Жұмағали Саин (Ант)

 Жұмағали Саин (Ант)

Өмірдің сұлу жібегін,
Оранып киіп жатқан жан.
Алақанда аялап,
Әлдилеген алтын таң.
Қайғы деген есте жоқ,
Қасымда жоқ сұр жылан.
Ұлы Отанның бауырында,
Өскен ермін жас ұлан,
Сондай тәтті өмірім,
Сонша қызық заманым.
Қуанышта бауырым,
Қарындасым және анам.
Сондықтан да шат жүрек,
Сондықтан да ән салам.
— Тыңда, тыңда, әнімді!
Мәскеуім менің — астанам.
Тыңда ақынның жырларын,
Сал құлақты, бар ғалам.
Құйылды бір күй жүректен,
Тасқындайын парлаған.
Құйқылжыды жаңа ырғақ,
Бұрын ешкім салмаған.
Өйткені бұл толғауым
Жүрегімнен аңдаған.
Сүйікті ұлы Отанға
Той үстінде арнаған.
Өткен күнді ойласам,
Құлағыма зар келеді.
Сар даладан — қойшыдан,
Қайғы басқан әгі келеді.
Қара салған басына
Мұңды келеді,— жар келеді.
Сонда көкірек шыдамай,
Сонда көзден қан келеді.
Егер ол күн есірсе,
Бүйтіп әнге салмас ем.
Ақын болып қолыма,
Қаламды да алмас ем.
Шидем күпі үстімде,
Қой соңынан қалмас ем.
Екі кісі бас қосса,
Қасына да бармас ем.
Тап осылай тұрмыстан,
Тәтті ләззат алмас ем.
Октябрьдей ұлы өткел,
Маған жарық күн берді.
Партиядай кемеңгер,
Шырай берді, нұр берді.
Зарлы қойшы, сен азат,
Деді маған үн берді.
Шалықтатты аспанға,
Отаныма түр берді.
Өмірімді гүл етіп,
Тұрмысыма сыр берді,
Сондықтан, сүйікті Отаным,
Алдыңда сенің берем ант,
Жалынды осы антымды,
Болашаққа өзің айт.
Бүлдірем деп бүйірден,
Ентелесе жау келсе,
Ал қазақтар, ал десе:
Қынына қылыш, қынына
Сұмына дүние, сұмына.
Ақ алмастар жарқылдап,
Ұмтылармыз суыра.
Ат қоярмыз ұмтылып,
Ордасына — туына.
Ойрандармыз қамалын.
Апшыларын қуыра,
Отан үшін қанымыз
Бостандықтың құнына,
Теңдік үшін басымыз,
Бар әлемнің құлына.
Қимылдармыз аянбай,
Көкте болса көгінде.
Айқасармыз алдырмай.
Жерде болса жерінде.
Сонда алдыңғы қатарда,
Болар сендік комсомол,
Сонда партия жаса деп,
Тағы да айтар қалың қол.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру