Қаза, қарыз ораза: қалай өтейді, уақыты, дұғасы, шәууал айы, нәпіл ораза
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы қаза, қарыз оразасына қатысты жиі қойылатын сауалдарға жауап берді.
Қарыз, қаза оразаның уақыты және дұғасы
Медет Құрмашұлының айтуынша, өткен оразадан қарызы қалған адамдар қазасын Ораза айттан кейін, яғни 6 маусымнан бастап өтей берсе болады. Қаза оразаны бөліп те, арасын үзбей ұстауға да болады.
"Қаза оразаны өтеген кезде, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында тұрған намаз кестесін негізге алған жөн. Таң намазының уақытына дейін ас-суыңызды ішіп, "Рамазан айынан қалған қаза оразаны ұстауға ниет еттім" дейсіз. Ал кеште Шам намазының уақыты кірген сәтте қазақша дұға қылып, аузыңызды аша берсеңіз болады", - деп түсіндірді ҚМДБ маманы.
Қаза, қарыз оразаның ниеті:
"Ниет еттім Алла разылығы үшін осы жылғы Рамазан оразасынан қалған ... күндік қаза оразаларымның бірінші күнін өтемекке. ХалисалиЛләһи Тағалә".
Сәресіде айтылатын дұға:
نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرُ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى
Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».
Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Аллаһтың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».
Ауызашарда оқылатын дұға:
اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ شَهْرِرَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اَخَّرْتُ
Оқылуы:«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту».
Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
Қаза оразаны қай уақытқа дейін өтеген дұрыс?
"Қаза оразаны келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен жақсы. Ұзақ созып, жүріп алмай, тездетіп құтылған абзал", - дейді Медет Құрмашұлы.
Қаза Оразаны қай кезде ұстаймыз? | Дінмұхаммед Сманов
Қаза ораза мен нәпіл оразаны қатар ұстауға болмайды
Мұсылман жыл санауы бойынша Рамазан айынан кейін Шәууәл айы басталады.
"Осы айда алты күн ораза ұстау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) "кімде кім Рамазан айының оразасын ұстап, сосын алты күн Шәууәл айында ауыз бекітсе, ол бір жыл ораза ұстағанның сауабындай сауап алады" деп айтқан. Осыған қарап отырып, Шәууәл айында алты күн ораза ұстау нәпіл болып саналады. Нәпіл ораза ешкімге міндет емес, оны ұстау адамның өз еркінде. Ұстамаса, күнә болмайды", - түсіндірді діни басқарма маманы.
Қаза оразасы бар адам қайтыс болып кетсе, не болады?
Медет Құрмашұлының айтуынша, егер адам Рамазан айының оразасынан қалған қарызын өтеп үлгермей бақилық болса, онда марқұмның туысқандары қаза күндеріне фидия төлейді.
Егер марқұм өсиет етіп кетсе, онда туыстары фидияны артында қалған дүниесінен береді. Ал өсиет етпесе, қаза оразаға фидия төлеп-төлемеу – туған-туысқандарының ықтияры, бірақ бергені дұрыс саналады.
Тұтпақ болған оразаңыз қабыл болғай! Алла тағала ниетіңізге қарай сауаптан жазсын! Әмин!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: қаза, қарыз, ораза