Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Жұбату)

 Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (Жұбату)

Қара суды жағалай қаз барады,
Анасынан айырылып қыз барады.
Қара суға қан кұйсаң, ағар- кетер,
Жат кісіге қыз берсең, алар-кетер!
- Жылама, бикем, жылама,
Көзіңнің жасын бұлама!
Ұл боп тусаң әуелден
Сені мұндай қыла ма?!
Бүркендіріп қоя ма,
Көздің жасын бояма,
Біз бермейік десек те,
Мал бергенін қоя ма?!
Ол кеңеске кірмессің,
Тұр десек те, тұрмассың,
Өзіңе билік тиген соң ,
Жұртыңа тұлға болмассың!
Сен жылайсың: «Үйім!» - деп,
«Жиғаным- қызыл бұйым!» - деп.
Әкең сенің ойлайды:
«Отырғаны балам қиын!»-деп.
Сен ойлайсың: «Барсам!» - деп,
«Бір үйге тұлға болсам!» - деп.
«Өз алдыма мал салып,
Адамшылық құрсам!» - деп.
«Жас отауға кірсем!» - деп,
«Барша манат кисем!» - деп,
Тілеуің бекем алдыңда:
«Әлдилеп бала сүйсем!» - деп,
Сәрсенбі күні тойыңыз,
Құтты болсын тойыңыз,
Тілеулі құтты тойыңда
Көп жылауды қойыңыз!
Жыламай құлақ салыңыз,
Бұл сөзіме наныңыз!
Мен айтамын өсиет
Тыңдап, ұғып алыңыз!
Мұнан көшіп кетерсің,
Шын еліңе жетерсің!
Тең құрбың шықса алдыңнан,
Ойнап, ойлап өтерсің.
Тең кұрбың келіп сөйлесер,
Қалжыңдасып ойнасар,
Жақсы-жаман екеніңді
Ойнаған болып барласар!
Құрбың келсе, күлгейсің,
Әдеппенен жүргейсің!
Салмақпенен сөз сөйлеп,
Жақсы жауап бергейсің!
Бұл барғаннан барарсың.
Ата-енеңе барарсың!
Дүниесін құрметтеп,
Қабағына қарарсың!
Құлдай малын баққайсың,
Күндей жұмыс қылғайсың!
Ата-енеңе жаққайсың!
Ата-енең айтар: «Келінім!» - деп,
«Келінім жақсы елім!»-деп,
«Бөтен жақ жат жұртына
Жақсылығың білінер!» - деп.
Қораңа бөліп мал берер,
Алдыңа келіп дәм берер!
Арқан есіп, жүн түтіп,
Адамшылық құра бер!
Адам болсаң, өлмессің ,
Еш жамандық көрмессің!
Жақсы болсаң, білерсің!
Жаман болсаң, білмессің!
Күйеуіңді күткейсің,
Өз басын құрмет еткейсің!
Қанша көңілің қалса да,
Біріңе-бірің түтпейсің (тұтпайсың)!
Жыртық қылма киімін,
Шашпа жиған бұйымын!
Күйеуің келсе бір жақтан,
Оңай қылып тұр қиынын!
Біріңді-бірің құрметтеп
Қызықпенен күнелтсең!
Келістіріп дүниесін,
Ақ сұңқардай түлетсең!
Шариғаттың белгісін,
Білсең жақсы үлгісін!
Сөзге сынық қылдырмай,
Күтсең жақсы құрбысын!
Аз асыңды көп етсең,
Көп асыңды көл етсең,
Бар асыңды даяр қып,
Қонақты сыйлап жөнелтсең,
«Мұнша қызмет қылды!»-деп,
Күйеуің көңілі жай болар:
«Малым адал болды!» - деп.
Кұл жұмсасаң, қорлама,
Тіл алмаса, зорлама!
Тәтті, дәмді асыңды
Одан бөлек ұрлама!
Құл жұмсасаң, ұрмаңыз,
Оған қорлық қылмаңыз,
Жетім хақын ойлаңыз!
Бұл сөзіме наныңыз!
Өзің сараң болмаңыз,
Сараңдық атақ алмаңыз,
Қонақ қонса үйіңе,
Табағына шек-қарын салмаңыз!
Жаман қатын белгісі:
Әр неден жоқ үлгісі,
Қатты болар ұйқысы,
Шірік болар терісі.
Жаман қатынның белгісі:
Әр неден жоқ үлгісі,
Сасық болар үй-іші,
Одан жаман өз иісі,
Еш келмейді келісі!
Талқан түйіп, қиып берер,
Қарны тойсын деп берер,
От басылық боқтығын
Төр алдына ап келер!
Аяқ болар құмғаны,
Қолын малып жуғаны.
Үсті-басы боқ болар,
Қас құдайдың ұрғаны!
Шашы жүрер жалбаңдап,
Балағы жүрер салбаңдап.
Маңдайдан шашы бұрқырар,
Екі емшегі салақтап!
Ол - адамнан ұялмас,
Өзінің дүниелігін жия алмас!
Өзінің малын танымас,
Қатын болып дәнемеге жарамас!
Заманының азғаны,
Аттап байтал озғаны,
Некесізден хан тұрып ,
Қайран қазақ тозғаны!
Сарғайып атқан сары таң
Сәуле беріп көрінді.
Оқыра жүген бурыл ат
Тұсыңда сенің бүгілді.
Мінгенде атың боз ала,
Күйеуің жап-жас бозбала,
Пайғамбар қызын ұзатқан,
Солар бір салған жол ғана!
Қыстай бір тіктің сыңсыма,
Айтарым, жар-жар, сыңсыма!
Әжептәуір бала едің,
Обалың қырық бір жылқыға!
Бұрынғы заманда «сыңсыма» -
дейтін сарт қолы бір мата болушы еді,
ұрғашылар көйлек киюші еді.
Алдыңғы «сыңсыма» дегені - сол,
соңғысы - «жылама» дегені.
Күйеуің жүр күлімдеп,
Қолына тиіп жылқысы.
Ата-енеге жақпайды
Келіннің шайпау тілдісі .
Ұзатпай сені кайтеді,
Зылиқа, Зәуре-екі апаң
Апаңның салған үлгісі!
Мінгенде атың жиренше,
Тықыршып тұрмас мінгенше,
Шын ақылың кіргенше,
Ақтайлақ шығар інгенше!
Мінгенде атың боз ала,
Күйеуің жап-жас бозбала,
Тана бір моншақ тағарсың,
Тұңғышың болсын қыз бала!
Сәрсенбі күні той етер,
Дүрілдеп, желдеп қой кетер,
Сен кетсең, шешең жүдейді,
Келіні келіп күнелтер!
Әуеден ұшқан сонадай
Саялы жерге қонады.
Артыңда сіңілің жоқ болса,
Шешеңе қиын болады!
Мінгенде атың алады,
Теңселе басып барады .
Жыламай аттан, бикем-ай,
Апарып шешең салады!
Мінгенде атың алады,
Тең құрбың мұнда калады.
Жыламай аттан, бикем-ай,
Жаз бір, күз бір барады!
Мінгенде атың теңбіл көк,
Тең кұрбың қалды мұнда кеп.
Орамал берсең, барша бер,
Мақтайды сені мына көп.
Есіктің алды құмдақ-ты,
Құмдақтан қоян зымырапты.
Атасы басқа жау жеңге
Отауға салып тыңдапты.
Есіктің алды тастақ-ты,
Тастақтан қоян бас бақты.
Атасы басқа жау жеңге
Отауға салып тастапты.
Есіктің алды шашу ойын
Шешең бір шашар шашуын!
Қалыңға берген кырық жылқы
Кешке де алар ашуын!
Жайықтан ұшқан жалғыз қаз,
Еділден ұшқан екі қаз,
Біреуі шаңқап, бірі боз,
Сандығың толған сары бөз!
Әуеден ұшқан көбелек,
Күйеуің жаман сүмелек,
Келіншек болып түскен соң,
Күн көрсетпес төпелеп.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру