Қазақ халқының тұрмыстық заттарымен танысу. Көркем еңбек (ұлдар), 8 сынып, дидактикалық материал.


Тұрмыстық және шаруашылық заттардың түсіндірме сөздігі

1. Киіз үй түрлері мен қолданылу ерекшеліктері

Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтан отыратын үй.мұның да бірнеше түрі бар.

Алтын Орда – 30 қанаттан (керегеден) тұратын ханның мәжіліс ордасы.

Алтын үзік – 24 қанаттан тұратын аса лауазымды хан отбасы тұратын үй.

Ақ шаңқан – 18 қанат ақ орда, 12 қанат – ел басылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.

Ақ ала орда – 8 қанатты дәулетті бай үй.

Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдар үйі.

Боз үй, қоңыр үй – 4-5 қанатты орташалар тұратын қарапайым киіз үй.

Қараша үй – кедей үйі.

Отау – жас жұбайлар үйі.

Жолым үй, абылайша, жаппа – уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлер.

Күрке, қос – ауылда ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлер үйлері.

 

2. Киіз үйдің құрамды бөліктері

Үй құрамы – үй сүйектері, киіздері және арқан баулары.

Үй сүйектері – үйдің ағаштан тұратын бөлшектері.

Киіздері – киізден тұратын бөлшектері.

Арқан-баулары немесе бау-шулары – құр, арқан, бау, жіптен тұратын бөліктері.

Шаңырақ – үйдің бас бөлігі. Ол бірнеше атаудан тұрады:

тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері,

күлдіреуіш – түндікті көтеріп тұратын, ағаштан иіп жасалған бөлшек,

кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш,

қаламдық – уықтың қаламы (басы) кіріп тұратын шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.

Уық – шаңырақ пен кереге ортасын қосатын иінді ағаш.

Қаламы – уықтың шаңырақ қаламдығына сұғылатын ұшы.

Қары – уықтың иініне дейінгі бойы.

Иіні – уықтың иілген (бүгілген) тұсы.

Алақаны – уықтың кереге басына бекітілетін басы.

Уық бау – уықты керегеге байлайтын жіп.

Кереге – үй іргесі мен шеңберін құрайтын негізгі бөлік.

Қанат – жиналған кереге.

Желі – керегені құрайтын ағаштар.

Ерісі – ағаштардың кереге құрайтын ұзыны.

Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.

Ыру – уық пен керегеге салынған оюлы сызықтар.

Көз – керегенің тор көздері (тор көз, жел көз).

Азат көз – керегенің көктелмеген жерлері.

Сықырлауық – киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі.

Киіз есік – сықырлауықтың сыртынан жабылатын есік.

Маңдайша – екі босағаны жоғарғы жағынан ұстап тұратын берік ағаш.

Табалдырық – екі босағаны төменгі жағынан ұстап тұратын ағаш.

Босаға – маңдайша мен табалдырықты қосатын және кереге бекітілетін ағаш.

Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп тұратын айналмалы ағаш тиек.

Туырлық – ордада кереге бойын, шағын үйлерде шаңыраққа дейін жабатын киіз.

Үзік – ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабатын туырлық бөлігі.

Дөдеге (үзікті үй) – үй сыртында кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған әшекейлі киіз.

Түндік – шаңырақ үстінен жабылатын төртбұрышты киіз.

Түндік бау – түндікті белдеуге байлайтын бау.

Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымын жасайтын өсімдік.

Ақ ши – кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартылатын тоқыма ши.

Шым ши – ою-өрнекті, жүн оралған, туырлық ішінен тартылатын ши.

Таңғыш құр – үй тіккенде керегелерді бір-біріне қосып байлайтын терме бау.

Басқұр – кереге басы туырлықты тесіп кетпеу үшін үй айнала жүргізілетін (тартылатын) жалпақ оюлы құр.

Желбау – сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні үй шайқалмас үшін оған салмақ байланады.

Балақбау – көшкенде уықтарды қосып байлайтын баулар.

Аяқбау – уыққа сәндік үшін байлайтын түрлі жіптер шоғы.

Есікбау – киіз есіктің бауы.

Тастама – киіз есігін жоғарыдан шаңырақ арқылы маңдайшаға байлайтын бау.

Керегенің басы – керегенің жоғарғы жағы.

Керегенің аяғы – керегенің жерге тірелген жағы.

Кереге қап – сырлы кереге қажалмас үшін, әрі көгіне су тимес үшін қапталған киіз.

Жел арқан – дауылды күндері үйді бастыра тартатын арқан.

Күйеу қазық – үй сыртында жел арқан байланатын қазық.

Бақан – шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын, бір жақ басы аша ұзын ағаш.

Жабық – туырлықтардың бір-біріне айқаса жабылатын тұсы.

Белдеу – жел тұрғанда туырлық көтеріліп кетпес үшін үй сыртынан екі жерден тартылатын арқан.

Бас арқан – үйдің барлық салмағын ұстап тұратын, кереге басын орай маңдайшаға бекітілетін берік арқан.

 

3. Үй жасаулары

Үй жиһаздары – үй ішіндегі дүние-мүліктердің жалпы атауы.

Адалбақан – киім ілуге арналған ашалы, ою-өрнекті ағаш.

Асадал – ыдыс-аяқ қоятын жәшік.

Әбдіре –зат, киім, бұйым салып қоятын үлкен сандықтың қарапайым түрі.

Сандық – зат салатын оюлы, сырты темірмен қапталған үй мүлкі.

Сандыққап – көшкенде қажалмас үшін киізден жасалған жұмсақ қаптама.

Жағлан – сыртын былғарымен қаптаған сандық түрі.

Жәшік – қақпақпен жабылатын төрт аяқты мүлік.

Қобдиша – сандықтың кішкене түрі.

Жүкаяқ – сандық астына тұратын оюлы төрт аяқты ағаш.

Кебеже – өрнектеліп жасалған жәшіктің бір түрі.

Төсекағаш – кереует.

Шабадан – ішіне көрпе, жастық, киім, бұйым салатын қалың матадан, киізден оюлап жасалған мүлік.

Кілем – жүннен тоқылатын бұйым.

Тұскиіз – тоқылған, жүннен басылған немесе матадан кестеленген керегеге ілетін кілемше.

Текемет – түрлі түсті, ою-өрнекті түр салып, киізден басылатын төсеніш.

Алаша – өрмекпен тоқылып, қосылатын кілемше.

Шымылдық – ерлі-зайыптылардың жатарда тұсына ұстайтын, ақ матадан тігілген перде.

Көрпе – ішіне жүн, мақта салып, матадан тігілген жамылғы.

Төсек көрпе – адамдар астына төсейтін көрпе.

Көрпеше – бір адам отыратын шағын көрпе.

Сырмақ – киізден сырып жасалатын тұскиіз немесе төсеніш.

Талдырма – жұмсақ төсеніш киіз.

От киіз – от басына, ошақ қасына төселетін кесек киіз.

Тулақ – босаға жаққа төселетін мал терісі.

Шыпта – ас тұратын жерді қалқалап қоятын ши.

Мамық – құс жүнінен жасалған жатын төсеніш.

Жастық – басқа жастайтын құс жүнінен жасалған мүлік.

Жастық ағаш – жастық астына қоятын ағаш мүлік.

Бөстек – қозы, тоқты терісінен жасалған төсеніш.

Кірсалғыш – жеңіл бұйымдарды салып, кереге басына ілетін, матадан әшекейлеп жасаған бұйым.

Боқша – кітап немесе зат салатын, киізден немесе қалың матадан жасалған дорба.

Жүк – сандық үстіне жиналған төсек-орын.

Жүкжапқыш – жүк үстіне жабатын кестелі жапқыш.

Шатыр – жауыннан, ыстықта күн көзінен қорғанатын жиналмалы баспана.

Бесік – баланы бөлейтін қастерлі мүлік. Оның жастық, мамық, жаялық, тартпа, түбек, шүмек, бесік жапқыш т.б. бөліктері мен бұйымдары болады.

 

4. Күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар

Құрал-саймандар – шаруашылықта қолданылатын еңбек құралдары.

Айыр – шөп үюге, жинауға арналған 3-4 тісті ағаш сапты темір.

Күрек – темірден жасалған ағаш сапты күреу аспабы.

Тоқпақ – қазық қағатын ағаш құрал.

Керме – ат байлайтын керме арқан.

Кетпен – жер қазатын құрал.

Орақ – егін оратын құрал.

Белорақ – шөп, қамыс шабатын құрал.

Арба – жазда көлікке жегетін 2-4 дөңгелекті тасымал құрал.

Шана – қыста көлікке жегетін тасымал құралы.

Күймелі арба, күймелі шана – адам отыратын жабық арба немесе шана.

Ат шана – жеңіл және әдемілеп жасалған шана.

Мала – шөп, қамыс таситын шананың бір түрі.

Қорап – шыбықтан тоқылған шанаға салып зат т.б. таситын құрал.

Мосы – шәйнек іліп отқа қоятын үш аяқты мүлік.

Темірошақ – қазан асатын үш аяқты темір мүлік.

Жерошақ – жерден қазылып, қазан асатын орын.

Диірмен – ұн тартатын тас құрал.

Еркек тас – диірменнің астыңғы беті.

Ұрғашы тас – диірменнің үстіңгі беті.

Шүлдік – еркек тас ортасындағы кіндік темір.

Бақалақ – ұрғашы тастың кіндік кіретін ағаш қалағы.

Иінағаш – иыққа салып су таситын мүлік.

Көсеу – от көсейтін темір.

Шімшуір – шоқ ұстайтын темір құрал.

Тұтқыш – қол күймес үшін қазан құлағын ұстайтын киіз қалта.

Қоржын – жолаушының ат артына бөктеретін керек-жарағын салатын қос қалталы бұйым.

Қанар – жүн салатын үлкен қап.

Сүймен – мұз оятын құрал.

Қалжуыр – үш қармақты темір.

Шот – ағаш шабатын үй құралы.

Шотаяқ – шөп суыратын құрал.

Жады – малға құрақ, сабан, жүгері турап беретін құрал.

Келі – тары түйетін құрал.

Келсап – келі ішіндегі тарыны түйетін құрал.

Сақар – қурайды өртеп алатын тұнба.

Сабын (кір сабын) – сақарға мал майын араластырып, қайнатып жасайтын кір кетіргіш қосынды.

Бұзаушық – кішкене сабын

Алқынды – сабынның әбден жұқарған қалдығы.

Ау – балық аулайтын құрал.

Қаза – қамыстан тоқып, балық аулайтын құрал.

Сүзекі – қазадағы балықты сүзіп алатын торкөз.

Қармақ – балық аулайтын құрал.

Жұтпа – балықты тірі шаншып, шортан аулайтын қармақ.

Қайық – өзеннен өтуге арналған ағаш құрал.

Қақпан – аң аулайтын темір құрал.

Тұзақ – сымнан немесе қылдан жасайтын аңшы құралы.

Балта, тістеуік – тұрмыс құралдары.

Инелік – ау тоқитын ағаш құрал.

Кісен – ұры алмас үшін ат аяғына салынатын құлыптың бір түрі.

Шошала – құрал-жабдық қоятын үйшік.

Насыбай тостаған – насыбай үгітетін ыдыс.

Үккіш – насыбайды үгітетін шоқпар.

Жайнамаз – намаз оқитын жайма, төсеніш.

Тәспиқ (тәшбиық) – намаздан кейін мінажат ететін моншақтар тізбегі.

Оқтау – қамыр ысатын жұмыр ағаш.

Нантақтай – қамырды илейтін және оны оқтаумен ысатын жалпақ тақтай.

Диірмен тері – диірмен астына төсейтін төсеніш.

Елеуіш – ұн елеуге арналған дөңгелек жиекті, тор көзді ыдыс.

Қайрақ – пышақ, балта қайрайтын тас.

Түбіттарақ – түбіт түтетін темір тісті ағаш құрал.

Қап, қапшық – бұйым салуға арналған жүннен, қалың матадан жасалған бұйым.

Қырғыш – ыдыс түбіндегі қаспақтарды қыратын темір.

Сүйретпе – екі басын ат арқасына салып, зат сүйрететін ағаш құрал.

Орындық – адам отыратын отырғыш.

Орындық – саба, мес астына қоятын төрт аяқты мүлік.

Оттық – от шығаратын күкіртті зат.

Шақпақ тас – бір-біріне шағып от шығаратын тас.

Жаңғырық – ағаш шапқанда астына қоятын дөңбек.

Істік – піскен етті қазаннан түйреп алатын, қатты ағаштан, аршадан, тобылғыдан жасалған сүйрік.

Күрсі – кітап оқығанда астына қоятын орындық.

Сүлгі – жуынғанда сүртінетін түкті орамал.

Орамал – қолды, жуған ыдыстарды сүртетін мата.

Майлық – майлы, кір заттарды сүртетін шүберек.

Алмас – шыны кесетін құрал.

Пышақ – тамақ, зат кесетін аспап.

Лөкет – мал соятын үлкен пышақ.

Бәкі – қалтаға салып жүретін мүлік.

Қын – пышақ салып жүретін мүлік.

Ұстара – сақал-мұрт, шаш алатын өткір құрал.

Сыпырғыш – ірі құс қанатынан немесе шілік, жусаннан буып жасалған үй сыпыратын мүлік.

Пайдаланған ресурстар: http://bilim-all.kz/article/2343-Turmystyq-zhane-sharuashylyq-zattardyn-tusindirme-sozdigi



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу