Өтежан Нұрғалиев (Бір махаббаттың хикаясы)

 Өтежан Нұрғалиев (Бір махаббаттың хикаясы)

Менің қойған атым — Жарас.
Шын атын
Айтсам болды, мінезі бар сынатын…
Ол туралы айтпауға да болар ед,
Емес көңілім дертін төкпей тынатын.

Оған біраз жылдар болған, ұмытылған.
Оның көңілі, менің көңілім бір тынған.
Екеуміз де мақсаттарға жеткенбіз,
Аш қасқырдай қой қораға ұмтылған.

Ол бір кербез, ол бір сыпа, ол — ақын,
Қонған үйге ойын-сауық қонатын.
Қонған үйдің қыздарына қырындап,
Көз тастайтын әдеті де болатын.

Тез үйленіп Қалқа деген бір қызға,
Хош айтысып ауылдағы ұл-қызға,
Ғайып болды ұзақ уақыт ауылдан
Космонавтай ұшып кеткен жұлдызға!


Аты да оның бірте-бірте ескіріп,
Естілмейтін болды әні кешкілік.
Бір күндері жиырма бес жыл әскерлік
Оқуға оны алынды деп естідік.

Колхоздағы есепші еді шот қаққыш,
Егін орғыш, шалғыменен шөп шапқыш.
Қуақы еді, тату жүрген ұлдарды,
Қызық көріп бір-біріне боқтатқыш.

Кетті Жарас. Кетті. Әскерге алынды.
Бар керегі — барған жерден табылды.
Келмей қойды Жарас ұзақ…
Сағындық.
Әсіресе, келіншегі сағынды.

Жесір де емес, әйел де емес, жар да емес,
Күйеуі бар. Бар болғанмен бар да емес.
Он жыл болды, келмей жүрді Жарасы,
Жоғалғаннан жоғалмайтын қалды елес.


Жаздың күні жаймен ғана кешкіріп,
Ауыл шайға отырғанда кешкілік.
Иттер үріп, бала шулап: «Ауылға
Жарас келе жатырды!» — да естідік.

Жылы хабар, жақсы хабар жарасты
Үйден-үйге сыпсың қағып тарасты.
Бір заманда патша ағзамды күткендей,
Күтті ауыл… түні бойы Жарасты.

Мал сойылып, абыр-сабыр, жанталас,
Күн де шықты, ауыл үсті қарбалас.
Ат үстінде, шыққан күннің астынан
Келе жатты он жыл күткен сол Жарас.

Тұла бойын зермен шегіп алтындап,
Он жыл күткен ақ көйлегі жарқылдап,
Шықты Қалқа күйеуінің алдынан
Он жыл күткен екі көзі жалтылдап.

Той қызығы әлі есімнен кетпейді,
Екі құрдас бір күреспей өтпейді.
Ұзын қалжың, «ұзынқұлақ», ұзын сөз,
Бәрін айтып беруге тіл жетпейді.

Бір күн болып ауылдағы қарбалас
Бір түн болып, ырду-дырду, жанталас,
Бір қонды да Қалқасының қасына
Ұшып кетті самолетпен сол Жарас.


«Ұзынқұлақ» бұл ауылда жата ма?
Сызат түсті деп естідік батаға.
«Бата бұзған оңбас», — деді үлкендер
Қалқа сұлу тағы да батты қапаға.

«Қой, өйтпес!» — деп өзін-өзі сендіріп,
Босаңдығын еңбекпенен жеңдіріп,
Жас келіншек жүрді шалғын ішінде
Ащы зарын көкорайға семдіріп.

«Қой, өйтпес!» — деп бір үмітке малданып,
Төрт өгіз бен қос түренге алданып.
Жас келіншек жүрді ащы қайғысын
Қара жердің қыртысына аударып.


Он жыл күтті сол Жарасты сол Қалқа
Он жыл күтті сүйген жарын жан Қалқа.
Отырғызды оң жағына омалтып,
Сары аурудай сарсаң кесел — сандалтпа.

Махаббаты — мұзға кеткен жылудай,
Махаббаты — жылжымаған ұлудай,
Одиссейді он жеті жыл күтумен
Кемпір болған Пенелопа сұлудай.

Жігіттерге қарамай ма, қарай ма,
Ол да адам ғой, періште емес,
Алайда
Айта алмаймын, айтуға тіл жетпейді,
Ол жағына сен қинама, жарай ма?


Онсыз да оның қиып тағдыр қанатын,
Айналаға өсек-аяң қонатын.
Қос құлағын тығындаған келіншек
Екі көзі самолётте болатын.


Жапырағы жоқ кеуіп қалған ағашқа,
Су сепсең де гүлдемейді, адаспа,
Дей алмаймыз, қия алмаймыз көңілін,
Қия алмаймыз тастап кеткен Жарасқа.

Жарас ұшқыш, ол да Отанның солдаты,
Ауыр болар мойынға алған тіл хаты.
Тым болмаса келіп тұрса қайтер ед,
Анда-санда сағынышты бір хаты.

Өсек деген қасіретпен бұл егіз,
Егіз жайға құлақ түріп жүреміз.
Горькийдегі генералдың қызына,
Айтпай жүріп үйленгенін білеміз.

Бір бақыт кеп бір бақытты тонай ма,
Тағдыр шіркін көңіліңе қарай ма?
Үш ұлы мен әйелінің суретін
Жіберіпті інісіне — Жолайға.

Бұл хабарды естігенде түсі аппақ,
Босағадан жығылыпты үш аттап,
Қалқа байғұс түні бойы өксіпті
Танымайтын төрт бейнені құшақтап.

Айтқан да жоқ салқынсың деп, мұзсың деп,
Бермеді еркін, енді еркінсің — қызсың деп,
Жүрді ме екен ел де жесір Қалқаны
Өз бетімен әлде күдер үзсін деп…


Астананың бір әскери тұрағы,
Жарас қазір Алматыда тұрады.
Мен сияқты ақынменен ауылдас
Анда-санда әңгіме де құрады.

Қосылғанын тағдыр айдап қайта жол,
Жетім болып өскенін де айтады ол.
Қалқа дейтін ыстық сөзге ауызы
Күйе жаздап барып-барып қайтады ол.

Шөп шапқанын шалғыменен айтады ол,
Әзілмен де, қалжыңмен де айтады ол.
Қалқа дейтін терең сөзге жүзе алмай,
Орта жолдан омыраулап қайтады ол.

Айта алмайды іште жатқан не сырды,
Қалай ауыр мұңды бастан кешірді…
Қалай ғана арқалайды тірілей,
Өмір бойы өзін күткен жесірді.

Адамзаттың Қаратауын, Балқанын
Шығармай ма Жанартаудың талқанын?
Жүз жыл бойы күтсе-дағы кешірмес
Бір кінәсі болды ма екен Қалқаның?

Сол жұмбақпен таңдар да атқан, күн батсын,
Әйел халқы шешілмейті жұмбақсың.
Күтуменен кемпір болған қыз Қалқа
Ар алдында — бәрімізге қымбатсың!

Сына берсін күні жетсе — ағаштар,
Ұша берсін ұшқыш болған Жарастар.
Жер бетінде сен қаласың күтумен
Көкірегінде толас таппай талас хал…


Жылдар өтті. Жетімдер де жетілді,
Жесірлер де бақыт тапты не түрлі.
Қалқа ғана
Махаббаттың Қалқасы —
Өз Жарасын күтіп жүрген секілді.

Қызықпайды ол бақ, дәулетке, алтынға,
Ұрынбайды өсек-аяң… салқынға,
Ал, мен үшін Қалқа жеңгем аяулы,
Мәңгі-бақи қалады сол қалпында!

Он жыл күткен ақ көйлегі жарқылдап,
Тұла бойын зермен шегіп, алтындап.
Күн астында Қалқа келе жатады,
Қартаймайтын екі көзі жалтылдап!

Соғылады талай бетке шапалақ,
Соғылады тасқа барып жапалақ.
Жапалақ қып тасқа ұрса да өлмейтін
Мықты екен ғой әйелдерде махаббат!

Бұл өмірден тапса дағы жарасым,
Алды-дағы қоғамнан өз бағасын.
Қанша биік ұшса-дағы бұлттардан,
Аласарып бара жатыр, Жарасым!

Жел тараған қолаң шаштың әр талын,
Не жетеді аруына Арқаның?!
Қанша таудан асса дағы сол Жарас —
Жете алмайды биігіне Қалқаның.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру