Cәбит Мұқанов (Ол туралы ән мен күй)

 Cәбит Мұқанов (Ол туралы ән мен күй)

Мәскеу
Мосторг.
Мың-жын, жан.
Ішінде мен
Мыңға мыңқ етпейтұғын үй биік, кең.
Күліп көптің кескінін сүйеді күн,
Сұғып алтын сәулесін терезеден.
Құныға форточкалар тартып шаңды,
Жаңа ауа жұтып жұрт демін алды.
Мосторг мырза,-
Мыңдардың мұңын тауып
Ауадан өзгеге де сусын қанды.
Бір топ тұр терлеп тығыз очередьте,
«Кездеме ме керегің?
Ұн ба, ет пе?»-
Деп сұраса біреулер,
Терлеген топ
Жауап бермей қарайды күліп бетке.
«Жоқ!-
Дейді топтан біреу,-
Тамақ, киім
Бар,
Бұл кезде қарын тоқ, бүтін иін.
Топ тұрған керек бұйым пластинка
Тыңдамақ сұлу әнін, тәтті күйін!»
Кимелеп очередьке кірдім мен де,
Очередь өзенді әрлей көшкен сеңге
Ұқсап, алды азайса,
Арты қаптап
Барады жылжып
Алды кеткен жөнге.
Лениннің ордені бар қазақ малшы,
Пластинка тұсына тұрып қарсы:
«Шырағым!-
Деді маған,-
Әне біреу
Күй табағын көп қылып
Сатып алшы!»
«Табақ па сізге тақсық?»
«Сандығы да
Керек,
Ақшам жетеді барлығына.
Бір мың сомды осыған жұмсап, тағы
Киім-кешек аламын қалдығына».
Әуелі ақылдасып дедім:
«Ағай!
Патефон алуыңның мәні қалай?»
«Шырағым!-
Деді малшы,-
Драп пальто,
Барқыт, жібек, бастонды алдым талай.
Киім мен кеңес қылма тамақ жайын!
Тұрған жоқ мендей болып бұрын байың.
Салтанат, сәнді тұрмыс, сауық керек
Көңілім көкке өрлеп өскен сайын.
Шырағым, мәнім солай»,
Деп ол күлді,
Алдымызға қызметші
Әйел келді.
Сыпайы сөз, әдепті көзқараспен,
Сұраған патефонды алып берді.
«Қай ұлттық керек,- деді,- пластинка?»
«Жетерлік қазақшаны берді өлке,
Мейлі кімдік болсын сұлу әнді
Ұғуға деме, жолдас, маған ерте!»
Құлағын патефонның қойып бұрап,
Бірнеше пластинка алдық сұрап.
Ойлы кескін,
Ұғымды көз қараспен,
Малшы ән мен күйлерге түрді құлақ.
Көп әннің тұрса-дағы ұқпай сөзін,
Ырғақтық толқынына көміп өзін,
Әнменен бірге толқып,
Қосты әнге
Ырғалаған бар денесін,
Қасын, көзін.
Кездессе ұнамсыз кей «Ширпотреб»'
«Әншейін ермек екен мынауың» деп,
Қызметші әйелге күле қарап,
Таңдаған табағынан алды ол көп.
- Осылар,-
Дейді әйел,-
Бізде бары!
- Керегім табылған жоқ түгел әлі.
- Тағы да не тілейсіз?
- Ленинге
Шығарған әншілердің қайда әні?
- Бар еді,- деді әйел,- бірақ, бәрі
Сатылып бітті бүгін.
Ертең тағы
Бұл кісі келсе, мұнда,
Түгелімен
Табылар құмар болып тұрған әні.
- Ауылға ертең емес, бүгін қайтам.
Ауылым сұрай қалса, немді айтам? -
Деп малшы қабақ шытты.
Сонда әйел
Аз тұрып күлімсіреп, басын шайқап:
- Барайын,- деді,- қазір складқа.
Малшым да жымиды, деп:
- Келме таппай!
Құшақтап кіргенде әйел,
«Табылды!» деп,
Жіберді малшы қолын шапалақтап.
Ойналып жөнелгенде ән қосқан күй,
Лық толып ән мен күйге кең зәулім үй.
Балқыған күйге малшы,
Жымың қағып,
Дей берді: «Ән, күй сүйсең, осыны сүй!»
Ән мен күй аяқтала,
Деді шалым:
- Қарашы, мынау әнге үйдің тарын!
Кең дүние кемеріне сияды әрең,
Бұл ән, күй қандырар-ақ
Ел құлағын!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру