Қабдеш Жұмаділов «Қаздар қайтып барады» әңгімесі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал.
Ескерту: Каналдарға өтеді немесе жеке орындайды (Мұғалім шешімі)
Қабдеш Жұмаділов «Қаздар қайтып барады» әңгімесі
Ескерту: «Неге» деген сұрақты қоя отырып, үзінділерде көтерілген мәселенің себеп-салдарын талдап алып барып, көркемдік аспектісін талдаңыздар.
1-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Тау іші. Иен жайлау. Ұшқан құс, жүгірген аңнан өзге тіршілік белгісі білінбейді. Жаз жәрмеңкесі тарқап, таулы өлкеге қоңыр күз қонақтаған. Аспан да, жер де сұп-сұрғылт. Жапырақтар сарғайып, өсімдік атаулы күзгі ызғырық желге елбеңдей бас ұрып, тәубеге келген сопыдай күбірлейді. Тек қия жартастарды жарып шыққан қайсар қарағайлар ғана өңін бермей, тәкаппар басын тік ұстап, көкке шаншыла қарап тұр. Сай-саладан құлай ағып жатқан көк қасқа бұлақтар жаздағыдай шу салып, асып-таспай, салқын сабырмен жуасып қана сырғиды.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Пейзаждың элементтерінен диаспораның жағдайын ашады.
Үзіндідегі троптардың түрін көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын түсіндіреді.
2-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Малшы ауылдар бұл өңірден әлдеқашан арылып, етекке түсіп кеткен. Тегіс-тепсең жерлерде, бұлақ бойларында жараның орнындай болып киіз үйлердің көшкен жұрттары көрінеді.
Кеш батысымен иен жұртқа аш қасқырлар келіп, емін-еркін тіміскілейді. Кеш жолдарына, айдалған мал ізіне түсіп, тұмсықтарын көтеріп, ұзақ-ұзақ қарап тұрады. Сүйек қажалап, тері-терсек, жүн-жұрқаны жұлмалайды. Бұтаның арасында қалып қойған тоқты-торымды іздеп сандалады. Жердегі жемтіктес досына қарайлап, көкте құзғын айналады...
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Өлке, жыртқыштар символынан жергілікті халық сипатын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын түсіндіреді.
3-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Жаздың шілінгір ыстығында басынан бұлт кетпейтін Етікші шыңы бұл күнде бозғылт мұнарға оранған. Бұл – Тарбағатай сілемдерінің бір-бірімен ұшарласа келіп, күрт көтерілген тұсы. Нардың жалғыз өркешіндей болып, көзге алыстан шалынады.
Арғы бетке өтетін жолаушы қиын да болса, көбінше, осы шыңның желкесімен асатын. Өйткені өркеш-өркеш тауларға, терең құздар мен тентек өзендерге соқпай өтетін ең төте жол осы. Биік жалдың басында жыртқыш аңдар да аз жүреді. Етікшінің жотасына шықсаң, таудың күнгейі мен теріскейі табаныңның астында жатады.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Етікші шыңының символынан елден бөлініп берілген жердің жағдайын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
4-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Жолға шыққанына төртінші күн дегенде ұзын бойлы, қапсағай қара шал осы Етікші асуының бір орқаш биігіне көтерілді. Бар салмағын таяғына салып, тізесі дірілдеп зорға жылжып келеді. Кеудесі сырылдап, өкпесі аузына тығылып, әлсін-әлі тоқтап дем алады. Бірақ алдында көлденең сұлап жатып алған қырсық асудың төбесіне бір шықсам-ау деген арман қолтығынан демегендей өрге қарай өшіге, өршелене қайта ұмтылады.
Күн тас төбеге көтеріліп, есі кетіп, жан шыққанда асудың ұшар басына да жетті-ау. Қыр жалдың үстіне шыға келгенде, гуілдеп соққан қара боран жолаушыны ұшырып әкете жаздады. Таяғына сүйеніп, төрт тағандап әзер қалды. Күн бойы жеткізбей, діңкесін құртқан шыңға ерегісті ме, болмаса «мұндай биікке үнемі көтеріле бермеспін» деді ме, әйтеуір осы арада біраз аялдағысы келді. Аппақ шоқша сақалы желге желпілдеп, сығырайған кәрі көзімен айналаны шолып, қарт жалдың басында бірталай тұрып қалды.
Салқын ызғар қамсауы жоқ, көне шекпеннен лезде өте шықты. Терлеп, жіпсіп келе жатыр еді, тұла бойын суық қармап сірестіре бастады. Ол шырқау биіктен жан-жағына соңғы рет көз тастады да, ілгері жүріп кетті. Бір тәуірі, ендігі беталысы ыратөмен, еніс екен. Ылдиға қарай құлдырап, тез төмендеді. Көк жалап, жылтырланып алған сірі шоқайы киіздей ұйысып жатып қалған бетегеден тайғанап, тоқтамаған соң, жан дәрмен отыра қап құйрығымен сырғанады.
Жалаңаш жотадан көп төмен түсіп, қалың жынысты қойнауға жеткенде, жел басылып, күн жылынайын деді. Титығы құрып, әбден қалжыраған қарттың бұдан әрі жүруге халі келмей, тәлтіректеп барды да, шоқ қайыңның түбіне қисая кетті. Арқасындағы қоржынын басына жастап, бір сәт сұлық жатты. «Әйтеуір, қиын асудан өттім ғой, – деді талмаусырап жатып, – жолдың көбі кетіп, азы қалды. Құдай енді екі күндік ғұмыр берсе, көздеген жеріме де жетіп жығылармын».
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Портреттің символынан кейіпкер ауыр тағдырын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
5-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Бір заматта басын көтерді. Күн төбеден ауып барады екен. Жаңағыдай емес, сергіп, тыңайып қалыпты. Тек тілі аузына сыймай шөл әкетіп барады. Әлдене есіне түскендей, жалма-жан қоржынға қол созды. Қоржынның бір басынан кішкентай қатқан торсықты алып, шайқап көріп еді, бірдеме шылдырағандай болды.
Құйып алып шыққан айраны бұдан екі күн бұрын таусылған. Сонан бері таңдайын жібітіп, талшық қып келе жатқаны – бір уыс малта. Қалтасында жүрген бес-алты құртты торсықтың ішіне салып, үстіне кеше су құйып алған-ды. Онысы да бітуге айналыпты. Қоржынның екінші басынан саптаяғын алып, торсықты төңкеріп еді, кішкентай ғана ақ малта құйылды. Шал оны бір-ақ сіміріп алды. Маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Көзі шырадай жанып, біраз әл жинағандай болды.
«Не де болса, осы арада біржола тамақтанып алайын, – деді ол, қоржынынан бір уыстай ірімшік пен екі-үш жапырақ қатқан нанды алып жатып, – торсығымды суға енді бір толтырып алсам, ел шетіне жеткізеді ғой...»
Тастай боп қатып қалған қара нанның бір түйірін қажалап отырып, зорға жеді. Кебірленіп, өңешінен өтер емес, «Шіркін, дүние-ай, осындайда бір шәйнек шай, не болмаса бір аяқ қымыз болар ма еді, – деп аңсады қарт, – кеңшілік кезде сол тамақтарды тойып ішіп көрдім бе екем?! Әй, тоймаған шығармын, сірә».
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Астыңының (құрт, қымыз) символынан отаншылдық мағынасын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
6-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
Қарт «жеуге жарайтын ештеңе табылмас па екен» дегендей айналасына көз жіберді. Кенет дәл бас жағында ғана өсіп тұрған бір түп долананы көрді. Бұл өңірде ең жәй пісетін жеміс – осы долананың басы. Өзге жемістер әлдеқашан ағып кеткен. Қып-қызыл боп, уылжып тұрған долананың жидегі шалдың көзіне оттай басылды. Жалма-жан орнынан тұрып, үзіп жей бастады. Бір-екеуін таңдайына салып көріп еді, мұндай дәмді болар ма?! Қаужаңдап, шөпектей сорып бірталайын жеп қойды. Қалтасына да толтырып алды. Шөлі қанып, қунап қалды өзі. «Өлмегенге өлі балық жолығады» деген осы-ау, – деді ішінен, – құдайдың өзі көмектесіп тұр ғой. Су ішерім бар шығар әлі де».
Шал шүкірлік етіп, мол дастарқан басынан тұрғандай көңілденіп кетті. Бата жасап, бетін сипады. Қалтасынан шақшасын алып қарап еді, насыбай да таусылуға айналыпты. «Қап! – деді қарт, – бәрінен де мынау қиын болмаса игі еді». Алақанына насыбайдың соңғы атымын салып алып, қимағандай біраз отырды да, атып салды. Көңілі жайланып, алдағы жолдың жоспарын жасады.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Долананың символынан рухани мықтылықты ашады.
Насыбайдың символынан тәуекелшілдігін ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
7-жұп. Берілген үзіндіні оқып, символды табыңыз.
«Шекараға дейін енді не бәрі қозы көш жер қалды, – деді ол қарсы алдында жатқан аласа адырларға көз жіберіп. – Көз барда, мына Күргейтастан өтіп, сызықтың бойына жақындап алайын. Сонан соң, құдай бұйырса, бүгін сәрсенбінің сәтіне, қараңғы түсе арғы бетке өте шығармын».
Бұл ойды ол тақ бір көрші ауылға қыдырып бара жатқандай жеп-жеңіл ойлап өтті. Бәрі де заңды, осылай болуға тиісті тәрізді. Қарт кесімі айнитын емес. Иә, шынында да ойланып-толғанып жататын не бар? Бұл сапарға ол бақандай қырық жыл бойы дайындалмады ма? Мұның өзі – дөңбекшіп өткізген талай ұйқысыз түндердің, санамен сарғайып, сарқыла толғанған бүкіл өмірінің айнымас қорытындысы емес пе? Көп жыл бойы қозданып, іштей тұтанып келген өрттің алаулап жанған бір шағы, жанар таудың лақ етіп бір атылғаны. Қарт сезімі бұрауы жеткен домбырадай тырсылдап, шертіп тұр. Қол тигізсең болды, үзіледі.
Ол орнынан тұрып, тағы да ілгері жылжыды. Денесі суығандікі ме, өне бойы ағаштай сіресіп қалыпты. Сегізкөзі, жұлын тұтасы, қара саны қозғалтпай, қан қақсап ауырып кетті. Екі табаны удай ашып, жер бастырмай тұр. Тұла бойы зіл батпан боп, қылжиып жата кетуді ғана тілегендей.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Шекараның символынан туған жерге жету мағынасын ашады;
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
8-жұп.
Ұйқы да қысып барады. Қарттың соңғы тәуліктерде ұйқысы шала болатын. Аңғал-саңғал, үңірейген иен таудың арасында әлденеге елегізіп ұйықтай алмаған. Көзі ілініп бара жатып, әлсін-әлі шошып ояна берген. Ол көбінше артымнан қуғыншы келеді деп емес, ұйықтап жатқан жерімде жыртқыш аңдардың бірі бассала ма деп қауіптенді.
Оның бұл сақтығы тегін емес-ті. Кешегі түні мүлде ауыр айқаспен өтті. Түс кезінде бұған бір көкжал қасқыр кезігіп, соңынан қалмай қойды. Біресе алдына, біресе артына шығып торуылдады да жүрді. Қарт бірнеше рет таяғын сермеп, айқайлап, тап-тап беріп көріп еді, онысынан көкжал сескене қоймады, турадан-тура шабуыл жасауға бата алмай, аңысын аңдып, қапыда бассалар сәтті күтіп жүрген сыңайы бар.
«Бір абұйыры, жалғыз екен, – деді шал іштей бір есеппен. – Бұған тағы біреуі қосылып, екі жақтамаса болғаны. Біреуіне алдыра қоймаспын» деп кісесінен үлкен қара кездігін алып, қолына оңтайлап ұстап жүрді.
«Бұл сұмырай менің түнде жатар жерімді аңдып келеді-ау, – деді қарт тағы да, – көзім ілінсе-ақ жарып тастайды. Сондықтан айдалаға қона кетпей, бір мықты бекініс тауып, сонда түнегенім жөн шығар... Апырай, – деді қарт бармағын шайнап, – осындайда мылтығым болар ма еді! Мылтығым барда менен күншілік жерден қашатын еді-ау, бұл иттер! Құр қол жүргенімді сезіп, басынуын қарашы».
Күн батып, қас қарайып барады. Сай-сала үңірейіп, жұтып қоятындай төніп тұр. Артына қарап еді, көкжал тіпті жақындап қалған екен. Қарт сасқалақтап, манадан мөлшерлеп келе жатқан оң жағындағы жалама тасқа қарай өрмеледі. Үстіңгі жағы асқақтап біткен құз жартас. Өрмелеп барып соның бір қуысына паналады. Өзі шыққан жалғыз өзектен басқа аяқ ілінер жер жоқ. Енді сол бір ғана өзекті аңдып отырса болғаны.
ІІІал маңайда жатқан бірнеше үлкен тасты қасына әкеп алды. Сонан соң «келсең кел» дегендей тәуекелмен тас түйіліп, қас дұшпанын күтті де отырды.
Қарсыдағы шоқпар тастың үстіне келіп, көкжал да шөкесінен жатып алды. Ымырт қараңғылығында, өзіне таяқ-тастам жерде қып-қызыл боп жанып тұрған екі ноқатты шал анық көрді.
Осы бетінде қанша отырғаны белгісіз, бір заматта қалғып кетіпті. Үш күндік суыт жүріс оны әбден қалжыратқан-ды. Әйтеуір, бір кезде дәл аяқ жағынан шыққан тысырдан шошып оянды. Жалма-жан көзін ашып алып, төменге қарап еді, жаңағы екі от едәуір жақындап қапты. Әккі көкжал дыбысын білдірмей, жербауырлап, жылжып келе жатыр екен.
Ол жан дәрмен орнынан атып тұрды да, қасында жатқан келідей тасты төмен қарай домалатып жіберді. Сол-ақ екен, «қаңқ» еткен бір дыбыс шықты да, салдыр-гүлдір домалаған таспен бірге құзға құлдырап жоқ болды.
Қарт қуаныштан жылап жіберді. «Я, жасаған, – деп тіледі ол, көктегі айға қалтыраған қолын жайып тұрып, – маған енді үш күндік ғұмырыңды қия көр! Онан арғысын сұрамаймын да... Арғанатының аңғарына жеткесін, аманат жаныңды ала бер!»
«Мүмкін, құдай сол тілегімді қабыл көрген болар, – деп ойлады ол бүгін жолда келе жатып, – өйткені, бұл – менің ең ақырғы тілегім ғой...»
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Қасқырдың символынан полицейлердің репрессиялық саясатты ашады;
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
9-жұп.
Міне, ол қазір де тұла бойының қан қақсап ауырғанына қарамай, ілгері аяңдап келеді. Біраз жүргесін, денесі қайта қызып, сырқырап ауырғаны басылайын деді. Биік жотаның батыс жағын қабақтап әлдеқашан шөп басып кеткен көне бір жолдың тағанымен сайға қарай түсіп келеді. Енді аз жүрсе, алдында үлкен өзен бар. Өкіріп-бақырып Тентек-Халдай ағып жатыр. Сол өзеннен өтіп, Күргейтастың ту сыртына шықса болғаны, айтулы кезең иек астында тиіп тұр.
Өзенге түсе берістегі алаңқайда демалып отырып, ол анадай жерде жатқан адамның қу басын көрді. Жүрегі дір етіп тіксініп қалды. Сәлден соң өзін-өзі тоқтатып, бастың қасына барды. Сол маңда ақ сеңке болып, әр жерде шашылып жатқан басқа да сүйектерді көзі шалды. Қарт тұрған бойы бірдеңені күбірледі де: «Аллауакбар!» деп бетін сипады.. Айдалада көмусіз қалғаннан өткен қасірет бар ма екен дүниеде?»
Қарт көзіне келіп қалған жасты сұқ саусағымен ыршытып жіберді. Жол-жөнекей әр жерде кезігіп қалатын тастан жия салған молаларды, ит-құс ашып тастаған адам сүйектерін ол бұрын да көріп келе жатқан. Мына жолы қамығып, біртүрлі мойып қалды өзі. Жазатайым бірдемеге ұшыраса, өзінің де тап осы халге түсетінін ойлап, шошиын деді. «Я, құдай, егер бар болатын болсаң, сүйегімді жат өлкеде қалдырма, ең соңғы тілегім ғой, маған енді екі-ақ күндік ғұмыр бер!» деп жалбарынды тағы да.
«Бұл қанды асу кімдердің басын жұтпаған? – деді өзенге қарай түсіп келе жатып. – Аштықтан бұрлығып, боранда қалып, талай боздақ жан тапсырды ғой.
Күн бата, қарт өзеннің бойына түсті. Қаталап, тілі аузына сыймай келіп еді, саптаяғымен су іліп алып, сіміре жұтты. Торсығын да толтырып алды. Сонан соң аяғындағы шоқайын шешіп, балағын тізесіне дейін түрді де, кешіп өтпек болды.
Өзен ағысы қатты екен. Әлде тау басына жаңбыр жауды ма, түсі бұзылып, тастан-тасқа соғып, жыртқыш аңдай өкіріп, долдана ағып жатыр. Өзеннің ортасына келгенде, қарт тәлтіректеп сенделіп кетті. Тізесі бүгіліп жығылуға айналды. «Өлген жерім осы болар» деп зәресі қалмады. Жан ұшырып, қолындағы киім-кешегі мен қоржынын арғы жағаға лақтырып жіберді де, үлкен қой тастың бірін құшақтай алды.
«Құдай бұл жолы да көмектесті, – деді ол өзеннен өтіп алғасын. – Бұл, сірә, менің жолымдағы ең соңғы қатер болар».
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Өзен символынан Қытайдағы өзге ұлттарға саясатын ашады;
Сүйектер символынан қандастарының тағдырын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
10-жұп.
Күн батып кетті. Таулы өлкеде күн, әсілі, ерте батады. Тек Етікші шыңының ұшар басында ғана соңғы шапақ бөріктей болып киіліп тұр. Сай-салада көлеңке қоюланып, тағы бір тынышсыз түн қанатын жайып келе жатты.
«Не де болса, әлгі сызығының бойына жақындап барып жатайын» деген оймен қарт киініп алып, тағы аяңдады. Аңдардың суатқа түсетін жалғыз аяқ қабырға жолымен кенерелеп, Күргейтастың желкесіне шықты. Кезеңнің астындағы иек артпада бір топ арқар жайылып жүр екен. Өкпе тұсынан шыға келген жалғыз жаяуға «бұл екі аяқты пәле қайдан пайда болды» дегендей одырайыса қарап тұрды да, орғып, үрке қашып барып, сонау бір қойнауға байырқалады. Қуғын көріп, зәтте болмағаны байқалып-ақ тұр.
«Е, шалым, сенен аң екеш аң да сескенуді қойған екен, – деді қарт өзін-өзі кекеткендей мырс етіп. – Құралайды көзге атқан мерген екеніңді қайдан білсін?! Қайран көзім, қапы жібермеуші едің-ау, қайтейін». Сөйтіп ол бейқам жайылып жатқан арқарға амалы құрыған аңшының өкінішті көзімен құмарта қарап тұрды.
Сонан соң ол тағы біраз жүріп барып, қалың ұшқат пен мойын өскен қойнауға жетті де, осы арада әбден ымырт үйіріліп, қараңғы түскенше жата тұруды ұйғарды. Қоржынын басына жастап, үй орнындай ұшқаттың түбіне қисая кетті. «Ойпырым-ау, шынымен-ақ жақын қалды, ә? – деді ол, өзінің осыншалық жер түбіне қалай жеткеніне қайран боп. – Жол, жүрсең ғана қысқарады.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Шапақ символынан арманына жақындағанын ашады;
Арқар символынан аңшы мүлкінің де бұйырмағанын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
11-жұп.
Кезеңге шыға келгенде, өкпе тұсында тұрған ала балағанды анық көрді ол. Дәл сызықтың үстіне келдім-ау деген кезде, өз еркінен тыс бір минуттай тұрып қалды. Бейне жалғыз қылдың үстінде тұрғандай, көзі қарауытып, құлағы шыңылдап кетті... Жан дәрмен есін жинап алып, сайға қарай бүкеңдей жөнелді.
Ол сызықтан өте салысымен бүкеңдеп жүгіріп отырып, екі-үш шақырымдай ұзап кетті. Тобылғылы құр сайға жеткенде, «уһ» деп демін бір-ақ алды. Тұла бойын тер басып кеткен екен, дереу омырауын ағытып, терістіктен аңқылдай соққан самалға тосты. Әлдекімге мұңын шаққандай, еңкілдеп жылап жіберді. Сақалынан пара-пара жас ақты. Жер-ананы құшақтап сүйе берді. Біресе жылап, біресе күледі. «Айналайын, туған жер, сені де көретін күн болады екен-ау» деп тұншыға күбірлейді. Қалтыраған қолымен көңірсіген дымқыл топырақтың бір уысын алып, бетіне басады, танауына апарып қайта-қайта иіскей береді...
Ентігін басып, тынығып алған соң, тағы да ілгері жылжыды. Темірқазықты бетке алып, суыт жүріп келеді. Қанша жүргені белгісіз, әйтеуір бірнеше қырқаны асып түсті.
Жер бедері бірте-бірте жылы ұшырап, таныс мекендер көзіне оттай басылды. Қарсы алдынан жанға жайлы алтын күрек самал жел есіп қоя берді. Бұл көптен сезінбеген жұпардай жағымды бір иіс келіп, танауын жарып жібергендей болды.
Етекке таман жақындап, Саршоқының мойнағына шыға келгенде, табанының астында жапырлап жанған отты көрді. Өкпе тұсынан жылқы кісінеді. «Жеттім-ау ақыры, – деді ол көкірегі қарс айрылып, – мынау дәуде болса, «Көкөзек» колхозының орталығы болар. Шамдары түнде де сөнбейді екен-ау бұлардың... Жұлдыздай самсап тұр».
Шығыс жақ құлан иектеніп, таң атуға айналды. Қарт тұла бойының қан қақсап ауырғанына қарамай, тістеніп, бар қайратын жинап, тағы да алға жылжыды.
Саршоқының түбіндегі Айнабұлаққа қарай бет түзеді. Дәл осы арада оның ата мекен – қыстауы бар. Сонда барып демін бір-ақ алуға бекіді.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Сызық символынан жаңа өмір бастауы мағынасын ашады;
Туған жер символдарын тауып, мағыналарын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
12-жұп.
Таң аппақ болып атты. Неткен сұлу, неткен ғажап таң еді бұл?! Сүт теңізіндей ақ сәуле тау басында бір сәт толқып тұрды да, лықсып төгіліп кетті. Торғын шымылдықтай таңғы мұнар лезде айығып, айнала ап-айқын көрінді. Қарттың көзі шарасына көкжиекпен астасқан шетсіз-шексіз кең дала еркін сыйып тұрды.
Анау көлбеп жатқан – қос Арғанаты. Мынау – Көкшілік, Нұра. Сол жағында кемер белбеудей созылып Қарғыба өзені ағып жатыр. Қарт қатар жарысқан қос өзенге қарап тұрып: «Қарғыба – Базарым, қалың ел – Назарым», – деді күбірлеп. Көкірегін қарс айыра, терең дем алды.
Жалғыз аяқ жол арқандай шұбатылып келіп, Айнабұлаққа құлады. Етекке түсіп, жарқыраған тас бастауды көргенде, қарттың жүрегі сыздап қоя берді. Қырық жыл бойы күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын Айнабұлақ қой бұл. Анау төбедегі құлаған зираттың ішінде мұның ата-анасының сүйегі жатыр. Шыр етіп жерге түскенде, арқасы осы топыраққа тиген. Кіндік қаны осында тамған. Осы арада жалаң аяқ шаң бұрқатып шапқылаған. Тұңғыш рет тайға мінген. Ат жаратып, көкпар тартқан. Құрбы қыз-келіншектермен ақ сүйек ойнап, талай таңды ұйқысыз атырған. Осының бәрі оның санасынан жарқ-жұрқ етіп өте шықты.
Осынау өлкеге келіп тұрғаным шын ба, өтірік пе дегендей айна-тасына тағы бір рет көз жіберді де, бастаудың басына келді. Қоржынын жерге қойып, қайың безінен шауып жасаған саптаяғымен толтырып іліп алды да, тістен өте шығатын тастай суық суды дем алмастан бір-ақ сімірді. Шіркін, бұл Айнабұлақтың суындай дүниеде су бар ма екен?! Таңдайына уыз татыған бір тұщы дәм келгендей болды.
Сонан кейін таяғына сүйеніп орнынан тұрды да, сүйретіле басып ескі қыстауға кірді. Үйлердің құлаған орны ғана тұр. Шөп басып, жермен-жексен болған. Ол бала кезінде өзі жататын бөлменің орнын көңіл көзімен әрең іздеп тапты.
Қарт шекпенін асықпай шешіп, бір бұрышқа қойды. Онан соң көйлегінің түймесін ағытып, жалаңаш етіне асып қойған бойтұмарын алды. Барқыттан тігілген кәдімгі үш бұрыш тұмар. Қарт тұмарды ерніне жақындатып, тәубе етті. Сонан кейін қалтасынан бәкісін алып, тұмарды сөкті де, төңкеріп сілікті. Тұмардың ішінен термен байланып қалған бір уыс қиыршық топырақ түсті жерге. Бұл – осыдан қырық жыл бұрын, жат өлкеге аттанарда, туған жерден түйіп алған топырақ еді.
...Жаны мен тәні қалаған бір ғана тілек бар. Ол – тек жату, демалу.
Мамық төсегендей туған топырақ жамбасына біртүрлі жайлы тиді. Қарттың ақыл-ойы балға қонған шыбындай біраз малтығып жатты да, ұйықтап кетті.
....Қарт шошына басын көтеріп алды. Басында өзінің қайда жатқанын білмей аңырып қалды да, біраздан соң есін жинады. Таңғы салқында денесі ызғар тартып, тоңазып қалыпты. Әйтсе де, бойының сергіп, жеңілденгенін сезінді. Кенет жаңа көрген түсі есіне түсіп кетті де: «О, туған жер! О, қасиетті атамекен! Торқадай топырағыңды қия гөр адасқан ұлыңа... Ел шетіне бір жеткізсең, екі дүниеде арманым жоқ деген сертім бар еді. О, Алла, аманат жаныңды бүгін алсаң да разымын!» – деді тәңірге жалбарынып.
Дескриптор:
«Неге» деген сұрақтар қоя отырып, себеп-салдарын талдайды.
Туған жер мағынасын жеткізетін символдарды көрсетеді;
Символдардың мағыналарын ашады.
Үзіндідегі троптарды көрсетеді.
Троптардың астарлы мағынасын ашады.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Посетители, находящиеся в группе Читатель, не могут оставлять комментарии к данной публикации.