Ерлан Жүніс (Ностальгия)

 Ерлан Жүніс (Ностальгия)

Дүрбілі ай күлше ме екен дөңгеленген,
Сүт пе əлде, тостақтағы жеңге берген,

Жоқ, бəлкім, қошақанның көзіндей ме,
Тезек пе тамызыққа көмбеленген,

Көл ме екен күміс кесе алтын жиек,
Жағалай мені өсірген ел бөленген,

Шілденің сарбөпесі - əңгелек пе,
Нағашым терін салған жерден өнген,

Қалалық қалқатайдың ерні ме əлде,
Қыдырып ертеректе елге келген,

Борсықтың сары шыны майы ма ол,
Ақ Жəкем өткен қыста емге берген,

Бөкеннің доғал біткен мүйізі ме,
Өндір шақ орғығанын өрде көрген,

Дүрбілі ай, айтшы маған, дөңгеленген,
Өзге бір теңеу таппай сенделер ме ем,

Мен осы ауылымды сағындым ба,
Неліктен сені көрсем ел көрем мен?!.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру