Тынышбай Рақым (Мазалап кеттің, япыр-ау)

 Тынышбай Рақым (Мазалап кеттің, япыр-ау)

Кез келдің маған неге сен,
Мазалап кеттің, япыр-ау.
Толқындар туды ересен,
Кеудеме орнап Атырау!..

Кездестің - көрдім, ұнаттым,
Шақырдым - келдің, отырдың.
Сырластық бір кеш, бір-ақ түн.
Өтті де кетті, өкіндім.

Оқыттың сұрап сан өлең,
Еліттің, неге еріттің?..
Балқытып албырт санамен,
Биледің мені, көріктім!

Қас-қағым сәтте қайтадан
Оралды-ау қайран жас күнім.
Басамын қалай шайқаған
Сезімнің асау тасқынын.

Жүгіндім адал арға да,
Құмарға ерік бермедім.
Жанымның мұңын сәл ғана
Сейілтіп кеттің сен менің.

Алдында қолды қаққанмен,
Кейіннен неге иландың?
Ерніңнен ләззат татқанмен,
Әріге бармай қиналдым...

Дірілге толды үніміз,
Сұрайсың неге өткенді?
Оңаша қалған түніміз
Сырласуменен шектелді.

Күзгі түн сыртта бұлыңғыр,
Өртеді мені от тұлға.
Өкінген едім бұрын бір,
Өксітіп алған жоқпын ба?

Әйтеуір, құртып амалды,
Тосыннан қойдың сан сұрақ.
Атпадым сендей маралды,
Қалмасын дедім қансырап...

Адалдығыма сенгендей
Жақындай түстің жақындай.
Мәрттіктен таймас мергендей
Шыдадым қайтіп, япырм-ай...

Сертіңе сенің сенем деп
Ұттым ба, әлде, ұтылдым.
Бейкүнәлігің демеу боп
Қатерден аман құтылдың.

Шын бақыт болсаң мен үшін -
Жолықпай жүрдің неге ерте?!
Аяды жаным сені шын -
Түспесін саған көлеңке!

Әрине, басың ерікті,
Не істеймін десең өзің біл.
Қойған ем жастық желікті,
Алайда мөлдір сезім бұл!

Жетпістен асқан Гётенің
жас қызға ғашық болғанын
заңды деп толғап өтемін
өртенгенінше орманым...

Түнеріп тұрып кенеттен
Күлгені-ай мына ерке күз.
Жолыққан саған жоқ өкпем,
Сәл ғана мұрны келте қыз.

Амал не, құс боп қонбасаң,
Құлазыр мәңгі сарайым.
Асылың бола алмасам,
Ғашығың болып қалайын.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру