Мұсабек Байзақұлы (Адам мен аюдың достығы)

 Мұсабек Байзақұлы (Адам мен аюдың достығы)

Дос болыпты бір аю бір адаммен,
Бірін -бірі көңілі ұнағаннан.
Екеуінің көрген жан татулығын,
«Қай жақта деп мұндай дос» қылады арман.
Аю күш-ақ досының аманына,
Келтірмейді басқа кеп хабарына.
Қадалғандай жанына болды аюдың,
Тікен кірсе адамның табанына.
Күні- түні адамды қорғаушы еді,
Суық самал бетіне қонбаушы еді.
Аю батыр бір күні ақырады,
Адам ұйқтап қасында жатыр еді.
Бір шыбын кеп бетіне қонды адамның,
Кетті жаман аюға батып енді.
Аю қатты қаһар қып ол шыбынға.
Бір қара тас қазандай келді алып,
Бастайын деп тұр енді дос шыбынға.
Таспенен кеп шыбынды салып кетті,
Адамға да кесірі дарып кетті.
Ол адамның шекесін күл-күл қылып,
Бас сүйегін миымен жарып кетті.
Шыбын кетті, мерт болып дос та кетті,
Надан достың достығы қасқа кетті.
Аю қаһар шыбынға қылып еді,
Арада досы бекер босқа кетті.
Надан достың достығы аюдай-ды,
Достық қылдым дегені қастық болып,
Басты жаншып кетуден тайынбайды.
Жаман парқы жақсыдан бөлек деген,
Тал барабар болмайды терекпенен.
Бұрынғы жақсылардың бір мақалы-
«Надан достан - дұшпаның зерек» деген.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру