбасының әлеуметтік – демографиялық функциясы (халықтың өсуін жүзеге асыру). Қоғам келер ұрпақтың саны өткен ұрпаққа қарағанда сан жағынан көп болуына мүдделі. Бұл адамның адами-эмоционалдық қажеттілігі де. Баласыз отбасы - толыққанды отбасы емес. Отбасының балаларды бастапқы әлеуметтендіру функциясы – отбасының баланы қоғамға біртіндеп енгізуі, оны осы қоғамға тән барлық заңдармен таныстыру. Туған кезінен бастап бала әкесімен және анасымен жеткілікті психо-әлеуметтік байланыста болса, ол үйлесімді тұлға болып өседі. Отбасының тәрбиелік функциясы осының алдындағы функцияға жақын тұр. Отбасы сүйіспеншілік сезімін сіңіріп, балалар мен ата-аналардың бір-бірлеріне бауыр басу, сену сезімдерін қалыптастырады. Әсіресе, отбасылық қатынастардың эмоционалдық негізін құрайтын: үлкендерді, әйелдерді құрметтеу, кішіге, қарт кісілерге қамқорлық көрсету сияқты адами сезімдерді қалыптастырудағы отбасының рөлі орасан зор. Отбасы балаға эмоционалдық тұрғыдан жайлылық пен қорғауда болу сезімін береді. Араласып-сөйлесу, бірге еңбектену, ынталандыру, жазалау, мінез-құлқын бағалай арқылы әсер ету – дұрыс тәрбие берудің кепілі. Отбасының бос уақытты өткізу функциясы да адами тәрбие беруге жәрдемдеседі. Бос уақыт – бұл балалардың дамуы үшін маңызды тәрбиелік, эмоционалдық фактор. Ата-анасымен бірге өткізілген уақыт балалардың мәдени, адамиэстетикалық деңгейін көтеруге, олардың рухани дамуына аса қажет. Отбасындағы қолайсыз жайлардың балаға жағымсыз салдары - психикасының бұзылуы, мінез-құлқының қиындығы, әлеуметтік бейімделмеушілік және девианттық мінез-құлық, одан тек отбасы ғана емес, тұтастай алғанда қоғам да зардап шегеді. Отбасының экономикалық және шаруашылық-тұрмыстық функциясы отбасының биологиялық тіршілік етуін қамтамасыз етуде (тамақ, тұрғын үй, киім-кешек және т.б.). Отбасындағы өмір ең алдымен тұрмыстың материалдық қамтамасыз етілуімен, еңбекке қабілеті жоқ туыстар мен кәмелетке толмағандарға бірлескен материалдық қамқорлықпен байланысты. Отбасының медициналық функциясы немесе отбасы мүшелерінің физикалық денсаулығын қолдау ең алдымен профилактикалық сипатта болады. Ол салауатты өмір салтын сақтаумен, зиянды әдеттерден бас тартумен, демалысты белсенді жағдайда өткізумен, гигиеналық дағдыларды игерумен, сауықтыру іс-шараларын өткізумен тікелей байланысты.

 

 Драмадағы жағдай және қаһарман

 Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы, ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүние жүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды.

 Күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік қуатын сынап көреді; алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады.

 Тұрмыстың, семьяның, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді.

 Драма кейіпкері – көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді; сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады; не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты. Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады; дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады; сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады, өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылмақ. Драма кейіпкері, негізінен, көп қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды; күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес; ұмтылып құлап; қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, көктемде бұлқан-талқан бұзылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылып аға бастайды, бұрынғы мимырт тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы – күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің өзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкер.

 Әдебиетіміздің көп жылдар бойы жиналған фактілеріне, көркемдік процеске сүйене отырып, қазақ драмасын мынадай салаларға жіктеуге болады: а) қаһармандық драма; ә) саяси-әлеуметтік драма; б) тарихи-ғұмырнамалық драма. Бұған қазіргі әдебиетімізде көріне бастаған психологиялық, лирикалық, дискуссиялық драмаларды, түрлі инсценировка-пьесаларды қосу керек...

 Рымғали Нұрғали



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу