Ілияс Жансүгіров (Көдек өлеңі)

 Ілияс Жансүгіров (Көдек өлеңі)

Жаралып неше түрлі қылым кетті,
Бөлініп өз табына ру кетті.
Жуандар нашарларды нанша жаншып,
Біреудің біреу алдап пұлын жепті.
Түк кермеген қазақтан солдат сұрап,
Ұлықтан әділетсіз зұлым жетті.
Ары өткен шекарадан ағайынға
Басына малдан озып шығын жетті.
Қытайдың қол астына үрікпей қалған
Тым онша біз сияқты бүлінбепті.
Таланған мал мен бастың есебі жоқ,
Қайран Албан бұзылып, шырың кетті.
Асылдың тасты кескен сынықтары
Бір кезде ағашқа өтпей суың кетті.
Қоқақтап қара сойыл бақаныңмен
Қайран ел қырылуға қырың кетті.
Көгенкөз не жайсаңды орыс қырып,
Төтенше со бір жылы сүрің кетті.
Серікбай, Ұзақ маңғазды орыс атып,
Не боздақ оқ үшінде ұлың кетті.
Қабаттап бір жағынан қалмақ шауып,
Орнығып отыра алмай тыным кетті.
Әбен Атамқұлұлының Жаркент оязындағы Албан руынан Өлмесек Ниязбекұлы деген шалға шығарып берген даусынан:
16-ыншы жылында
Албанды дәулет кернеген.
Азырақ сөйлеп қояйын
Үркінді болған пернеден.
Мекалай жарлық шығарды
«Салдатқа бала бер» деген.
Жәмеңке, Ұзақ, Жаңабай,
Беруге бала көнбеген.
Әбдіқалық, Серікбай,
Сыбанқұл, Құрман ер деген,
Өңкей саңлақ бірігіп,
Зорлыққа бала бермеген.
Қысымдық қылып Мекалай
Түрмеге салды ілмемен.
Сол сабаздар түрмеден
Үйіне аман келмеген.
Әубәкір, Біләл, Жайшыбек,
Дауалдан қарғып өлмеген.
Тұрлықожа төртеуі
Құтылды қашып түрмеден.
* * *
16-ыншы жылында
Албанның болған үркіні.
Көрінгенді көздеді
Мекалайдың мылтығы.
Мылтығына шыдамай
Албан ауды бір түні.
Аумағанда қайтеді
Болған соң жаман сұрқыны.
Албанның саңлақ ерлерін
Түрмеге тыққан бір күні,
Терезесі темірден
Есігі берік құлпылы.
Ажалсызы дауалдан
Асыла қарғып ыршыды.
Қара қалмақ бұ дағы
Келістіріп жұлқыды.
Қалмақпен бірге талады
Өрдегі Албан жылқыны.
Өрден қайтқан Албанның
Бұлтылдап келді ұршығы.
Бірімтай менен Әжінің
Қисаймайды қылшығы.
18-інші жылында
Қатаның келді қырсығы.
Қаза тапты Меншоптан
Ақырында Құрманның
Құныпия, Дәкия,
Сұлтанбай саңлақ қыршының...
Бөлтіріктің сөзі
Жігіт алар жылында
Желпініп ел желіккен
Қой, жылқының жынымен.
Салдат санап алам деп
Жарлады ұлық мұнымен.
Не салса да көндік деп,
Қайда болса да өлдік деп
Қарсылық қылдық шынымен.
Бермеймін деген бектердің
Ер-тоқымын жетелеп,
Қашып жүрдік түнімен.
Айрылып әркім қақсады
Бермеген бір-бір ұлынан.
Орыстардың ұлығы
Албан қаптап келгенде
Жәрмеңкеге тығылған.
Сойылы бар батырдың
Талайы атқан оқпенен
Жапалақтай жығылған.
Сай-салаға тығылған.
Қызыл-жасыл қырман боп
Қырылдық жаман шыбыннан.
Албанның қасқа, жайсаңы
Серікбай, Ұзақ, Әубәкір,
Тұрлықожа, Бекдайыр,
Жәмеңке, Біләл, басқаны...
Бәрі он екі жақсы еді.
Бір жау алға бет алып
Қара жолмен шұбырған.
Түрменің іші болыпты
Дүйсенбі күн қызыл қан.
Солардан бір тіл ала алмай
Ел іргесі бұзылған.
Солай кеткен жайсаңнан
Үшеуі-ақ қайта қосылды-ау
Шықпаған соң шыбын жан.
Байырғы жоқ Қалмақта
Ел бауырлап шұбырған.
Панасы жоқ Қытайға
Торғайдай қашып тығылған.
Солқылдақ талай мырзалар
Құлдық айтып, бас иіп
Қалмаққа жылай жығылған.
Өз жұртыңа кеткін деп,
Текесті кейін өткін деп
Шекарадағы шерігі
Мылтығын оқтап ойнатып,
Қылышын қынай суырған.
Асылдың бәрін талады,
Әр қазақ-ақ жылады
Айрылып қатын, қызынан.
Қайырып қайта өткізді,
Тұнды құлақ шуылдан,
Ұшты жүрек зуылдан.
Ауған азғын сорлы елге
Орыстың қолы ойнақ сап,
Бидайықтай қуырған,
Қолқасын қойдай суырған.
Үпті талап, үйді алды.
Қораны құртып қойды алды,
Айрылтып тырна бурылдан.
Тұнығын жүзіп, соны жеп
Үш Қарқара, Текесте
Құландай қунап семірдік,
Ен далада елірдік.
Жетісудағы орысты
Жермен-жексен қылмаққа
Желігіп қылдық жеңілдік.
Он орысты оңаша
Ұрып тастай берген соң
Таусылып орыс қалды деп
Тепсіндік те, тебіндік.
«Алды» деген осы деп
Көбең атша семірдік.
Қара кірі батпақтай,
Айдары бар тоқпақтай
Қабырғамыздағы қалмақтан
Қар суындай сөгілдік.
Ауыр дәулетті ауылдан
Ажырап, малдан айрылып,
Шайқалып шара, төгілдік.
Ел қоныстан ауғанда
Қорасымен қой қалған.
Кәуірге түсіп келіншек,
Бойжеткен қыз бой қалған.
Аламыз деп орысты
Әулігіп Албан ойға алған.
Қақ айрылып қазандар,
Тігулі орда үй қалған.
Қолтықтап Қытай алад деп,
Ұлып орыс қалад деп,
Момын жұрт соған иланған.
Құлан таза боп қалдық
Атамыздан жиғаннан.
Тұратын түсте манаптар,
Қызыл тасты қыдырып,
Бұтын бұта сыдырып
Шыбын жаны қиналған.
Бір омарта орысқа
Бір мың кісі жиналған.
Қойды сойып, қол жайып,
Аламыз деп орысты
Сүйірден сүңгі соқтырып,
Қарағайға оны қақтырып,
Шалғыдан қылыш қидырған.
Ортекедей ойнатып,
Жүйрікті жігіт пысқыртқан.
Төс жара құлаш ағашқа
Сүйемдей темір қыстыртқан.
Ауылдағы аусарды
Айдаһардай ысқыртқан.
Иір судың бойында
Сырнайын орыс ысқыртқан.
Кек түтінді түтетіп,
Ойнатқан отты мылтықтан.
Қаптаған мың-сан қазақты
Бөріктіріп бөкендей
Көрінеу көрге бір тыққан.
Топырлап топ-топ оққа ұшқан
Күпінген қазақ ынтыққан.
Безек қағып бесатар
Сүңгіді қанға тұмсықтан.
Тамағына талайдың
Ілінді қылыш қылпықтан.
Оқпен орыс ұшықтап
Шошытқан елді, қырыққан.
Қояндай қорқып қорғалап,
Құрдан бетер жорғалап,
Рулы ел тасқа тығылдық
Бетер болып шымшықтан.
Ежелгі өктем ескі орыс
«Жазықты» байғұс біздерді
Күнде талап, күнде атып,
Жүнделіп қазақ тұншыққан.
Сол орыстың сұмдығын,
Қазаққа қылған зорлығын
Басып, жұртты бауыр қып,
Құрият берген тәуір қып
Көз жасыңа елім...
Сәбеттен айнал тыншытқан.
* * *
Ел күңірене үріккенде,
Кеулей көшіп жөнелдік.
Он үйліміз бес үйді
Билей қашып жөнелдік.
Атадан қалған қой, жылқы
Тимей қашып жөнелдік.
Тіккен үйді теңкейтіп
Кірмей қашып жөнелдік.
Екі жеңін шапанның
Кимей қашып жөнелдік.
Омартадағы орыстың
Қойын қуып, сиырын
Сүйрей қашып жөнелдік.
О қашқаннан бардық та
Қытайға барып тығылдық
Аяғын құшып қалмақтың
Жалпынып жарбап жығылдық.
Қыз - келіншек, сақина,
Алтын, күміс, ақ тұрман,
Жақсы аттар — біздің шымылдық.
Киімнен қалып жалаңаш,
Айрылып малдан қарын аш,
Қарлы боран ішінде
Айдаумен қайта шұбырдық.
* * *
Тауды, тасты кезгенде
Түйеден тұқым қалған жоқ.
Бұзаулы сиыр қомда екен
Табаны таста таймайтын.
Үстіне қомды қоймайтын
Қорбаңдаған сорлы екен.
Сөйтіп жүріп ел жылайды,
Айтатыны: «Апырмай,
Қалған ел не болды екен?!»
«Лұқ» деген лоқы қалмақтың
Қасында орыс молда екен.
«Өлдіміңе» қарамас,
Боқ сідігі аралас
Шылыстан6 кәпір сонда екен.
* * *
Таудың, тастың қуысын
Ел қыстады сол қыста.
Қатын болдық қалмаққа,
Болмады қайрат соғысқа.
Сөйтіп еңіреп жүргенде
Асқанға бір тосқан деп
Болыпты зауал орысқа.
Қой қоздап жатқан уақта
Мекалай тақтан ауды деп
Келіпті бір кез болысқа.
Осы хабарды алған соң,
Жақсылық болып жаз шыға
Жаяу-жалпы шұбырып
Ел қайтып қонды қонысқа

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру