Бернияз Күлеев (Қапы қалдым)

 Бернияз Күлеев (Қапы қалдым)

Өткен соң қызық дәуір балалықтың,
Өмірге кірді өзгеріс саналып күн.
Ойласам бас қатады, жан ашиды.
Арасын балаық пен саналықтың.
Бар жанды жақын көріп айырмастан,
Жұмсақ сөз, жылы жүзге бауыр басқан.
Орнығып жарық сәуле таудай үміт,
Жас көңіл махаббатпен қойнын ашқан.
Жалғанның барлық жанды, жансыз затын,
Білмек боп құмар көңіл асығатын,
Көрінген, естілген суреттеліп,
Желімдей жас жүрекке жабысатын.
Өзге түр, ізгі көңіл терең сырлы,
Тез сезер қуанышты, қайғы - мұңды.
Көрініп қызғалдақтай тез солатын
Сол екен ең қымбат шақ өмір гүлі.
Сонда екен от жүректің ізгі шағы,
Сол екен өмірімнің байлау бағы.
Сонда екен бойда қуат, ойда байлық,
Үміттің алтын тағы, асыл тәжі.
Өзгеріп бастапқыдан жаным - тәнім,
Сол екен адамдыққа тұңғыш адым.
Тұрмыстың бал мен улы табағынан
Бағыма я сорыма татар дәмім.
Қайтейін сорға тағы жаңылыстым,
Қапыда жөні босқа жолға түстім.
Асығыс албырт көңіл ағат кетіп,
Тағдырдың бал орнына уын іштім.
Бұл ма еді мен іздеген бақ есігі,
Өмірімнің елестеген бұл ма ел түні,
Мас болып ерке көңілім тынбай қуған,
Құбылған ер жүректің қайда үні?
Бүйтерін кім біліпті бұл жалғанның,
Сендім де «ал» дегенін қабыл алдым,
Жолымнан жауыз тағдыр жаңылдырды,
Ой, дүние - ай, мезгілінен қапы қалдым.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру