Мақпал Мыса (Маусым кеші....)

 Мақпал Мыса (Маусым кеші....)

Маусым кеші,
мазасыздау бұл маусым,
Аңсарыңыз мейір толы жырға аусын.
Аққуларым ақ сағымда адасып,
Ақша бұлттар арасында жүр даусым.

Жастығымның жалт еткенде жанары,
Құралайдың лағындаймын жаралы.
Жер бетінде жалғызсырап мен қалдым,
Көл бетінде көктем қалып барады...

Сәуір кетті,
мамыр кетті,
не дейін,
Ерке күннің елесіне ерейін.
Көкөрімін көгертуге көгімнің
Өлеңімнің бұрымдарын өрейін.

Жаһұт-жауһар жаумаса да төбемнен,
Өміріме өрнек салдым өлеңмен.
Көз алдымнан көгілдір тау көрем мен,
Көкжиегі көктем болып көгерген.

Сол маусыммен ұнатамын жазды мен,
Айдынымды аялайтын азды-кем.
Елесіңмен ғұмыр кешіп келемін,
Сағыныш боп саздан ұшты наз кілең...

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру