Жұмекен Нәжімеденов (Балауса)

 Жұмекен Нәжімеденов (Балауса)

Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады,
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал-қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер "үзілдік дер" баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат — бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы.
Тастың өзі нұр шашады, бүгін дағы, кеше де,
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
Тас балқытқан талма түсте — балқимыз біз күнге ұсап,
Қызуынан алма пісті — айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын — көп қызық,
Көп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем, әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
...Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы, Алма төсі бұлтиып,
Алма төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

* * *

Жалындап барды да батты күн,
Оның да уақыты болып қап.
Жүйрік жел баса алмай аптығын,
Бұтаға сүйенді солықтап.
Жапырақ дір етіп басылды,
Қалың қау қалды ұйып — жабағы.
Бояулар қызылды-жасылды
Аспанда дыбыссыз ағады.
Жабырқап ой ерте, дөң ерте,
Ұзын бел баурынан жарады.
Сайлардан қаптаған көлеңке
Тауларды қусырып барады.
Бір ымырт пердесін түсіріп,
Мүлгіді, мызғыды кәрі ағаш.
Ақ бұлақ көрпесін ысырып,
Көк тасқа ұйықтады жалаңаш...

* * *

Сәуір туды, бұлттар аппақ, су аппақ,
Шұлғиды алқап әлдекімді қуаттап.
Жайрап жатты осынау ұлы дүние
Кіп-кішкентай күн көзіне шуақтап.
Жолдың түгел ашылуын күтпелік:
Секір, толқын, шың басынан тік келіп!
Дәл қасымда еміс-еміс сыбдыр бар,
Жамбасымда шалғын жатыр бүктеліп.
Мен де титтей бір шыбық боп көктедім.
Көктем, көктем, өлеңімді төк менің!
Мойындамай Алатау тұр жалғыз-ақ
Баурыңдағы Алматының көктемін.

* * *

Шығыс жақтан келсе дағы таң күліп,
Шығыс жақта сұрапыл бір шайқас бар:
Ұрды шапақ қара бұлтты қан қылып,
Қызыл гауһар сықылданды жай тастар.
Аспан, суға алтын теңге сал бүркіп —
Неткен дәулет!
Текшелеп тек жия алсақ!
Жетті, міне, жігіт-самал албыртып,
Бойжеткен-гүл бола қалды ұялшақ.
Мезгіл-әже көтерді күн табағын,
Кесті сәуле жапырақты пышақтап.
Құр құмартып тұрды балқып ала гүл
Ала қанат көбелекті құшақтап.
Сал сайранды, жел, табиғат еркесі,
Гүл, өтірік албыртпа бетіңді...
Шөп қалтырап, дір-дір етті жер төсі
Бұдан бұрын жел көрмеген секілді...

* * *

Баурай бұлты жаңа көшті баяулап,
Медеу-сайдан самал есті жаяулап.
Көкжиекке барып қапты Ай аунап,
Осы бір кез, осы бір шақ аяулы-ақ.
Бал-балауса, байтақ өлке, кең мекен,
Бала гүлді кім оятты, жел ме екен?
Сен кетпеші шыңды тастап, ақша бұлт,
Кету керек болса түбі — мен кетем!
Жатыр ашық дария-дала далиып,
Далиғанды — дарқандық деп таниық!
Бұлттар жүзді қаршыға боп қызыл төс,
Бұлттар жүзді қыран болып ақ иық.
Неғып тұрсың, сыбдырамай қара ағаш,
Жүгір, самал, жапырағын ала қаш!
Неғып тұрсың, махаббатшыл дүние,
Келе жатыр сәуле-сұлу жалаңаш.
Сәнге тастап қос бұрымын шолпы өріп,
Су-бұлақты шым жібекпен көмкеріп;
Алып келіп уылжыған аспанын
Төбемізге қоя салды төңкеріп...
Осы бір сәт қызарды да жанды жүз,
Осы бір сәт түсті жерге жалғыз із.
Күн көзімен жалт етті де, құшты кеп,
Алатаудай кәрі шалды әлгі қыз.

* * *

Көк балауса егілер,
Көгерер-ау тал, шынар.
Тал, шынардан төгілер
Моншақ-моншақ тамшылар.
Сол моншақтай мөлдіреп,
Сол тамшыдай дір қағып.
Мен қараймын елжіреп,
Сен қарайсың ұрланып.
Бұлттар, бұлттар, ақ бұлттар
Жайлайды ғой тау басын.
Дауыл да бар, дақпырт бар —
Бұлттар қайтып жаумасын!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу
Пікірлер 3
  1. Оқырман Назым
    Оқырман Назым 13.10.2023 00:33
    0 + 0 -
    Өте тамаша???
  2. Оқырман Назым
    Оқырман Назым 13.10.2023 00:32
    0 + 0 -
    Күзгі сынға ұл ға арналған таныстыру болса.Нұрлыбай Сырым Жомартұлына
  3. Алтынай Жубаева
    0 + 1 -
    Тамаша