Ақұштап Бақтыгереева (Ақсақ қыз аңызы)

 Ақұштап Бақтыгереева (Ақсақ қыз аңызы)

Ақсақ қыз ұзақ жолдан әрең келген,
Қорқытқа жетіп өлген, сәлем берген.
Өнер мен өнер сүйген адамдарды
Ажалдың жеңе алмасын дәлелдеген.
Жүздері гүл жайнаған, жайраңдаған,
Қырық қыз сая бақта сайраңдаған.
Сан талай теңдесі жоқ сұлулықтың
Қашаннан куәсісің, қайран далам.
Қырық қыз - әнші көмей, жыршы көңіл,
Бәрін де ерке өсірген сыршыл өңір.
Еркіндік, ойын-сауық, бірақ шіркін
Адамға қымбат емес мұңсыз өмір.
Кең дала. Ауа тыныш кешкідегі.
Даланың самал болмақ кешкі желі.
Алаңсыз серуендеген қырық қызға
Сыңсыған қобыз үні естіледі.
Сол әуен тағы естілді таңнан бүрын,
Бір көру әуен иесін арман бүгін.
Жүректі шымырлатқан сиқыр әуен
Айтқандай бұл фәнидің жалғандығын.
Көңілің мұңданады, шаттанады,
Сол үнсіз жанның сая таппағаны.
Қобыздың үні естілген беткей жаққа
Қырық қыз мекенінен аттанады.
Әрине, батылданды бекер бәрі,
Құм белден ешқайсысы өте алмады.
Шөлдеді, тандай кеуіп көзін жұмды,
Арманға қыздар солай жете алмады.
Ауылға бір қыз жетті ең әдемі,
Азырақ шыдағаңда ел бар еді.
Дариға-ай, бірақ оның аяғы ақсақ,
Сәл ғана өзгелерден кемтар еді.
Қорқытқа жетті ақсақ қыз, қобызға да
Бәрінен мықты болды со қыз ғана.
Моласын көрдік, өзін көрген жоқпыз,
Бұл солай бізге жеткен аңыз ғана.
Ақсақ қыз ұзақ жолдан әрең келген,
Қорқытқа жетіп өлген, сәлем берген.
Өнер мен өнер сүйген адамдарды
Ажалдың жеңе алмасын дәлелдеген.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру