Ілияс Жансүгіров (Сүйеу қылып көңіліме)

 Ілияс Жансүгіров (Сүйеу қылып көңіліме)

Сүйеу қылып көңіліме,
Сүйдім сені өміріме.
Саған қояр сұрауым:
Сен де «сүйдім!» дедің бе?
* * *
Жүрегімді идірген,
Ғашығымсың күйдірген.
Мен разы өмірге,
Сүйген үшін сүйдірген.
***
Сүйегімді босатқан,
Серігімсің жасатқан.
Сүйдім сені өміріме,
Сөзім, антым — осы айтқан!
* * *
Жанымды сен жаңартқан,
У өмірімнен тазартқан,
Жүрегімсің шер тартқан,
Серігімсің қол артқан.
* * *
Мен сүйген соң сүйерсің,
Мен күйген соң күйерсің,
Сүйгендіктен сыйлармын,
Сыйыңды өзің білерсің!
* * *
Ардақтармын сүйген соң,
Көңіліңе жіп салмаспын,
Өзгерермін біржола,
Мен бұрынғы болмаспын.
* * *
Ден қоярмын мен саған,
Білерсің де билерсің,
Сыйларсың да күтерсің,
«Би» осыған үйренсін!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру