Ақсұңқарұлы Серік (Алтынның арбау жыры)

 Ақсұңқарұлы Серік (Алтынның арбау жыры)

Алтын айтты: «Сатып алам...»
Болат айтты: «Тартып алам!».
(А. Пушкин)

- Үстінен аттап ұяттың, ақыл, арлардың,
Адамның өзін азғырып сатып алғанмын!

Адам - кім?
Мен - кім?!
Білсең - айт, неде күш, пенде?
Қайтадан сатып жіберем -
Ерегіскенде!

Жүр екенсің-ау, кәріме жолықпай, мүлдем,
Пушкаңыз түгіл -
Пушкиннен қорықпаймын мен!

Тістенбе босқа ерінді қыршып:
Еліңді быт-шыт еткен - Мен!
Жеріңді - быт-шыт...

Қорықпаймын мен жыланның ордаларынан,
Сутегі,
Атом,
Нейтрон бомбаларынан!

Мені еске ал, пендем, шықса олар ойнақшып алдан:
Бәрін де соның өзіммін -
Ойлап шығарған!

Патшалар - менің бөбегім.
Желкелеріңе
Мініп алса да тиме сол еркелеріме!

Жендетке тисең -
Тиеді ызғарлы лебім:
Ойнастан туған ұлым ол, қыздарым менің!

Солдаттар Менің құлдарым ер үстіндегі.
Соғыс тәңірі өзіммін Жер үстіндегі!

Өледі олар - Мен үшін! -
Назалы немем,
Сен үшін - Ақын, жетеді -
Азалы өлең...

Солдат тәндері жүзімді бүркемелейді.
Өлген құлдарға өмірі құн төленбейді!!!

Сұлулар - менің қатыным!
Өсек пе, қалай?
Жүзік боп барсам жүргізем төсекке қарай...

Баһадүрден де қаймықпас байқа түрімді ,
Жерге де батыл айтамын -
Айтатынымды:

«Қара жер! -
Деймін -
О, менің қайран сарайым!
Дәуренім барда басымда - сайран салайын!»

Сұлуың Джоконда ма?!
Қайтып көрейін?!
Оның да құнын шотқа сап айтып берейін!

Мен -
Алтынмын!!!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру