Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 8-сабақ (8 сынып, III тоқсан )

 Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 8-сабақ (8 сынып, III тоқсан )

Пән: Қазақ әдебиеті
Бөлім атауы: Махаббат және абырой
Сабақтың тақырыбы: Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романы 8-сабақ
Осы сабақ арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары: А/И4. Шығармадан алған үзінділерді қайта өңдеп, креативті жазу
Сабақ мақсаты: Шығармадан алған үзінділерді қайта өңдеп, креативті жазады.
Сабақ барысы:
1-сабақ
Қызығушылықты ояту
Оқы, жұпта талда.
Фанфик (Фанфикшн, Фанаттың әңгімесі) — шығармашылық жанрдың бір түрі, оқыған шығарма немесе көрген кино желісі бойынша әсерін өзіндік тұрғысына дамытып жазу. Фанфик оқырманның оқып отырған сәттегі алған әсерін сипаттайды.Бұл шығармашылық жұмыс түрі 70-жылдардың бас кезінде, фанаттардың шығаратын әуесқой журналында жазыла бастады. Оның кеңінен таралуы-ғаламтор желісінде автор бірден мәтінін сайтта жариялайды, сөйтіп бірден оқырманын табады.
Оқушылар алынған ақпаратты бір-бірімен талқылайды, сабаққа қатысын талдау үшін мұғалім төмендегі сұрақты қояды:
• Фанфик бағыты шығармашылық жұмыс болуы мүмкін бе?
• Әдебиет сабағымен қалай байланыстыруға болады?
• Біз 8-сыныптың жеке әуесқой журналын шығара аламыз ба?
Фанфик бағыттары:
1. Шығармадан тыс қалған көрініс.
Осы шығармада тағы қандай оқиға болуы мүмкін ?
2. Жалғасы.
Шығарма кейіпкерлерінің тағдыры әрі қарай қалай болуы мүмкін?
3. Фокусты ауыстыру.
Шығармадағы қосалқы кейіпкер туралы жазу. Бұл кейіпкердің шығармадағы орны қандай? Ол бұл шығармада болмағанда оқиға желісі қалай болар еді?
4. Моральдық қайта бағдарлау.
Жағымды кейіпкерді жағымсыз кейіпкер ретінде таныту немесе керісінше.
5. Жанрлық трансформация.
Шығарманың бір сюжетін газеттік мақала, пьеса түрінде ұсыну; комедиялық сюжетті трагедиялық сюжетке айналдыру, немесе керісінше.
6.Кроссовер.
Әртүрлі шығарма кейіпкерлерінің диалогын жазу.
Мағынаны тану кезеңі
1-топ тапсырмасы
Ары қарай қандай оқиға болуы мүмкін? Жалғастырып жаз.
Ал үлкен әпкем Үбішті мен еміс-еміс қана білемін. Әкемнің айтуынша, ол ерте хат танып, кітап оқыпты. Жазу да қолынан келеді екен. Біздің аймақта алғашқы қара танып, хат жазуға қолы жеткен қыз — сол әпкемнің жалғыз өзі көрінеді. Әпкемді Байтана руынан Рысқұлбек Омаров дегенге бесік керті етіп атастырған екен. Ол сауатсыз, салауаты аздау боп өсіпті. Қыз бой түзеп ел көзіне көріне бастағанда, жұрт ішінен «қайран ақтотыдай сайрап тұрған қыз, аузын ашпас білімсізге қор бола ма» деген сыбыстар көбейген екен. Әкем бата бұзбаймын, серттен кетпеймін, бұйрықтан аса алмаймын, арыма таңба түсірмеймін деп 1912-13 жылдары әпкемді ұзатқан екен. Неден екені белгісіз, әйтеуір он кем ұзатылып барған соң, бір жылға жетпей дүние салды.
2-топ тапсырмасы
Ары қарай қандай оқиға болуы мүмкін? Момыш тағдыры қалай өзгеруі мүмкін? Оқиғаны жалғастырып жаз.
Әлбетте, ағайын арасы аз күн араз-құразсыз болғанмен, мансап, дәреже, атаққа таласу, айқай-шу, дырду тоқталмаған. Аз күн жарық дүниеде атақ үшін, билік үшін алысып, жұлысып ғұмырын өткізген қу заман екі жақты итжығыспен, алма-кезек арандатып қойған. Дүниеден Текебай би де, Қабылбек болыс та өтті. Ал олардың аттандаулы аламан-тасыр өміріндегі бір парасатты сәт әлгі сол екеуі де аттан түсіп бір-бірінен кешірім сұраған кез екен.
Текебай бидің тоқтап қалған қағазын «жүргізіп» жібергеннен кейін, Момыш әкеме талай рет болыстың писары бол деп қолқа салса керек. Бірақ әкем көнбепті.
3-топ тапсырмасы
Бұл кейіпкердің шығармадағы орны қандай? Ол бұл шығармада болмағанда оқиға желісі қалай болар еді? Әңгімеге Төлебай қатысқан бір эпизод қос.
Әкемнің үлкен ағасы Төлебай атам ұзын бойлы, кең жауырынды, тәмпіш мұрын шал еді. Ағара бастаған шоқша сақалын тараштап тұйық отыратын. Қолынан ұзын таяғы түспейтін. Үйде байыздап отыру әдетінде жоқ еді. Базарға да шықпайтын. Малмен бірге өріп, өрістен малмен бірге қайтатын әдеті болатын. Отар соңынан қалып қойған қозы-лақты жинастырып жүргені. Ішім-жемі орталау, көп балалы кісі еді. Осылай баяу тірлікпен ілбіп жүріп сол атам бір күнде дүние салды. Ізінше үш-төрт жылдың ішінде балаларының көбі өліп, жалғыз ғана Құрманкүл атты қызы қалған болатын. Оның менен үш-төрт жас үлкендігі бар.
4-топ тапсырмасы
Үзіндіні оқы. Серкебай бейнесін іс-әрекеті арқылы жағымды кейіпкерге айналдыр.
Қонақтар көп жатпады. Ертеңіне жолға жинала бастады. Көкемді әкетуге арнайы келген екен. Көкем бұрынғыдай емес, тіптен жуасып қалыпты. Айналсоқтап әкеме жалтақ-жалтақ қарайды. Серкебай нағашым өзі атқа нығарланып отырып алған соң, баяғы әмірлі үніне көшті. Тіптен қатуланып алған. Көкемді қамшымен екі-үш салып қалды да ақырып жіберді.
— Жаман күшікше неменеге жалтақтап тұрсың? Ұзатылатын қыздай сызыла қалыпты ғой, қызталақ. Мен саған әлі көрсетермін. Ауылға барған соң екі аяғыңды бір етікке тықпасам ба. — Сөйтті де әжем жаққа алара көз тастап, тістене сөйледі. — Балаңның сүйегі ғана сенікі, әжеке! Қалғанын өзіме жіберіңіз бұл тентектің...
5-топ тапсырмасы
Үзіндіні оқы. Осы естелікті шытырман оқиғалы детективке айналдыр.
Онда мен бесте ме, әлде алты жаста шығармын. Әжеммен бірге жатушы ем. Әже құшағы қандай ыстық, қандай мейірбан десеңші. Көзім ұйқыға кеткенше, әжем айналып-толғанып арқамнан қағып жатқаны. Еркелеп жатып қалғып кеткеніңді өзің де аңғармай қаласың. Бір күні түн жарымында оянып кеттім. Орнымнан сездірмей тұрдым да, әжемнің төсегінен алыстай бердім. Ондағы ойым қораның екінші бетіндегі .жем жатқан үйге бару еді. Екі үйдің ортасында иін тіресіп, мойындарын көкке созған күйі маңғаз түйелер жатыр екен. Жүндері үлпілдеп түнгі самалға желпілдегендей сезілді. Түйелердің арасымен жүріп келе жатып мен мамық жүнді ақ ботаның қасына еріксіз тоқтадым. Осы жерде отырып жұлдызды аспанға телміріп ұзақ қарағаным есімде. Ай мені еркелете күлгендей сезілді. Ал қаз тізілген түйелердің өркеші тау жоталарындай көлбеңдеп көрінгендей еді. Түннің мамықтығы сонша, мен боталардың баяу демін айқын естіп тұрдым.
Мен әкеме келе жатқанымды ұмытып, осы жерде таңырқап тұра беріппін...
Ертеңіне үйдегілер мені екі ботаның ортасында ұйықтап жатқан жерімнен тауып алды. Әкем мейірлене күліп алды, ал әжем қатты ашуланды. Содан бастап әжем үйдің есігін бекітіп алатын болды...
6-топ тапсырмасы
Үбиан әпкесімен диалог құрастыр, ары қарай дамытып жаз.
...Міне Үбиан әпкем үлкен үйден шықты да, қазан басына бет алды. Мен оны көре сала борсаңдап, сүріне-қабына еркелей жүгірем. Әпкем аяғымды жерге тигізбей қағып алып, аспанға көтереді. Мен сықылықтай берем. Әпкем биікке мені бой создырып мәз болады. Сонан соң ол кенет ет бауыры елжіреп мені қамзолының омырауын ашып, қойнына жасырып алады да, жүгіре жөнеледі. Бауыр құшағы қаңдай ыстық еді, шіркін........


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру