Ілияс Жансүгіров (Арыным)

 Ілияс Жансүгіров (Арыным)

Алқынамын, басылмайды арыным,
Тау селінде екпін қайрат, сарыным.
Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау -
Жандағы ауру, жүректегі жалыным.
Егер салсам қос өкпеден тепкіні,
Елең емес тау жақпары, тек тұры.
Жау жапырар, көк дауылша бұрқырар,
Шүу дегенде кер бедеудің екпіні.
Толас болмас топ жасаққа тиіспей,
Семсер ұрып, ақ найзаны үзіспей;
Бет-аузым шаң, қанжарым қан қайрылып,
Ұмсындырып жау сұлуын, су ішпей.
Аял болмас айқай-сүрен салыспай,
Қашқан жауды ат баурына алыспай;
Қан сусаған болат сүңгім ашылмас,
Шұрқылтайдан шұрылдата шанышпай.
Тыншу болмас қалың қайрат қайнамай,
Қанжығаға қанды басты байламай;
Қара жүрек, қара қошқыл қанменен,
Үш тосарлы, қанды ауызды майламай.
Улы көкірек жиған сүтін тамызбай,
Қызыл қылыш қырқа турап ағызбай;
Басылмас бұл алқындаған арыным,
Адал сүтпен жарлыларды жағызбай.
«Мен» емеспін, мен де көптің бірімін,
Мендейлердің міне қостық бірлігін.
«Мен» құралып «біз» боп шықпай күреске,
Мен тудырман бұқарама тірі күн.
Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,
Тазалаймыз жерді жонып жуаннан,
Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі,
Ел жасаймыз еңбегіне қуанған.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру