Мәделі Жүсіпқожаұлы (Қыз бала)

 Мәделі Жүсіпқожаұлы (Қыз бала)

Қыз бала, бір жасыңда талпынарсың,
Шыққан соң екі жасқа, қаз тұрарсың.
Екі жастан үш жасқа шыққаннан соң,
Жүгіріп үйден-үйге шарқ ұрарсың.
Қыз болып төрт жасыңда тұлымшақты,
Байларсың тұлымыңа қызыл шоқты.
Төрт жастан бес жасыңа шыққаннан соң,
Ойнарсың қыздарменен қуыршақты.
Қолыңа алты жаста ұршық алдың,
Жібекке жеті жаста пұл шығардың.
Жетіден сегіз жасқа шыққаннан соң,
Шешеңнің, тойға бар деп, тынышын алдың.
Қыздармен тоғызыңда тойға бардың,
Қолыңа он жасыңда оймақ алдың,
Он жастан он бір жасқа шыққанан соң,
Қулықты қай-қайдағы ойлап алдың.
Тартасың он екіде орамалды,
Қулығың он бірдегі о да қалды.
Он екіден он үшке шыққанан соң,
Сыпырдың тұрымтайдай томағаңды.
Қыз болып он төртіңде топқа кірдің,
Қызықты он бесіңде жоқтап жүрдің.
Он бестен он алтыға шыққаннан соң,
Қырғидай қыран шәулі топтан ілдің.
Қарағым, он жетіге енді келдің,
Не қызық болып жатқан жерді көрдің.
Балауса он сегізде қыз болып ап,
Жүйріктей бәйгені алған белгілендің.
Қыз болып он тоғызда баяуларсың,
Той қылып ұзатуға таяуларсың,
Болып ап жиырмада бөбекті ана,
Тербетіп талдан бесік таянарсың.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру