Жұмағали Саин (Ойласам бала кезімді)

 Жұмағали Саин (Ойласам бала кезімді)

Балалық шағым, жас шағым,
Тасыдым асық етектеп.
Шаңдатып жердің топырағын,
Жүгірдім кімдер жетеді деп...
Орманның жасыл жапырағын
Аялап талай тарадым,
Мөп-мөлдір бұлтсыз түндерде
Жұлдызды қанша санадым..
Күлімдеген көп жұлдыз
Бір мен үшін туғандай
Сол жұлдыздан бір жас қыз
Маған қарап тұрғандай.
Ол да жетім — зарлаған.
Мұңы бардай сөзінде.
Оның - дағы парланған,
Жасы бардай көзінде...
Дүние жұмбақ, жер жұмбақ,
Ойландым талап, таппадым.
Өзіме - өзім сыбырлап,
Ойымды іште сақтадым.
Ғажайып сыры бар ма деп,
Телмірдім көлдің бетіне...
«Суымды, пері, алма!»— деп,
Белгі қойдым шетіне.
Қопаны2 кездім, су кештім,
Шулады маған құрақтар.
Еншісі дала елде өстім,
Алдымда жатты бұлақтар.
Айдында аққу ән қосты,
Етекте жырлап үйрек, қаз.
Айдарлы қызғыш жол тосты,
Абыржып соған болдым мәз.
Алдымда жатты ақ - шұбар
Жұмыртқа толы көйлегім.
Желіге түсті жан құмар,
Тақылдап тағы сөйледім.
Тасыды шалқып көңілім,
Қопаның болдым иесі.
Қонуға қорықтым, «перінің»
Соғар ма деп «киесі».
Амалсыз... кешті жамылып,
Ауылға қайта оралдым.
Сәріден тағы сабылып,
Зым-зия боп жоғалдым...
«Қасқыр жер, суға кетер»—деп,
Ешкім де уайым жемеді.
«Күзгі күн суық екен — деп,
Сыз өтер саған»— демеді.
Жылы бір қабақ таппадым,
Бетімнен адам сүймеді,
Талпындым, жұртқа жақпадым,
«Қу жетім»— деп түйреді.
Жүрісім де жақпады,
Күлкім де менің болды жат,
Жақсылық іздеп таппады.
Қайғыда жүрдім жабырқап,
Анасы сүйген баланы
Көргенде жасым парлады.
Қақсадым жандай жаралы,
Жүрегім мұңды зарлады.
Еңіредім де егілдім,
«Анам қайда?»— дедім мен,
Жас қабырғам, сөгілдің,—
«Панам қайда?»— дедім мен...
Жалғыз-ақ жазғы даладан
Қуаныш таптым, сыр таптым.
Көкірегімді қамаған
Қайғыңды сонда шырқаттым.
Жидек деп кездім жыңғылды,
Ұмыттым қайғы, зарымды.
Сұра жұрттан, кім білді,
Дүниеде менің барымды?..
Осылай өткен бала шақ
Оралмас енді ол жылдар.
Белгісіз еді болашақ,
Жазы дауыл, қысы ызғар.
Отырсын ба таңырқап,
Қуғандай жазғы сағымды?
Сендерге айттым, жас ұрпақ,
Бақытсыз бала шағымды.
Әрине, саған бұл аңыз,
Сонау бір өткен ғасырдай.
Сонда да ойлап байқаңыз,
Барлығын айттым жасырмай.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру