Шәңгерей Бөкеев («Алла яр» жаздым, аға, Көлборсыдан)

 Шәңгерей Бөкеев («Алла яр» жаздым, аға, Көлборсыдан)

«Алла яр» жаздым, аға, Көлборсыдан,
Жаз жайлап, қыс қыстаған қонысымнан.
Сіз онда, біздер мұнда сау болайық,
Құдайым айырмасын сонысынан.
Жүрекке дерттер толып жаздым қағаз,
Опасыз мынау пәни тұрысынан.
Жиырма алты жыл болыпты ініңізге
Атадан, анаменен туысынан.
Ойласам содан бергі ғұмырымды,
Кетіпті талай дәурен уысымнан.
Әуелі ата-анадан туған інің,
Аз уақыт оларменен тұрған інің,
Бес жаста жұда болып ата-анадан,
Аш белін жетімдікке буған інің .
Уайымсыз балалықтың арқасында
Болмады еш азалы оған інің.
Ат етіп тал шыбықты қайғы орнына,
Қоңызды, көбелекпен қуған інің.
Алалы сақа менен ақты асыққа
Таласып бетін жасқа жуған інің.
Уайымсыз, риясыз һәм күнәсіз,
Өтіпті бала болған қайран күнім.
Бұл күнде жиырма алтыдан інің асқан,
Ажалға жиырма алты адым жақын басқан.
Жәннеттің бұлбұлындай туып әуел,
Өткіздім талай-талай дәурен бастан.
Көңілге шайтан кіріп, нәпсі қалқып,
Айырылдым патшалықтай бала жастан.
Дос та көп мал барында, жақын да көп,
Қайсы артық бала күнгі кұрбыластан?
Тең көрген бай-жарлыны бала күнім,
Кеттің сен, мен-мендікпен көңіл тасқан.
Бір шықпай ғарапатқа ықырам байлап,
Ақ көңіл баладағы таба алмаспын.
Бел будым жетімдікке бес жасымда,
Алай да дәулет құсы бар басымда.
Көп жылға ата-аналы болады екен,
Жас жетім ата дәулет арқасында.
Ата-ананың өліп, мүлкі болса мұра,
Көп болар жалпақтаушы өз қасында.
Тұқымы қорашылдың жұда болмай,
Қалар ма майлы сүйек қар астында?
Түлкіні құйрық атқан танымадым,
Ақ көңіл балалықтың арқасында,
Бір күнде, бала дәурен басымда едің,
Туғанда жан жолдастай қасыма ердің;
Айқасқан түнде оянып тар төсекте
Асық жар мысалындай досым едің;
Білмедім қадіріңді қолда барда,
Айырған сенен адыра нәпісім менің.
Тотықты нәпсіге еріп ақ ниетім,
Қарайды иман жүзді ақша бетім.
Тіміскі ұры иттей түнде жортып,
Он бес жас, бұлаңдаумен сен де кеттің.
Әпиін жеп, қилап шарғы ғамал еткен
Нешікте сар қоштықпен кетті он жетім.
Түбінде бәрі кетер, ажал жетер,
Құдайым жарық етпей ақиретін.
Тоң қатып қара жерге қарлар жауса,
Астында неғып шыдар менің етім.
Құдайым, өлмей тұрып, аш бағымды,
Тіріге өлсем-ай аз сый-құрметім.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру