Алмас Темірбай (Қазақ)

 Алмас Темірбай (Қазақ)

Мен баяғыда...
Он бірінші ғасырдың
аяғында... туыппын,
Атағын атан көтермес
атамның жолын қуыппын.
Қасарысқан қас жауға
қарсы шауып қасқырдай,
Қасқалдақтай қаныммен
қылышымды жуыппын!

Бесті асауға бел артып,
бес қаруды асынып,
Бес-алты күндік жерлерге
бір күнде жетіп асығып.
Жаһаннамға жөнелткем
жанын жауыз жауымның,
Аттандаған дауысымды
алты қырдан асырып!

Ерлігіме сүйсінген
жасап ойын-тойды жұрт,
Туғалы құрық тимеген
ту биені сойдырып,
Бабалар бата беріпті:
«Аруағыңды асыр – деп –
Ойпаң жерді қыр қылып,
қырат жерді ой қылып!»

Бәрі әлі есімде…
бөрідей түн қатқаным,
Тәттілігін сезімнің
тұңғыш рет татқаным.
Ауыл итін шулатып,
алып қашып аулаққа,
Бұраң бел қызды бауырыма ап,
Бұрымын иіскеп жатқаным…

Сол кез кірді түсіме:
тілімді құр тістедім,
Бұрынғы өмір өң еді,
бүгінгі өмір түс… дедім.
Айтпадым не, айттым не,
айналдым ғой аңызға…
Қазір кіммін, қандаймын?!
Оһ, ол кезде күшті едім!!!

Мен баяғыда,
он бірінші ғасырдың аяғында…
Ай, өткінші өмір-ай!..

P.S. Бәлкім, бұл түс:
Арыстандары адамның
айналуға жақын деп
заманның зәрлі шаянына
Абылай хан атамның
Алашқа айтқан аяны ма?!
…Ақырзаман таяды ма?..

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру