Ғабиден Қожахмет (Бала шағы, болашағы ұлтыңның!)

 Ғабиден Қожахмет (Бала шағы, болашағы ұлтыңның!)

Киімі де, сөмкесі де көркем-ді,
Білім жолда арманы асқақ желкен-ді.
Мектебіне бара жатыр ұлтыңның
Әлиханы, Ахметі ертеңгі.

Бір-бір үйдің қызы - айы, ұлы - күн,
Бола берсін, еркелеу ме бірі тым.
Мектебіне барады олар ұлтының
Арқалап ап үкілеген үмітін.

Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын,
Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың.
Білім жолға бет түзеді, міне, енді
Санасы да, ойы да азат ұрпағың.

Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты,
Бесік тербеп, күн мен түні алмасты.
Солар үшін алдағы үлкен өмірдің
Соғылады қоңырауы алғашқы.

Бөбегінің оятса ана талғамын,
Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын.
Сол бөбектер алып бара жатқандай
Өз ұлтының жалау етіп арманын.

Бесігінен асыққандай бүгінге,
Ұстазына ол ұмытпайды гүлін де.
Ұға жүріп заманының үнін де,
Сөйлейді олар бабасының тілінде.

Басталғанда білім жолдың асқары,
Қадамдарын үлкендер де қостады.
Олар үшін соғылса алғаш қоңырау,
Сол қоңырау - келешектің бастауы.

Маңызын да, мәнін де ұғып бұл күннің,
Міне, тағы биіктерге ұмтылдың!
Бара жатыр көшелермен мектепке
Бала шағы, болашағы ұлтыңның!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру