Бағашар Тұрсынбайұлы (Жұмекен)

 Бағашар Тұрсынбайұлы (Жұмекен)

Өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ,
Өмір бар жүз драма бір бас сайын.
Жұмекен

Көктөбеге қараймын
Жаутаң-жаутаң жанарым.
Бұлт көшеді басынан
Бір ашпайды қабағын.

Сыр ашпайды маған да
Сұмдығы бар жасырған.
Ақиқатты айтардай
Бір қиямет ғасырдан.

Ыңырсиды тростар
Қыдыртуға еті өлген.
О да тағдыр секілді
Адам жүгін көтерген.

Қанша уақыт шыдайды,
Қай араға жетеді.
О да өмір секілді
Шорт үзіліп кетеді.

Махаббат пен ғадауат,
Сезім,өмір... түк емес...
Көз алдымнан көлденең
Көшіп өтті мың елес.

Жиіркенішті көбі оның,
Өмірде жоқ салмағы.
Өкінішті соның да...
Елес болып қалғаны.

Жәудірейді жанарым
Адасқан бір баладай.
Абыздығы ­­бабадай,
Аңыздығы даладай.

Көктөбеге қараймын,
Ғашықтардың мекені.
Сол төбеде сөз байлап,
Кейін бұзып кетеді.

Куә болған көп сертке,
Куә болған... Көктөбе.
Тағдырына сол қыздың
Жылап алған Көктөбе.

Көктөбеге қараймын...

***

Түндерге сіңген нарт арманымның
Соңында кетті бір елес.
Ашылмай қалды қауызы бақтың
...соңында тұрған біз емес.
Өлеңге сыймай көңіл де қалды,
Өмірге сыймай өлеңім.
Шашылып қалған махаббатымды
Табан астыңнан теремін.
Сыңсиды бір үн, жасын төгеді,
Сырын айтатын маған көп.
Кешір сен, сол үн, өзім де мұңлы
Сырыңды тыңдар шама жоқ.
Төгіліп қалған сезімді мөлдір,
Жинаймын қалай, көмек бер.
Көрмесін мұны кәрі әжем менің,
Көргенде жылап, өбектер.
Өңешке келіп тіреліп қалған
Жүрегім менің қан құса.
Тыныштық табар дейді ғой досым,
Ғашық жүрегі қаңғыса.
Ернімде қалған шербеттің дәмі,
Жұтынған сайын мас қылып.
Кезіп кетейін даласын елдің,
Тауына шығып, тас үгіп...
Кім білді дейсің, опасыз адам,
Опасыз, жалған махаббат.
Күле қарайтын жыршым отыр ғой
Өзгеден бөлек мақам ап.
Сатқындар толған жердің жүзіне
Әжімдер түскен қайғыдан.
Білсең сен айтшы тарихта кімнің
Сертінен сөзі тайғыған...
Жылайды маған қосылып ағаш,
Аспан да мұңлы, бағып тұр.
Көктемнің күні көңілсіз неге
Жасым мен жасы ағып тұр.

***

Саған қайта жолықтым,
Одан бетер жерідім.
Түсінбедім, білмедім –
Желбуаз ба көңілім?
Гүлбадағам тұлпармен
Кетпен тауға жортқан ем,
Бір нәзік сөз үлп етті
Сол сен бе едің, қоңыр үн?
Жүрегімнің қоздаған
Дертін қалай жазамын
Бал дәмінен айрылып
Кермек тартты ғазалым.
Дей алмайын пәкпін мен,
Айта алмаймын таза деп
Зор тақтада өмірім
Бәлкім маған жаза көп.
Армандармен адасып
Адамдармен жол таптым.
Сұлу сөзге батырмын
Сұлуларға шорқақпын.
Алмапсадай ұл едім,
Алпамыстай рухты.
Сонда менің жанымды
Сен ұқпадың.
Кім ұқты?
Лайладың ба тұнықты?
Сүйредің бе тұлыпты?
Шәлкез ғана көңілді
Сен ұқпадың.
Жыр ұқты.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру