Мұрат Мөңкеұлы (Шәлгез)

 Мұрат Мөңкеұлы (Шәлгез)

«Ноғайлығының он шалы, біреуі Шәлгез жырау, қалмақтың көп жылқысын қуып қашады. Артынан көп қалмақ қуып жеткенде Шәлгез жырау тоғыз шалға жылқыны айдатып жіберіп, өзі қалмақты сөзбен тоқтады. Сөзінде жылқыны айдаған шалдардың әрқайсын бұрынғы замандағы атағы шыққан батырлар деп, қалмақты айдайды. Атақты батырлардың атын естіп, қалмақтар қорқып, жылқыны тастап, қайтып кетеді» деседі. Сондағы Шәлгез жыраудың айтқаны.

I
Жолдасымды айтайын,
Айтайында қайтайын.
Өңшең батыр арыстанды;
Құнан боз деген аты бар,
Алдына қара кетпеген,
Артынан адам жетпеген,
Көн садақты, күн бетті,
Жараған бура келбеті,
Жалғыз оғын атқанда
Мың кәпірді еңіретті
Оның бір несін сұрайсын,
Ол кісінің ішінде,
Қырымнан жалғыз аттанған
Қоянақ ұлы Қартқожақ бар.

II
Енді бірі кім десең?
Сырты қызыл күймелі,
Омырауы алтын түймелі,
Ту сыртынан қарасаң
Дөнен бұқа шүйделі.
Қарт бурадай қабақты,
Жарты қазан тамақты
Оның бір несін сұрайсың,
Ол кісінің ішінде-
Теңгеліктен аттанған
Бекімнің ұлы Шанай бар.

III
Енді бірін кім десең?-
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,
Асылы нұрдан жаралған.
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған.
Мың қызыл бас кез келсе,
Айдарынан ұстап байлаған.
Оның бір несін сұрайсын,
Ол кісіні ішінде-
Күркеден жалғыз аттанған
Нәріктің ұлы Шора бар.

IV
Енді бірін кім десең?-
Болатты найза өңгерген,
Алыстан жауды шендеген,
Күнінде жау көрсет деп,
Бір тәңірден тілеген.
Жорық жортып жүргенде,
Жаудың еті болмаса,
Өзге азықты жемеген.
Қарсы келген дұшпанды
Қару етер демеген.
Оның бір несін сұрайсын,
Ол кісінің ішінде-
Қобаннан жалғыз аттанған
Қараның ұлы Сидақ бар.


V
Енді бір кім десең?-
Жеті аршын жарым бойы бар,
Адамнан артық біткен сойы бар,
Артынан келген дұшпанға
Көрсететін тойы бар.
Жауырыны жазық,мойны ұзын,
Оқ тартқанда, қолы ұзын,
Маңдайының арасы
Екі қарыс,екі елі,
Дулығаға сыймас шекелі,
Оның бір несін сұрайсын,
Ол кісінің ішінде-
Текепперден жалғыз аттанған
Көкшенің ұлы Қосай бар.

VI
Енді бірін кім десең?-
Тебінгісін терге шіріткен,
Терлігін майдай еріткен;
Адырнасын атқа алған,
Атқан оғын тайға алған,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Дұшпаның саулы інгендей еңіреткен,
Құралай көрсе көзге атқан,
Құлнады көрсе белге атқан,
Оң келгенін оң атқан,
Сол келгенін сол атқан,
Солақай тартса құлатқан.
Құйқылжыған жирен ат мінген,
Құйрығын келтесінен шарт түйген,
Қорамсаққа кол салған,
Бір салғанда мол салған,
Суырып алған қу жебе
Сүбесінен жол салған.
Темір қазық жастанған,
Терлік тоқым төсенген,
Жауға қарап аттанса,
Жөнелте қолын бастаған.
Көк суйрік атты борбайлап,
Қамалды бұзған айқайлап,
Оның бір несін сұрайсың,
Ол кісінің ішінде -
Алғыдан жалғыз аттанған
Естерек ұлы Трағын бар

VII
Енді бірі кім десең?-
Қырқадан қырқа қараған,
Қырық шалғысын тараған,
Қалмақтан аққан қара қан,
Мың қызыл бас кез келсе,
Бір өзіне балаған.
Үсті бар қару қалталы,
Жалманы қарыс балталы,
Оның бір несін сұрайсың,
Ол кісінің ішінде-
Қияттан жалғыз аттанған
Айдынды Демес тағы бар.


VIII
Енді бірін кім десең?-
Кәпірге сілтеп жанынан
Алпыс екі алмас тоздырған,
Ақылын байтақ жұрттан оздырған
Қасындағы қосшының
Қра санын создырған.
Ерегісіп келгенде,
Ескі ауруды қоздырған.
Оның бір несін сұрайсын,
Ол кісінің ішінде-
Шағаннан жалғыз аттанған
Мұсаның ұлы Мамай бар.

IX
Атаңа нәлет жуан хан,
Сен бізді алғанша талай бар.
Жылқыңа тиген он қазақ,
Аз кісі деп мақтанба!
Жылқыңа жетіп келгенде,
Басыңа түсер тұман бар,
Мың кісіге жүз кісі,
Жүз кісіге он кісі,
Он кісіге бір кісі.
Мың жабыға бір тұлпар,
Мың үйрекке бір сұңқар,
Мың қарғаға бір кесек.
Қаптай жапсаң халқыңа
Халқыңа жетіп келгенде
Төсенерсін шөп төсек.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру