Мұхтар Шаханов (Сын сағатта)
Күзетші
Алдияр хан!
Асығындай еліктің,
Шемен жігіт келіп тұр.
Аты-жөнін айтпайды.
Хан
Ешкіммен де әңгімеге зауқым жоқ.
Күзетші
Қырсық екен, айтқанынан қайтпайды.
Кірем дейді қалайда.
(Хан ойланып)
Кірсе, кірсін.
Қаруы боп жүрмесін,
Қойны-қонышын тексеріңдер алайда.
(Күзетші шығып кетеді де, сәлден соң
қайта кіреді.)
Күзетші
Қалтасынан қанжар шықты, хан ием.
Хан
(Естімегендей)
Кірсін де!
Мерей
(Иілмей сәлем бере, мысқылмен)
Қанша жұртты қасіреттің құзарына құлатқан,
Аманбысыз, тақсырым?
Сізбен менің әңгімем бас құрамақ сұрақтан.
Кешіріңіз, бүл сұрағым тисе әгәрки қолайсыз.
Қанаттыда қай құсты киелі деп санайсыз?
Хан
Аққуды.
Мерей
Кім, сіздіңше, аққуды атқан адамдар?
Хан
Безбүйректер, мейірімсіздер, надандар.
Мерей
Киеліні табанына тастаған,
Ізеттісін тасқа ұрған,
Онда нағыз безбүйрек,
Онда нағыз хас надан,
Сіз болдыңыз, тақсыр хан!
Хан
(Ақырып)
Тоқтат! Не деп көкіп тұрсың сен,
Мені мұнша басынатын кімсің сен?
Мерей
Шаптықпаңыз!
Міне, осы бір сауалдан
Басталады бізге қажет әңгіменің сүйегі.
Адамзатта достық сезім аққу-сынды киелі.
Тіршілікте әсемдікті іздеуден бір танбаған,
Аққудың қос қанатындай самғаған,
Біз Жайықпен екеуміз
Иықтасқан, тұтасқан бір дене едік.
Пенделікті тас қаңтарып, шегеріп,
Біріміздің қамымызды екіншіміз жеп едік.
Шаттығымның тостағаны енді мәңгі кертілді,
Қалай көрем өз мінімді,
Қалай көрем бетімді?
Доссыз адам айнасыз қыз секілді.
Менің тұлпар арманымды айбынды,
Қасіретім мен қайғымды,
Және осал жақтарымды,
Кейде қиқар ісімді
Және қайсар мінезімді, күшімді
Жайықтай кім бағалады,
Жайықтай кім түсінді?!
Біз өмірден іздемедік оңай бақ,
Кеудемізден достық нұры атқан сайын арайлап
Туысқандар қызғанысып,
Таңданыса көз тігетін бар аймақ,
(Ханға жақындап)
Біз әрқашан жан байлығын адамның,
Болашағы деп қарадық ғаламның.
Қәне, ақыл-таразыға төрелік
Берелік те, сіз басқарған хандықты
Мысалға алып көрелік.
Сіз бірінші орынға
Адамзаттың қара күшін қойдыңыз,
Сөйтіп, елдің игі істерге құштарлығын жойдыңыз,
Қара күшпен қызықтырған дүрмекті
Қайдағы бір ойсыз, есер палуандар
Ақындардан әлдеқайда құрметті.
Басқа есікке жасадыңыз ілгекті.
Жұрт ішінен достыққа іңкәр, парықты
Біреу туса күндей жарқын санасы,
Бүкіл халық даңқты...
Өткен жылы біздің елдің баласы
Жау қолында, сонау көрші хандықта
Қалып қойған досын іздеп барыпты.
Тек ізгі ойдан алар болсын ән басын,
Самғаса тек сенім жыры самғасын.
Іздеп барса...
Бүкіл хандық жиылып
Дарға асқалы жатыр екен жан досын.
Қайсар жігіт амалсыздан сол елдің
Сіз секілді ханының аяғына құлапты.
«Досым еді тұрақты,
Қиын шақта табысып,
Бірге іздескен мұратты», —
Деп тұтқынның өміріне сауға сұрап жылапты.
«Күнәсі ауыр», — деп шайқапты хан басын.
Сәл ойланып: «Иә, ауырлық нарға сын.
Көкірегіңде жалындаса нар сенім,
Ұлан болсаң сол сенімге шөлдеген,
Бұл жігітті тек бір ғана жолменен
Құтқаруға мүмкіндігің бар сенің.
Көзіңді бер құрбандыққа,
Оған бола бәсеңсімес алаулы ой.
Достық деген бір бағытқа
Бір көзбенен қарау ғой.
Онда бір көз екеуіңе жетпей ме?
Досың бар ғой жетелер.
Бұл талапқа көнер болсаң, қарағым,
Шартым осы,
Көзіңді ойып аламын.
Сонан кейін досыңды ертте, кете бер?!»
«Құлдық, тақсыр, — депті жігіт шаттанып,
Қайсарлықтан жанарында от жанып, —
Дос тілектің садағасы жанымыз,
Міне көзім, алыңыз!»
Кіреуке сап думанды елге,
Хан үкімі орындалды, не керек,
Тұтқын жігіт туған жерге
Көзсіз досын ертіп келді жетелеп.
Ерлік хабар жылдам екен желден де,
Ерлік хабар дүр сілкінтіп даланы,
Бүкіл ауыл жолға шығып қарады.
Сол көрініс қалып қойды кеудемде.
Ете алмады ел көз жасына иелік,
Бірін-бірі аялап, бір-біріне сүйеніп,
Келе жатқан екі досты көргенде.
Заман қанша салғанымен бұғалық,
Біздің марғау, соры қалың елден де,
Батыр перзент туылды-ау деп жыладық.
Ең әрісі қиқар атай Ерден де,
Қайта-қайта жас үйіріп көзіне,
Бұл ерлікке өзін мәңгі борыштыдай сезіне,
Той жасады жұртты жиып кешкісін.
Жалғыз ұлға сауын етіп отырған
Атып ұрып жалғыз шұнақ ешкісін.
Ел осылай ер ұланын елеусіз
Қалдырған жоқ, қошеметсіз, демеусіз,
Ал мына сіз сол адамның есімін де білмейсіз,
Сөйте тұра қалың жұртты адалдыққа үндейсіз.
Нағыз ерлік көзіңізге көрінбей,
Құзға біткен өрімдей,
Назардан тыс қалып қойды бағасыз.
Сіз өзіңіз айдар таққан ер жігіт деп киелі
Шомақ палуан,
Дара біткен сүйегі,
Арқаға сап көтерсе атан түйені,
Марапаттап қуана қол соғасыз,
Иығына алтын шапан жабасыз.
Босқа және
Басқа жаққа лағасыз!
Ер қадірін назардан тасалаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Иә, ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті.
Танытатын азаматты, арлыны,
Бай ететін жарлыны
Достық сезім — мәңгі жасыл желегі,
Тек тұрақты қасиеттер елегі
Достыққа осал болғандардың барлығы
Ел тағдырын ойлауға
Қабілетсіз келеді.
Хан
( Ойланып )
Иә, сен мұнда жан досыңның сүйегіне келмеп пе ең?
Мерей
Дәл таптыңыз, тақсыр хан!
Айырдыңыз мені жалғыз жақсымнан,
Бұғау тастап, күн бермей.
Мендегі ұлы мүмкіндікті жойдыңыз.
Ботақанын тартып алған інгендей,
Ордаңызға жаутаңдатып қойдыңыз.
Көктем өтпей жетіп қапты күзім де,
Әттең, мына сұм тағдырдың қорлауы-ай!
Тым болмаса, сізбен қанжар жүзінде
Сөйлесетін мүмкіндіктің болмауы-ай!
Ордаңызды, дауыл бұзған ұясындай қарғаның
Талқандар ем, қол астымда әскер жоқ.
Жоқ және де қорғаным.
Сондықтан да секілді бұл орындалмас арманым.
Пешенеден көрерсіз де,
Бұдан былай егер сізге
Жер бетінде біреу болса діні қас,
Ол — мен болам.
Ал кессеңіз, міне бас!
(Ханға мойнын тосады.)
Жайығымнан шыбын жаным артық па?
Әгәрәкім кеспесеңіз,
Өле-өлгенше өштесеміз.
Өле-өлгенше ізіңізден қалмаймын.
Түлкі болып сіңсеңіз де тау-тасқа,
Қыран болып төбеңізден самғаймын.
Осыменен әңгімемді бітірем.
Тек бітірер алдында,
Қансыз әрі миятсыз,
Шым етпейтін ұятсыз,
Мына қара бетіңізге түкірем!
Тфу!
(Ханның бетіне түкіреді.)
Хан
(Шошына бетін буркеп, кіжініп)
Сүйегімнен өтіп кетті-ау қорлығың,
Хан басымды тәлкек еткен зорлығың!
(Жендет бастығын шақырып)
Жас «мейманды» тас қораға жабыңдар!
Ұмытардай болсын тіпті есімін.
Арқасына алпыс дүре,
Қарынына қырық дүре соғыңдар,
Бас бармағын шабыңдар,
Жәбірлеңдер,
Әбден қорлап бағыңдар.
Ал көнбесе, амал не,
Қайсар басын қағыңдар!
Жендет бастығы
(Маңғазданып)
Тақсыр, маған нақ осындай,
Аттың болат тағасындай
Қайсар бастар ұнайды.
Бірақ мені білесіз ғой...
Алдыңызға кешірімді бұл әлі
Еңбектеп кеп сұрайды.
Мерей
Ал сұрата алмасаң?
Хан
Иә, сұрата алмасаң ше?
Жендет бастығы
Онда тақсыр, мен болайын күнәлі,
Басу маған түк емес,
Пәпігін бұл мырзаның.
(Қызынып)
Лебізімде тұрмасам,
Қызметтен қусаңыз да ырзамын!
Мерей
(Мысқылмен)
Уәдеңізді қайта алыңыз,
Қызметтен босқа ажырап қаларсыз.
Жендет бастығы
Рақмет!
Қайғырмаңыз оған сіз.
(Жендет бастығы Мерейді алып кетеді.)
Жоқтау
Көңбайдың отау үйі. Төрде ересек, делқұлы баласы Торбайды қасына алып бәйбіше, одан төменірек қара жамылған тоқалдар отыр.
Бәйбіше
(Жағасын ұстап)
Тоба, тоба!
Ұрттарыңа құм құйылған сияқты.
Кәне, жоқтау айтыңдар,
Келген жұрттан ұят-ты.
Бірінші тоқал
(Мұлы мақамға can)
Сөнді жарық айымыз,
Жер жастанды байымыз.
Енді біздің, құдай-ау,
He болмақшы жайымыз?
Екінші тоқал
Қайран байлық қор болған,
Маңдайыңа cop болған.
Бүтін шалбар кимей-ақ,
Өтіп кеттің жалғаннан.
Үшінші тоқал
Мал ғана боп білгенің,
Қуанбадың, күлмедің,
Қанша сараң десе де,
Жақсы еді аман жүргенің.
Торбай
(Бәйбішеге еркелеп)
Апа, мен де әкемдей,
Аламын ба көп әйел.
Бәйбіше
(Жақтырмай)
Тыныш отыр. Аласың!
Торбай
Қалыңдыққа қашан ертіп барасың?
Бәйбіше
(Ызаланып)
О, жын қаққан. Әйел жеңген санасын,
Әкең өліп жатыр ғой!
Кейін...
Кейін барасың.
Төртінші тоқал
Құлағандай аспаным,
Кім ойламас бас қамын.
Жиырма екімде жесір ғып,
Мені кімге тастадың?
Бәйбіше
(Ақырып)
Жә, жә, байсыз қалмассың,
Бөртпе лақтай шошаңдаған албастым.
(Қуланып)
Былтыр жазда, нар жайлауда, дөңесте
Ымырт түсе жолығатын өзіңе
Жылқышың бар емес пе?
Кім еді әлгі...
Аузы-мұрны добалдай,
Ырс-ырс еткен сабан тыққан қанардай.
Енді сені мен алады дейсің бе,
Сол алмай?!
Сәл сабыр ет, кетерсің,
Арманыңа жетерсің...
Төртінші тоқал
Кетсем, кетем.
Қандай опа тауыппын мен Көңбайдан?
Тек бай деген аты ғана қомпайған.
Қартайғанда белге түйді-ау ұятты,
Шүйгін шөпті, жайлау, көлді жерсінбей
Қашып шыққан ессіз бұқа сияқты.
Осы отырған бәрімізді менсінбей,
Ханның қызын баспақшы еді төсіне.
Сауап болды.
(Тоқалдарға бұрылып)
Ау, біз сонша қайғырамыз несіне?
Үшінші тоқал
Дұрыс айттың, Талиға!
Екінші тоқал
Талиға жөн айтады!
Кәрі қақпас қайта қозып сайтаны,
Құрсауына өзі ілінді тұзақтың.
Бірінші тоқал
Хан қызына көз салғанын қайтерсің,
Осындағы он әйелін жарытпай.
Үшінші тоқал
Ал біз сорлы дөңбекшиміз ұзақ түн,
Санымызды жарқыратып балықтай.
Жылқышы
(Ентіге кіріп, жүгенін ұрады)
Ойбай, ойбай, бәйбіше!
(Ентігін баса алмай)
Ойбай, ойбай, бәйбіше!
Бәйбіше
Есіңді жи, не болды?
Неге сонша зарладың?
Жылқышы
Алып кетті Көнекеңнің бар малын...
Бәйбіше
Кім әкетті? Айтсаңшы!
Жылқышы
Малсақ айдап әкетті жүз жылқыны,
Қарсақ айдап әкетті жүз жылқыны,
Танаш айдап әкетті жүз жылқыны,
Қалаш айдап әкетті жүз жылқыны,
Рысбек те, Қамысбек те, Қамбар да,
Бәрі, бәрі... Өңешбай да, Талғар да,
Және мынау жас тоқалдың әкесі...
(Төртінші тоқалды нұсқайды)
Бәйбіше
Шомбал ма?
Жылқышы
Иә, иә, Шомбал да.
Коп жылқыны қамай қуып әкетті
Түстіктегі аңғарға.
Бәйбіше
А, қу құдай. Болысатын жан бар ма?
(Тұтығып)
Қ...қайда, қайда қалғаны?
Жылқышы
Қалың малдан босатты жұрт өрісті.
Ал қалғанын...
жылқышылар бөлісті.
Аз емес-ті еңбегім...
(Жыламсырап)
Маған түк те тимеді.
Бәйбіше
(Басын соққылап)
Ойбай-бай-бай, бар арманым күйреді.
Ойбай-бай-бай, бар арманым күйреді.
(Торбайды құшақтап)
Зор қайғыға душар болдық арылмас,
Енді Көңбай сорлының
Сүйегін де әкелер жан табылмас.
Торбай
(Жыламсырап)
Қолымызда мал қалмаса,
Маған қалай әпересің қатынды?
Бәйбіше
(Торбайды итеріп жібереді)
О, жарым ес, даңғаза,
Қатын жұтқыр атыңды.
Екінші тоқал
Бүйте берсе, түк қалдырмас бұл халық,
Оңала ма бір түскен соң іріткі.
Иә, тоқалдар, босқа қарап тұрмалық.
Біз де, ендеше, бөліселік мүлікті.
(Бәрі таласа- тармаса төрдегі кебежеге,
жиюлы тұрған жүктерге ұмтылады.)
Қайсарлық
Хан ой үстінде. Жендет бастығы кіреді.
Жендет бастығы
(Иіліп)
Аманбысың, Алдияр!
Хан
Ә, келдің бе, хас батырым, жан қияр,
Кетіп едің үш күн бойы хабарсыз?
Жендет бастығы
Алдияр хан!
Күйге түстім ажарсыз,
Амал нешік. Екі сөйлеу ер адамның өлгені...
Жас жігітті сізге әкеліп сұратуға кешірім
Иланыңыз, менің шамам келмеді.
Сабақ алдым естен мәңгі шықпастай,
Мен адамды жазалаудың
Жүз елуден асқан түрін білемін.
Соның бәрі қалғаннан соң түкке аспай,
Өмірімде бірінші рет қан жылады жүрегім.
Діні қатты екен тіпті,
Біз басқаша,
Ол айтады басқаша ән.
Мұндай қайсар мекемдікті
Естіген де, көрген де емес ешқашан!
Қаншама рет үсті-басын қан қылдық,
Қаншама естен тандырдық,
Башайларын қырықтық,
Сосын тұзға малдырдық.
Бірақ иттің баласы,
Міз бақпады-ау!
Қандай өжет етіп туған анасы.
Жо-жо-жо-жоқ! Ол ит емес, өзім ит
Болып шықтым, шамасы.
Тең емесін тұңғыш сездім күшімнің.
Ұрып, соғып, қорлап және азаптап,
Оны жеңу мүмкін емес екендігін түсіндім.
Кейде жаны бұл фәнимен қоштасуға аз-ақ қап,
Тұрсадағы,
Ойға тұнған жанары
Маған қарап күліп жатты мазақтап.
Жындануға сәл-ақ қалдым мен байғұс,
Ерік қолда, қылыш қолда десе де.
Оны мұнша батыл еткен қандай күш?
Міне, міне, міне, міне, мәселе!
Нәлет айтып, кектенудің орнына,
Мені шексіз жек көрудің орнына
Аянышпен, мүсіркеумен қараған,
Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған,
Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан,
Өзін мәңгі бақыттыға балаған,
Бұл не деген өр адам?
Намыстандым, қорландым мен, тап шыным,
Бейнесі әлі жанарымда тұр күліп.
Көкірегімде бірінші рет, тақсырым,
Бас көтерді сізге деген бір күдік.
Бұдан отыз жыл бұрын
Алдияр хан, маған сеніп бердіңіз
Осы қатал қызметтің шылбырын.
Отыз жылдай бастың емес, дененің
Қызметін ғана атқарып келемін.
Пәленшені мұнда келтір дедіңіз,
Сол сәтінде келтірдім.
Түгеншені жылдам өлтір дедіңіз,
Сол сәтінде көзін жойдым, өлтірдім.
Білуге де тырысқам жоқ себебін,
Өйткені мен бас емеспін, денемін,
Бұйырдыңыз — орындадым,
Тас жұмдым да көзімді.
Әділеттің жолындамын
Деп санадым өзімді.
Сөнген арман, өшкен көңіл
Тағдырыңдай әсер етпей көбіктің.
Жұрттың менен сескенгені деп ұқтым.
Ханға сену секілденіп төл ісім,
Ештеңені ойлағам жоқ өмірде.
Мен үшін де,
Және қалың ел үшін
Хан ойлап жүр дедім де.
Алдиярым, мінезіме таң қалма.
Мына жігіт кеудемдегі бар сенімді талқандап,
Күдік атты қорқынышты аңғарға
Кеткендей ме мені жалғыз арқандап?
Хан
(Күрсініп)
Ой жіберсең парықпен,
Бір ұшында мен де бармын сол жіптің.
(Бұйыра)
Жә, жігітті алып кел!
(Жендет бастығы шығып кетеді де, екі нөкердің
сүйеуімен үсті-басын қан жуған Мерейді алып келеді.
Олардың соңын ала бере уәзір кіреді.)
Көзім жетті.
Ерітердей тас жүректі мұз қатқан,
Отты, қайсар, қатал жігіт екенсің.
Зор әбестік болды, әрине, біз жақтан
Сорлы досың өліп кетті, не етерсің?
Мерей
(Ханға ұмтылып)
Сорлы деген сөзіңізді
Қазір қайтып алыңыз!
Хан
Иә, қайтып алмасқа да шамам жоқ.
Оның қанын менің мына кәрі мойным көтерсін.
(Мерейге жақындап)
Талап айтсам, қалай қарар екенсің?
Және тілек демеске де шарам жоқ.
Маған қарсы жинақталған бар өкпең
Сол тілекпен өтелсін!
Мерей
Айтыңыз!
Хан
Айтсам, алда үлкен думан-тойым бар,
Ай мен күндей ардақ тұтқан қызымды
Саған бермек ойым бар.
Мерей
(Басын шайқап)
Болмайды!
Менің досым ердің ері еді ғой,
Адамдықтың түпсіз кені еді ғой.
Ал мен оның ширегіне тұрмаймын.
Тек досыма тиесілі бақытты,
Атамаңыз, не бетіммен ұрлаймын!?
Олай ету шығар еді сатқындық боп санасыз!
Хан
Ойлан, ойлан!..
Мерей
Ойланатын түгі жоқ!
Жендет бастығы
Алдияр хан, екі айтпайды бұл жігіт,
Мен білем ғой, бекер әуре боласыз!
Хан
Таяқтың да екі ұшы бар емес пе?
Айтқаныма көнесің,
Ал көнбесең, өлесің!
Мерей
(Қасарып)
Мен өлімді таңдадым.
Жендет бастығы
(Мерейдің алдына келіп тізерлеп)
Айналайын!
Гүлзәр достық аспанының кеңдігін
Оның ұлы-парасатын, ерлігін,
Өлімге де мойынсынбас өрлігін
Қайсарлықпен дәлелдедің.
Сені көріп қайта тудым мен бүгін.
Аяу білмес мынау жендет жүрегімді мұз қатқан
Ойран-асыр дөңбекшіткен, сыздатқан,
Дімкәс соқыр сенімімді күл-талқан ғып құзға атқан,
Пенделікке ұстатпаған сауырын
Сенің даңқың артсын мәңгі!
Енді асқақ әнім сенсің,
Арай шашар таңым сенсің,
Менің ұлы ханым сенсің, бауырым!
Әзер тұрған өзі қазған апанына құлауға
(Ханды нұсқап)
Отыз жылдай сенген ханым мынау ма?
Отыз жылдай құлдық ұрған бас тұлға
Бүгін маған жиіркенішті көрінді.
Ызалы ойым айналды сел-тасқынға,
Бұйыр, кәне!
Ханның басы әп-сәтте-ақ
Домалайды аяғыңның астында.
(Жалынып)
Бұйыра гөр, жарқыным!
Мерей
Бұйрықпен бір сыйыспайды дос көңіл.
Және қылыш жүрген жерде зорлық бар,
Іздеген жөн басқа емін.
Жендет бастығы
Ақ тілегің алдыңда
болсын, жаным, бас құрбан.
(Қылышын суырып алып ханның алдына тастайды.)
Қылышыңыз өзіңізге, тақсыр хан!
Өз кінәңді өзің сезбей,
Талайлардың жолын бүркеп торлаумен
Айналысқан өкінішті мол дәурен,
Нәлет саған!
(Мерейге бұрылып)
Енді қалған өмірім
Өтсін сенің шаттығыңды қорғаумен.
Хан
Арлы беттей қызарып, нарттай жанған,
Әзіл соңы алапат өртке айналған
Жөн-нұсқасын өзім пішкен мына мұңлы оқиға
Кетті менің келте ойымды күйретіп,
Қалай ғұмыр сүрмеу керек екендігін үйретіп,
Кімге күлу,
Кімге күлмеу керек екендігін үйретіп.
Қатал болдым, қылышынан қан тамған,
Талай баста менің салған бар таңбам.
Ал қазіргі дарқандығым ол кінәмді жуа алмас,
Және ешкім қаға қоймас арқамнан.
Тарпаң шағын ұмытпайды ел қайда да,
Білем бәрін.
Нақұрыс деп ойлама.
Бірақ тым кеш білгендіктен ойыңды
Асыра алман пайдаға.
Достық — ұлы мүмкіндігін туады екен адамның,
Болашақта ұстар әні тек сол болғай заманның,
Арзандайды ел адал достық көз жоқта.
Досын оққа қиған жанға,
Елін қию сөз боп па?
Біз сол ұлы құдіретті қорлап көзге ілмеппіз.
Мақсат жібін өте келте күрмеппіз.
Бір адамды шексіз сене сүюден
Елге деген ұлы сезім басталарын білмеппіз.
Дауа бар ма бұл құдірет сезімге,
Хан басыммен қол астымда қандай күш
Жатқандығын кезінде
Әттең, әттең... ұғынбаппын мен байғұс.
Көне бердім,
Сөне бердім.
Қарттық жеңді. Бір аяғым тұр көрде.
Бару қайда немеремнің
Әні естілер күндерге?
Кім өзгертер табиғаттың бұл заңын.
Өлім заңын,
Өмір заңын,
Гүл заңын,
Бүгін, міне, тірліктегі ең негізгі қатемді
Түзетуге мүмкіндіктің туғанына ырзамын.
Бүгін тұңғыш тапқандаймын арманымның қорегін,
Бүгін тұңғыш суарамын мақсатымның терегін.
Сондықтан да ханның тәжін киіп тұрып, ең соңғы,
Ең негізгі бұйрығымды беремін!
(Уәзір жаза бастайды)
Тіршілікте бір досы жоқ адамдар,
Тәнті етсе де біліміне, күшіне,
Алынбасын ел басқару ісіне!
Дос тілектен тамыр жайсын армандар,
Бірінші боп достық шықсын төрге де.
Достыққа әлсіз болғандар
Әлсіз екен басқа күрестерде де!
(Уәзірге бұрылып)
Мені енді шетке қақты
Нән толқыны өмір атты ағыстың.
(Мерейді нұсқап)
Сыңарынан көз жазған бұл аққуды
Жұртты жинап, сыңарына табыстыр...
(Уәзір шығып Жайық пен Көңбайды ертіп кіреді.
Өз көзіне өзі сенбегендей аң-таң аңырып қалған
Мерей Жайыққа қарай ұмтылады.
Екеуі құшақтаса кетеді.)
Мерей
(Көңілі босап)
Тірі екенсің ғой.
Тірі екенсің ғой...
Жайық
(Мерейдің үсті-басын көзімен тінте қарап ызалана)
Денесінде сау-тамтық жоқ.
Ау, бұл қалай, тақсыр хан,
Айырмаңыз қалмаған ба қасқырдан?
Уәзір
Ашу кейде көзсіз, ойсыз ақ тарлан.
Қазір бәрін түсінесің,
Сәл-пәл сабыр ет, қалқам!
Хан
(Жайық пен Мерейге жақындап)
Мына тақты,
Және заңғар қызметін тақсырдың,
Қарақтарым, екеуіңе тапсырдым.
(Жайықтың иығына қолын салып)
Қарашығы секілденген көзімнің,
Жайық қалқам, қызым қалып барады.
Егер тағдыр қосам десең, өзің біл,
Ал әйтпесе, қарындасың болады.
(Өзіне-өзі)
Ізгілігін зұлымдыққа талатқан,
Аққу құсқа оқ атқан,
Барлық алтын уақытының жиһазын
Пенделіктің орманында тонатқан,
Көрдей қара тұман жапқан көңілін
Ең сорлы жан мен болайын,
Ең соңғы хан мен болайын, тәңірім?!
(Хан қалтаңдай басып шығып кетеді)
Көңбай
(Жыламсырап)
Ау, халайық, мен қайтем?
Уәзір
Көңбай, сенің жолың ашық, бара бер!
Тоқалдарың төркінінде жүр аман,
Бәйбішең де дін аман.
Сен өлді деп жұртқа жайған кезде де
Табылмады
Сүйегіңді әкететін бір адам.
Үш күн өтпей шаңырағың құлады...
Малыңды да қалың жұрттан сұрап ал.
(Көңбай шегіншектеген күйі
сахнадан ғайып болады)
Жендет бастығы
(Жайық пен Мерейді құшақтап)
Туған өлке аттарыңды асқарына көтерсін,
Әлемдегі ең бай адам сен екеуің екенсің.
Басқаша екен екеуіңнің арының,
Қылыштан да, Заңнан да,
Патшадан да, Ханнан да
Сендер мықты боп шықтыңдар, жарығым!
Қарашал
Ал, қанекей, оятыңдар даланы,
Оятыңдар өзендерді жасаураған жанары.
Оятыңдар кәрі шалды,
Бесіктегі баланы.
Оятыңдар мүлгіп жатқан сананы.
Бойын бүгін түзеген бұл патшалық —
Ұлы сенім патшалығы болады!
Екінші бөлім
Ақын, Тарих
Тарих
Ізгіліктің жайлауынан от өрген,
Достық әнін төбесіне көтерген,
Міне, осындай ерлер өткен, ақыным!
Ақын
Дүниеге миығынан паң күле,
Тымық түнді түре келген арайша,
Бұл ғажайып әңгіме
Назардан тыс қалып қойған қалайша?
Тарих
Мен Тарихпын,
Аз көрмедім ғасырлардың тоқпағын.
Бірде ашық, бірде жабық қақпағым.
Мені әр дәуір өз көзімен соттады,
Өз көзімен мақтады,
Өз көзімен ақтады.
Бүгінгінің көбісі —
Кешегі ойлар өрісі,
Кешегінің жалғасы.
Бірақ бүгін игі істердің
Кешегіден кеңіді мен арнасы?
Нар тұлғасын ұрпақтарға үлгі етер
Ерлік аз ба жарқыраған жасындай?!
Ақын
Өлімге де мойынұсынар тосылмай
Досың болса, болсын шіркін, осындай!
(Ызаланып)
Көрмедік деп ой тұшынар түгіңді.
Жазбайсың деп бүгінді,
Қазір маған кінә тағып жатыр жұрт.
Қайдан жазам?
Ғасырлардың талғамына татырлық,
Айналамнан табылмаса,
Нақ мынадай ұлы достық, батырлық?
Тарих
Аша түссең көзіңді,
Бұл сөзіңе ұялар ең,
Тіпті соқыр санар едің өзіңді.
Әне, содан болашағың көмескі,
Ең берісі, әкеңді де зерттеп білген емессің?!
Ақын
Зерттей қояр не бар еді әкемде?
Әлде әкемнің мен үйленіп жатқандағы
тамашамды бұзғанын,
Әлде арақты қалай ішіп қызғанын
Зерттеп, жазып ойға демеу етем бе?
Рас, бұрын момын еді шама-шарқын байқаған,
Кенет Нілдей бұзылды ғой есер дауыл шайқаған.
Бәлкім, дұрыс өлген шығар...
Әйтпесе,
Қайын атам маған қызын бермес еді қайтадан.
Кешпес еді сол жолғы оның қылығын.
«Жан-жағымнан қумалайды жалғандық,
Киіміне жасырынып шындықтың»
Студенттердің шағын асханасы.
Стол басында үйлену тойына жиналған адамдар
Тойбасы
(Орнынан тұрып)
Бүгін біздің Маздақ пенен Дария,
Тағдыр қосып, табысып,
Қуанышын етіп отыр бәрімізге жария.
Ал сол үшін, халайық,
Қос ғашыққа деген абзал ниетімізді ұқтырып,
Орнымыздан тік тұрып
Осы тосты көмекейге бір аунатып алайық!
(Бәрі орындарынан көтеріліп,
бокал соғыстырады)
Дауыстар
— Бақытты болыңдар!
— Алдарыңнан ай тусын!
— Тек махаббат білтесімен жаныңдар!
Тойбасы
Жомарт ойы қона қалған бойына,
Қауымына сәулесін шашып келген,
Перзентінің тағдыр қосу тойына
Ауруханада жатқан жерінен қашып келген
Медет қартқа берілмек ендігі сөз.
Медет
(Көзіне жас іркіп, кемсеңдеп)
Сенсеңіздер, сөйлер халде емеспін,
Құшағынан босана алмай өткен күнгі елестің.
Қара жердей ішке бүккен асылын
Бір сырым бар еді, достар, жасырын,
Ол сырымды кейін ашам туған жерге барғасын.
Елге апарып өткіземін
Мына тойдың жалғасын.
Бәріңді де шақырамын сол тойға.
Дауыстар
— Жаса, шалым, қартайма!
— Бәрекелді, жан аға!
— Біраз жатып, жүректі емдеп алыңыз,
Игіліктің ерте-кеші бола ма?
— Дәрігерді тыңдасақ,
Болар әр кез бас аман!
— Машинадай қайта шыққан жөндеуден,
Бұратыңыз онша-мұнша тетіктерді босаған.
— Ал сол үшін алайық та, халайық!
(Бәрі бокал соғыстырады)
Тойбасы
(Қолын көтеріп)
Жолдастар!
Бүгінгі той, тек үйлену тойы ғана дегенге,
Айтыңдаршы, көнер кім?
Бүгінгі той — ертең толар кемерге
Тойы — балғын өнердің.
Әдеп барда әдемілік тозбаған.
Жайсаң ойлар жетегінде маздаған
Біздің Маздақ нағыз ақын емес пе,
Жұрт жүрегін қозғаған!
Кәне, мұны дей алады бекер кім?
Мен Маздақты танымайтын кезімде
Жолыққанмын әкемнің
Көзіндегі оған құштар сезімге.
Әкем марқұм Маздақ жырын деректеп
Отыратын зерттеп, жаттап, електеп.
Әрбір ұлттың шегінгенін, өскенін
Ақынына қарап білу керек деп.
Байтақ дала ақынымен даңқты,
Алып қана тудырады алыпты.
Бәлкім, аяу керек шығар өзінің
Ұлы ақынын туа алмаған халықты.
Бұл той — балғын ақын тойы,
Бәріміздің жанымызға жақын той.
Бәрімізді толғандырған мәселе
Осы ақынның жырларында жатыр ғой.
Бұрынғы өтіп жатқан басқа тойлардан,
Міне, достар, мына тойдың айырмасы осында.
Кімде биік тілектер бар, жасырынған қайнар бар?
Кімде қандай көкейтесті ойлар бар?
Сол айтылсын дастарқанның басында!
Дауыстар
— Бәрекелді, бұл ерекше той болсын!
— Тойбасымыз қой бастаған серкедей,
Бастады ғой тосынға.
— Дұрыс, осы бағытыңнан тосылма!
— Құр бөстекі тілектерден
Қажыды жұрт, расында!
Орынбасар
(Орнынан тұрып)
Тойбасымыз ауыр міндет жүктеді.
Қою, сірә, оңай соқпас бұл тілекке нүктені.
Дегенмен де көрейін...
Дауыс
Ал көрсең көр, үстем болсын мерейің!
Орынбасар
Өріс ашқан сан кеме, сан қайыққа
Біздің сонау айтолқын Ақжайықта
Кета деген балық бар.
Уылдырық шашар кезде сол балық.
Қос жанары тұмандана толғанып,
Пәленбай күн жол жүріп,
Әбден шаршап болдырып,
Құлшына, жанып іштен,
Жан жүйесін сыздатқан сағынышпен,
Ұрпағына сенімді орын тапқанша,
Ешқайда қайырылмастан,
Бастапқы бағытынан айрылмастан,
Көзінде тек аналық арман ойнап,
Жүзеді екен үмітін алға байлап.
Ол анық сезінеді:
Табиғаттың тамаша кезеңінде
Сонау іңкәр Ақжайық өзенінде
Жылдағыдай секіріп ойнамайтынын,
Жем іздеп шарламайтынын,
Жанарында жаз көркі жайнамайтынын,
Тереңге тепсіне бойламайтынын.
Амал қайсы, бәрін де көру керек,
Ұрпағы үшін оған да көну керек,
Кеталардың тағдыры қандай қатал,
Уылдырық шашқан соң өлу керек!
Бұл балық шынында да дара батыр,
Әне, оған жақын тұр заманақыр.
Соның бәрін біледі ол,
Біле тұра,
Уылдырық шашуға бара жатыр.
Қалса бопты ұрпағы жалғасы боп,
Жалғасы боп,
Тірліктің арнасы боп,
Өзі өлген соң денесін шортан жесін,
Мұнда оның инедей шаруасы жоқ...
Әттең, шіркін, мүсінші болсам-ау мен,
Ұзақ түн кірпік ілмей толғатар ем.
Ұрпағы үшін жүрегі жырлап өткен,
Ұрпағы үшін өмірін құрбан еткен
осындай алыптарға
Ғажайып бір ескерткіш орнатар ем.
Өмір мынау, толған дау, толған егес,
Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,
Арманың арман емес...
Өйткені ұрпақ тағдырынан маңызды
Бізге дейін ештеңе болған емес,
Және бізден кейін де болмақ емес!!!
(Бәрі қоштап, қол шапалақтайды.
Орынбасар бокалын көтеріп)
Кешегі ұяң Дария қыз бүгін келін атанды,
Енді адал ана болсын, адал сүйсін Отанды.
Күйеу жігіт он бес ұлға әке болсын сақалды,
Сол ертеңгі ұрпақ үшін көтерейік бокалды!
Дауыстар
— Жарадың!
— Табылған ой!
— Тауып кеттің, қарағым!
(Бәрі орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
Тойбасы
(Қабділдәнің қасына келіп)
Тіршілікте ұясын тек шыңға сап,
Шыңнан ұшқан хас қыранның бірісіз,
Дарқан қазақ өнерінің гүлісіз.
Ал, Қабеке, енді сізді тыңдасақ!
Қабділдә
(Маздаққа бұрыла)
Көргендер де,
Көрмеген де арманда,
Ертеде бір той бопты, ұлым, орманда.
Қоқиқаз да, қарақұс та, қыран да,
Қара аю да, күшіген де, жылан да,
Қырғауыл да, қосаяқ та, зорман да
Бас қосыпты сол маңда.
Қоян кепті, қос құлағы ербеңдеп,
Тасбақа да орын тепті төрден кеп.
Сан орманның тамашасын тауысқан
Ән шырқады ала қанат сауысқан.
Жапалақ та он шырқады толғана,
Кезек әзер жеткен кезде қарғаға,
Маңдайына алақанын жастана,
Тыңдаушылар қалғып кетті, масқара.
Қоян айтты:
— Қалай болған күнде де,
Ән кезегін ұсынған жөн Пілге де!
Бір тыңдаушы айқай салды:
— Немене?
Өнер шіркін, қара күшке көне ме?
Одан қайта Піл ағай
Тауға барып тасымай ма бөрене?
Бірақ жұрттың елең қылмай бұл сынын,
Піл ән салды бұлғандатып тұмсығын.
Тумады-ау деп ой сергітер байтақ ән,
Қалың қауым қалғып кетті қайтадан.
Осы сәтте Бұлбұл әнге басты бір,
Қарт тоғайдың елестетіп жастығын.
Мүлгіп кеткен тыңдаушы жұрт оянып,
Жанарынан ризалықпен шашты нұр.
Көпке дейін тежеу мүмкін болмады
Ұлан-асыр қуаныштың тасқынын.
— Өте орынды соғылды бұл шапалақ, —
Деп сөз алды тостаған көз жапалақ, —
Біз де өнерін қадірлейміз бұлбұлдың,
Бірақ аз-мұз шатағы бар құрғырдың,
қараңдаршы, бір қанаты қырқылған,
балақ жүні ұйпаланған, жыртылған,
Достарым-ау, жатқан жоқ па осында,
Бет қызартар үлкен істің былығы?
Қаршыға айтты:
— Доғар сөзді, тасынба,
Бұл өзіңдей пенделердің қылығы,
Онсыз, сірә, күн кеше ме майдалар?
Әйтседағы бір сыр шерттің ойланар.
Мына сенің қанатың сау, ал содан
Жұртқа қандай пайда бар?
Ауыр еді бұл сұрақтың салмағы,
Елдің көбі Қаршығаны қолдады.
Баз біреулер тұрып алды табандап,
Бұлбұл әнін жерге соға жамандап.
Тек Қарақұс қалыс қалды...
Келмеді оның тіпті көзге түскісі.
Өнерінің құдіреті жағынан
Бұлбұл, сөзсіз, құс біткеннің күштісі.
Мақтар еді, жарылып бір ағынан,
Ой шырмаған қызғаныш ит тағы бар.
Ал даттауға қорқатын ол Бұлбұлдың
Үлкен болашағынан.
(Маздақтың қасына келіп)
Әрқашан да саф өнердің жолы — сын.
Ұлым, сенің үлкен болашағың бар!..
Мына тосты көтергенді жөн дер едім сол үшін!
(Маздақпен бокал соғыстырады,
бәрі орындарынан тұрады)
Маздақ
— Рақмет, аға!
Орынбасар
Кедергіні сезінсе адам, жүрмек ылғи күшінде,
Ояу жүрмек өңі түгіл түсінде.
Ендеше, біз көтерелік
Сол Қарақұс үшін де!
Қабділдә
Жоқ!
Бұл пікірің болғанымен қиысты,
Тек ізгі ойлар қолдау көрсін.
Тек ізгі ойлар жұрттан мадақ есітуге тиісті.
Айымбек
Дұрыс айтты Қабекең!
Өссін десек жақсылықты сезіне,
Жақсы ақынды мақтаған жөн көзіне.
Өз тойында ойлы жырын Маздақтың
Тілек етіп қайта оқимын өзіне!
Дауыстар
— Бәрекелді!
— Жөн, жөн!
— Ал тыңдадық!
Айымбек
(Тамағын кенеп)
Ғұмыр келте деп налисың, досым-ау.
Бұдан миллион ғасыр бұрын
Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын,
Мимырт, шабан тіршіліктің құшағында күліпті.
Ал адамдар үш мың жылға дейін өмір сүріпті.
Сан балапан ғасырларды алақанда сөйлеткен,
Ұзақ ғұмыр,
Ұзақ ғұмыр, ой, неткен!
Жасы қашан жеті жүзге жеткенше
Уыз сәби саналыпты бойжеткен.
Ара-тұра бой қылтитқан Күдікке,
Бір жайсаң сөз айта алмапты Үміт те.
Жеті жүзге жасы жетпей,
(заң солай),
Үйленуге рұқсат жоқ жігітке.
Бірақ бірде болды оқиға сұрапыл...
Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,
Қосып арман-тілегін
Қосып мұңын, мұратын,
Тіл бітірер сезімменен тасқа да,
Тек сезімді етіп іңкәр астана,
Жасы жүзге жетпей жатып,
Бір-біріне ғашық бопты,
Масқара!
Күннен-күнге лаулай түскен құштары,
Бұл не пәле салт-санадан тысқары?!
Тумай жатып қағынғаны қалай деп,
Жұрт жағасын ұстады.
Ал жігіттің әкесі айтты:
— Қу, балам,
Ит боп шықтың жақсы атаққа тумаған.
Дәтің барып қалай дәстүр бұзбақсың,
Жұрттан қайда қашпақсың сен шулаған?
Жетер қайғы сыйладың сен өлгенше,
Өлген жақсы бұл қорлықты көргенше.
Ақылға кел,
Үйленбестен қоя тұр,
Тым болмаса, алты жүзге келгенше.
Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,
Той аз болмас әлі сенің көшеңде,
Бес жүз жыл күт.
Сонан кейін рұқсат,
Он бес қызды қабат алам десең де!
Жігіт өкси, мұңын шақты:
— Болмайды,
Бұл пәлсапаң ақылыма қонбайды.
Тасқа ұрсаң да мына бейбақ маңдайды,
Әнім ән боп самғайды.
Кәрі емендей қасарыса бергенше,
Қайран әке, ұғынсаңшы, мән-жайды.
Тұйықталса перзентіңнің арманы,
Сені ілер қайғы-мұңның қармағы.
Одан қайта қол ұшын бер, құда түс,
Қыз үйіне бардағы.
Бірақ әке секілденіп тас қамал,
Үндемеді.
Таусылды енді басқа амал.
Жаңалыққа көз аз болмас оқталар,
Бой көрсетті тұсаулар мен ноқталар.
Қорғау, қолдау көрмеген соң ешкімнен,
Қол ұстасып тауға қашып кетті олар.
Бұл оқиға шартарапқа жайылды.
Дінге берік қатал қолдар байырғы
Қос ғашықты іздеп тауып алды да,
Бір-бірінен айырды.
Енді лезде байтақ аспан тар болып,
Көңіліне ызғар толып, қар қонып,
Күні-түні еңіреді екеуі,
Қас қағым сәт көрісуге зар болып.
Екі ғашық алып ұшып жүрегі,
Тағдырынан былай тілек тіледі:
«Төсте тойы тарқамаған,
О, Жер-анам, дарқан анам,
Ұл керек пе саған мықты?
Өзгерт онда шабандықты.
Сен үшін бұл қиын іс пе соншалық?
Шабандықта қырсық жатыр қаншалық.
Біздер ұзақ, мағынасыз ғұмырдың
Іш пыстырар мінезінен шаршадық.
Қайтіп тірлік кешеді жұрт самғамай,
Арындамай,
Ағындамай,
Таңдамай.
Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,
Суға жазған таңбадай.
Жүрсек мейлі, қай белесте,
Дөңесте,
Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.
Мағынасыз үш мың жылдан
Мағынамен,
Мәнмен өткен,
Махаббатпен,
Әнмен өткен,
Үш жыл артық емес пе?
Егер оны көп десең,
Айналайын алып тұлға,
Құдіретті, жұмыр жер,
Ғашығыма жолықтыр да,
Үш-ақ күндік ғұмыр бер!
Сезінбестей ет кессе де етімнен,
Лапылдайын інжулі іңкәр отыммен
Тек үш-ақ күн,
Тек үш-ақ күн бере ғой,
Сонан кейін басымды алсаң, өкінбен».
Қайсар ғалам жібітіп тас көңілін,
Қос ғашықтың қайтпасын деп меселі,
Жер бетінде адамдардың өмірін
Отыз есе қысқартыпты деседі...
...Ал сен ғұмыр келте дейсің!..
Дауыстар
— Оңай соқпақ тауып кетті, не етерсің?
— Тамаша!
— Көркем дауыс, көркем үн
Ойлы өлеңнің өсіреді-ау өркенін!
— Жақсы оқиды екенсің!
Айымбек
(Бокалын көтеріп)
Қиын шақта тізесін бүкпесін деп,
Екі жастың көп болсын деп елге тартар үлесі
Және ешқашан бітпесін деп
Мағына мен мазмұн үшін күресі,
Тойбасының тіліменен айтқанда,
Мына тосты, халайық,
Көмекейге тағы аунатып алайық!
(Бәрі орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
Тойбасы
Уақытқа сән қосатын өзекті
Енді әнге бермейсіз бе кезекті?
Дауыстар
— Келініміз ән салсын.
— Кәне, Дария, қысылма!
Дария
(Орнынан тұрып «Қалғымасын ерлігің» атты әнді орындайды)
Міне, саған ойланатын келді күн,
Азамат боп атқа міндің сен бүгін.
Бірақ атқа мінгеніңнен не пайда,
Жүрегінде қалғып жатса ерлігің.
Қайырмасы:
А — а — а,
Бозбала,
Қанатыңды талдырма
Алай-түлей жаңбырда,
Тізгініңді беріп қойма тағдырға,
Қуанышым.
Жан-тәніңмен бір адамды сүймегенің үшін,
Сүйе алмағаның үшін
Табиғаттың алдында кінәлісің.
Қорға, жаным, сеніміңді жеруден,
Қорлық бар ма, жанбай жатып сөнуден.
Өмірдегі үлкен жеңіс әрдайым,
Басталмай ма өзіңді-өзің жеңуден.
Болашағың алдында өлі, бүлдіршін,
Ер жігіттің намысына бұл бір сын.
Бүгін көрсет қайратыңды, күшіңді,
Ертең, мүмкін, кеш бола ма, кім білсін.
Дауыстар
— Көп жаса!
— Қосағыңмен қоса ағар!
Тойбасы
Қалықтасын пәк тілектің ақ құсы,
Хас жүйріктер жарыстарда көрінбек.
Келесі сөз
Жұбанышбай Нұрқановқа берілмек.
Дауыстар
— Көсіл, кәне, жігітім,
Тұсау тастар ешкім жоқ аяғыңа!
— Көкейтесті не тілек бар ойыңда,
Ақтар бәрін жан досыңның тойында!
Жұбаныш бай
(Орнынан тұрып)
Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына,
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын,
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше «майысқан» деп ойлапты
Сөзге келмей, пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп,
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
«Басы қайтты, — деп қуанды, — қауіптің».
Жона-жона имек бүркіт тұмсығын,
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
— Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің-ау жүдеп өлер шағыңа, —
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
— Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды,
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды,
Бірақ бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты солай серпілді,
Алас-күлес шаттық күйі шертілді.
Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп,
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас-қапас тасқынды
Айғақ етіп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да, бүркітті
Өлтіруге бұйырды.
— Тағдырыңды қасіретке байланған
Ап шыға алман бұл тұйықтан, қайраңнан.
Қош бол, құсым, — деді патша қыранға, —
Өлген жақсы, қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
— Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табаңда, —
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағат қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай —
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Aт басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқаңда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырған,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің-ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен, ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман сенен аямайды бар нұрын
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам-тұрсам тілеймін тек
Тағдырың
Түспесін деп әумесердің қолына.
(Жұбанышбай өз тосын көтеріп
тастап орнына отырады)
Тойбасы
Қызық енді басталды,
Ортамызға қатал сұрақ тасталды.
«Бүгін кіммен, ертең кіммен боламыз?
Кімге жақын,
Кімнен алыс тартады ертең арамыз».
Мына тосты жетегінде осы ойдың
Кәне, достар, үндеместен аламыз!
(Бәрі үнсіз орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
ЖІГІТ
(Ентіге жүгіріп кіріп)
Келіп қалды құдалар!
Тойбасы
Жолдастар!
Ауа райының адамзатқа «өшігуіне» байланысты,
Ұшақтың кешігуіне байланысты
Енді жетті құдағи мен құдамыз.
Құрметіне сол «айыпты» жандардың
Бәріміз де орнымыздан тұрамыз!
(Құда, құдағи, Тойтық кіреді. Қонақтарға сәлем бергелі
орнынан көтерілген Медет құдасының жүзіне үңіле
қарайды да, теріс айналып кетеді. Жұрт аң-таң.)
Орынбасар
(Медетке бұрылып)
Меке, сәлем бермейсің бе құдаңа?
Медет
(Толқып)
Игі жақсы жараңдар!
Айтпасқа не шарам бар.
Мына тойды Маздағымның институт бітірген
Думанына санаңдар.
Менің ұлым үйленбейді бұл қызға!
Дауыстар
— Масқара!
— Қарияға не болған?
— Әзілі мен шыны ма?
Маздақ
Әке, Әке!..
Жындандың ба, немене?
Тойтық
Бұл не деген далбаса,
Сенің ұлың болмаса,
Қарындасым байсыз қалып өле ме?
Жұбанышбай
Ау, бұл қалай, қария?
Тойтық
(Дарияны сүйреп)
Кеттік, кәне, Дария!
Маздақ
(Тойтықтың алдын кес-кестеп)
Өтінемін, тоқтаңыз!
ТОЙТЫҚ
(Кіжініп)
Жә, жолама, сүмелегім,
Бетіңді ет қып жіберемін,
Енді саған мәңгі жабық қақпамыз!
(Дарияны сүйреген күйі есіктен шыға жөнеледі.
Құда мен құдағи бірге кетеді)
Маздақ
(Медеттің жағасына жармасып)
Ақылыңа іштің бе, әке, арақты?
Медет
(Ақырып)
Тарт қолыңды!
Ұл емес пе ең санатты...
Маздақ
(Күйзеліп)
Ендеше, сол санатыңды қара жерге қараттың,
Тағдырыма оқ аттың.
Өле-өлгенше кешірмеймін мұныңды,
Қарғап өтем осы қара күнімді.
(Бетін басып)
Бәріне өзің кінәлісің... не етемін...
Жүрегімнен мәңгілікке жазылмайды бұл түйін.
Енді сендей әкенің
Құны маған бір тиын!
Медет
Күтпеп едім...
Күтпеп едім сенен мұны...
А-а-а...
(Жүрегін ұстаған күйі еденге құлап түседі,
Айымбек басын сүйейді)
Орынбасар
Салиқалы жігіт ең, ақылың бар...
Бекер қызып кеттің-ау...
Дауыстар
— Жедел жәрдем шақырыңдар!
— Жедел жәрдем шақырыңдар!
* * *
Ақын сол ойланған қалпында.
Тарих
— Сонан кейін?
Ақын
Өлді...
Терең қазып жерледік.
Мүмкін, менен кеткен шығар пенделік,
Егер көзбен қарар болсаң байыпты,
Ол жағдайға түгел әкем айыпты.
Тарих
Ешкім терең танымаған
Сенің әкең алып адам!
Ақын
Жоқ!
Әкемді санамаймын алыпқа,
Қонбады оған ел сыйлайтын даңқ та.
Жанын салып мені өсірді, оқытты,
Түптеп келсек, ол алыптық болып па?
Ұрпағы үшін өз өмірін қимай ма
Балық екеш титтей кета балық та?!
Иығымен көтерсін деп заманды,
Мен де өсіріп келем екі баламды.
Әке алдында бар қарызым өтелген,
Дей алмаспын, борыштар боп өтем мен.
Әйтседағы әйелімнің әкесін
Артық көрем әкемнен.
Іс пайымдар әркім жеке басымен,
Әкем жайлы әңгімені доғарайық осымен.
Кеттім, қартым, басқа айтарың болмаса!
Тарих
(Мысқыммен)
Тым асығыс екенсің,
Саған тағы ашар сырым бар еді,
Ләкин тыңдап кетерсің?!
Ақын
Бірақ та сен салмай өгіз аяңға,
Тоқ етерін қысқа ғана баянда!
Тарих
(Басын изеп)
Оңтүстікте,
Дарқан Азат даласында
Отызыншы жылдардың шамасыңда
Әсте екі айтпайтын,
Айтса бітті, алдан қанжар кезесе де, қайтпайтын,
Жалғыз емес, жалғыз өрді дегенімен атадан,
Қауымына жаны жуас мейірімді ботадан,
Аты басқа болғанмен, мінезі үшін бір беткей
Құрбылары Қайсарбай деп атаған,
Әр таң сайын оянатын өз арының үнімен,
Жеміс күткен арманының гүлінен,
Тұрып жатты жас жігіт
Әйелімен және екі ұлымен.
Бұйығы күн жайғанмен жез қанатын,
Ол бір қатал, тым қатал кез болатын.
Білім нұрын тамсана дала күтті,
Кейбіреулер тосырқап жаңалықты
Жатқанда шетке қашып,
Қайсарбай надандықты бетке басып,
Әйелімен екеуі бала оқытты,
Қос құдықтың бойынан мектеп ашып.
Дәл сол кезде бүлікшілер
Бас көтерді Азатта.
Момын дала лезде айналып шыға келді тозаққа.
Тағдыр сомдап соққандай-ақ күш-кейпін,
Иығынан дәуірінің ауыр жүгі түспейтін
— Аукомолда хатшы болып істейтін
Қайсарбайдың Көрік деген бар еді бір жан досы.
Бақытты еді ол тапқанына өзіне сай серікті.
Ештеңеден хабары жоқ Қайсарбай
Отырған-ды үйінде.
Екі жігіт жараланған Көрікті
Алып кірді естен танған күйінде.
О, тәңір-ай, осы ма еді, осы ма еді көрмегі,
Қайран досы көз алдында үнсіз жатты өлгелі,
Тықыршумен ернін тістеп кезе берді ол бөлмені.
«Сәл сабыр ет, қазір, қазір ертіп келем дәрігер!»
Ал бейтаныс жігіт айтты:
«Жоқ, болмаңыз әбігер,
Айналаңыз қаптаған жау, қолға түсіп қаласыз».
«Өлген жеңіл, — деді Қайсар, —
отырғаннан шарасыз».
Шығып кетті. Дәрігерді таба алмады ол бірақ.
Көңілі жер боп қайтып келсе екі иіні салбырап...
Үйі лаулап жанып жатыр, өліп жатыр жан жары,
Екі жігіт өліп жатыр қанға бөгіп қанжары.
Өліп жатыр... бәрін, бәрін қас қағым сәт шешіпті.
...Тақтайменен шегелепті терезені, есікті.
Құлағына екі ұлының даусы жетті шыңғырған,
Санасыз жау шарасызға неге мұнша өшікті?
Бұзып кірді терезені...
досы жатыр өлімге өзін ұмсынып,
Қос ұланы бебеулейді көк түтінге тұншығып,
Қайсар дел-сал тұрып қалды өз сезімін електеп,
«Ең алдымен кімді ап шығу керек?» — деп.
Ақын
(Шыдамсызданып)
Сонан соң?
Тарих
Мәселен, сен қайтер ең?
Ақын
(Күмілжіп)
Б... білмеймін...
Бәлкім, алып шығар едім сәбиді?!
Тарих
Ал ол досын алып шықты.
Қос перзентін құтқармақ боп,
Ұмтылғанда келесі
Құлап түсті отқа оранған биік үйдің төбесі.
Екі бірдей күнәсіз жан, екі бірдей жас тұлға
Мәңгі солай қалып қойды жанған үйдің астында...
Ақын
Мынау нағыз қыран ғой төске өрлеген.
Сонау Сақтар кезіндегі
Достық үшін өлімнен сескенбеген
Таңғажайып ерліктен
Инедей де кем емес.
Асып түсті бар биіктен мен күткен!
Одан әрі айтыңыз?!
Тарих
Бұлт серпілді.
Домбырадан күй шертіліп көңілді,
Тіршіліктің жұпар лебі қайта кезді өңірді.
Өте берді, өте берді желмаядай желіп күн,
Шат-шадыман гүлдеді өмір бұтағындай өріктің,
Қайсарбай да белін буып, бекініп,
Шаңырағынан жылу тапты Көріктің.
Шын сеніскен, сүйініскен, ұғысқан,
Сірә, мұндай бола қоймас туысқан.
Міне, қырсық...
Көрік бірде екі күн
Қатарынан қайтпай қалды жұмыстан.
Көңіліне шөкім күдік ой салмай,
Асыл досын іздеп барды Қайсарбай.
Жанарынан тарамаған мастығы:
— Кел, кел, — деді НКВД бастығы, —
Көрік досың арам екен, қара екен,
Taп жауымен байланысы бар екен.
Аман сақтап қалғың келсе басыңды,
Құтқарам деп әлектенбе досыңды!
Бұл ортада бас араздық жүретін-ді бұрыннан.
Жарық көрсе, көбелекше қалбаң қағып бұрылған,
Әлгі жігіт жұбайына ынтық еді Көріктің,
Қайсар оның құрған торын тани кетті қырымнан.
Ақын
Оқиға енді тереңдеді.
Мынауыңыз дайын тұрған поэма.
(Шыдамсызданып)
Одан кейін не болды?
Тарих
— Арам ойың орындалмас ал басты, —
Деп Қайсарбай жас жігіттің алқымына жармасты.
— Қоймадың ба, онда сен де кетесің,
Өз түбіңе енді өзің жетесің, —
Деп жымиды ол аңғартып жай кекесін,
Сипап тұрып
Құрбақаның желбезегі сияқты
Кенет ісіп шыға келген шекесін.
Ол айтқанын орындады.
Лебізіне бекем екен «азамат»,
Сондайлардың кейде жолы болатыны ғажап-ақ.
Өтірікпен қиыстырған бір жалаға байланып,
Қайсар солай кете барды мекеніне айдалып.
Ақын
Мынау тіпті сұмдық екен!
Тарих
Бірақ шындық ешқашанда қалмақ емес тапталып,
Үш жылдан соң туған жерге қайтып келді ол ақталып.
Келсе, Көрік оралмапты.
Жанын қажап сан күдік,
Жас досының жұбайы да көз жұмыпты мәңгілік.
(Ойланып қалады.)
Ақын
Сонан кейін?
Айтсаңызшы тезірек!
Тарих
Екі өмірдің өзегіндей бұл қызыққа қарашы,
Жалғыз өксіп қалыпты үйде тәй-тәй басқан баласы.
Жесір әйел сол сәбиді қанатының астына ап,
Егіз тағдыр сияқтана отыр екен бас құрап.
Қайсар сорлы ашылғандай көңілінің бұлағы,
Нәрестені құшып тұрып айқай салып жылады.
Нәрестені құшып тұрып есіне алды ол өткенді,
Нәрестені құшып тұрып өзіне-өзі серт берді.
Қатал, өжет азаматтың мұндай кезін жылаған
Бұдан бұрын бұл өңірде көрген емес бір адам.
Тек жылаумен толтырардай өмірдегі олқыны,
Көп өкірді ол, көңілі теңіз секілденіп толқыды.
Ақын
Иә, иә, бұлайша тек күшті адамдар жылайды...
Тарих
Мұнан кейін жан адамды көзге ілмей,
Қайда бағыт ұстағанын жан адамға сездірмей,
Баланы алып Ақжайыққа көшіп кетті сол түні.
Нақ сол түннен өр жігітті қанатты
Жерлестері мәңгілікке жоғалтты.
Қайсарбайдың күллі өмірін бұрды өзіне нәресте,
Мектепке алғаш барған кезі, шыққан кезі белеске,
Он жылдықты бітіргені... бәрі, бәрі, бәрі есте.
Ұланының жанарына түсе ме деп көлеңке
Үйленген жоқ.
Бар қызықпен қош айтысты ол ерте.
Үйленбеді.
Тым қаталдық болды-ау деймін мұнысы,
Бірақ оның дәуіріне сыйлаған кең тынысы,
Ұланы үшін атқарған зор жұмысы —
Ұлы адамның ұлы ісі!
Ақын
Азаматтық — адамзаттың қасиетті ұраны.
Бұл әңгіме болды-ау маған ұлы сын.
Осы ұлы адам туралы
Үлкен дастан жазбасам,
Ақын атым құрысын!
Тарих
Сол ізгі жан өліп кетті ескерусіз, бағасыз.
Бұған теңдес қасіретті, кәне, қайдан табасыз?
Маңдайына аямастан жазған екен соры да,
Қайран тағдыр қазір жұртқа көрінеді күлкілі.
Ал перзенті ұлы әкесін ардақтаудың орнына,
Ит етінен жек көреді бұл күні.
Ақын
(ызаланып)
Ондай ұлды соттау керек!
Тарих
(кіжініп)
Ә, солай ма?
Ендеше, сен өзің сотта өзіңді!
Өзің ағыз ана соқыр көзіңді!
Ақын
(айқайлап)
Неге?
Неге?
Айтпайсың ба себебін?
Тарих
Кешегі өлген сенің әкең сол Қайсарбай еді ғой,
Қолындағы жетім перзент сен едің!
Ата-анаңа бірдей сыйлап қара түн,
Қайсарбайдың қиған жайсаң қанатын,
Сол кездегі НКВД бастығы
Қойныңдағы әйеліңнің әкесі
Яғни, анау қайын атаң болатын!
Ақын
А-а-а-а-а!
(Қос алақанымен құлағын басып тұрып қалады.
Сәлден кейін есін жиып)
Бүкіл әлем алдында екі бетім қаралы,
Жаным жардай жаралы.
(Қалшылдап)
Қазір барып қайын атамды өлтірем,
Әке кегін аламын!
Тарих
Ол онсыз да өлген адам, қарағым!
Ақын
Ел құлағы естімеген сұмдық бұл,
Сорлы басым... кімді келгем қорған ғып...
Киіміне жасырынып шындықтың,
Жан-жағымнан қаумалайды жалғандық.
Қайран әкем...
Неге-неге таңдады екен жолды бұл.
Неге маған бөліспеді
Иығындағы мол жүгін?
Тарих
(Күрсініп)
Оның түрлі себептері болды, ұлым...
Бірдей төзіп ыстыққа да,
Салқынға
Жер астында жатпай ма алтын көзден таса қалпында?
Қашан қазып алғаныңша күтетін,
Шындық кейде ұқсайды сол алтынға!..
Сен ақынсың өніп шыққан өртеңге
Қандай өріс ұсынасың ертеңге?
Қандай жеміс ұсынасың ертеңге?
Ойлан, ойлан...
Әділеттің қылышы
Енді сенің желкеңде,
Енді сенің желкеңде
Алдияр хан!
Асығындай еліктің,
Шемен жігіт келіп тұр.
Аты-жөнін айтпайды.
Хан
Ешкіммен де әңгімеге зауқым жоқ.
Күзетші
Қырсық екен, айтқанынан қайтпайды.
Кірем дейді қалайда.
(Хан ойланып)
Кірсе, кірсін.
Қаруы боп жүрмесін,
Қойны-қонышын тексеріңдер алайда.
(Күзетші шығып кетеді де, сәлден соң
қайта кіреді.)
Күзетші
Қалтасынан қанжар шықты, хан ием.
Хан
(Естімегендей)
Кірсін де!
Мерей
(Иілмей сәлем бере, мысқылмен)
Қанша жұртты қасіреттің құзарына құлатқан,
Аманбысыз, тақсырым?
Сізбен менің әңгімем бас құрамақ сұрақтан.
Кешіріңіз, бүл сұрағым тисе әгәрки қолайсыз.
Қанаттыда қай құсты киелі деп санайсыз?
Хан
Аққуды.
Мерей
Кім, сіздіңше, аққуды атқан адамдар?
Хан
Безбүйректер, мейірімсіздер, надандар.
Мерей
Киеліні табанына тастаған,
Ізеттісін тасқа ұрған,
Онда нағыз безбүйрек,
Онда нағыз хас надан,
Сіз болдыңыз, тақсыр хан!
Хан
(Ақырып)
Тоқтат! Не деп көкіп тұрсың сен,
Мені мұнша басынатын кімсің сен?
Мерей
Шаптықпаңыз!
Міне, осы бір сауалдан
Басталады бізге қажет әңгіменің сүйегі.
Адамзатта достық сезім аққу-сынды киелі.
Тіршілікте әсемдікті іздеуден бір танбаған,
Аққудың қос қанатындай самғаған,
Біз Жайықпен екеуміз
Иықтасқан, тұтасқан бір дене едік.
Пенделікті тас қаңтарып, шегеріп,
Біріміздің қамымызды екіншіміз жеп едік.
Шаттығымның тостағаны енді мәңгі кертілді,
Қалай көрем өз мінімді,
Қалай көрем бетімді?
Доссыз адам айнасыз қыз секілді.
Менің тұлпар арманымды айбынды,
Қасіретім мен қайғымды,
Және осал жақтарымды,
Кейде қиқар ісімді
Және қайсар мінезімді, күшімді
Жайықтай кім бағалады,
Жайықтай кім түсінді?!
Біз өмірден іздемедік оңай бақ,
Кеудемізден достық нұры атқан сайын арайлап
Туысқандар қызғанысып,
Таңданыса көз тігетін бар аймақ,
(Ханға жақындап)
Біз әрқашан жан байлығын адамның,
Болашағы деп қарадық ғаламның.
Қәне, ақыл-таразыға төрелік
Берелік те, сіз басқарған хандықты
Мысалға алып көрелік.
Сіз бірінші орынға
Адамзаттың қара күшін қойдыңыз,
Сөйтіп, елдің игі істерге құштарлығын жойдыңыз,
Қара күшпен қызықтырған дүрмекті
Қайдағы бір ойсыз, есер палуандар
Ақындардан әлдеқайда құрметті.
Басқа есікке жасадыңыз ілгекті.
Жұрт ішінен достыққа іңкәр, парықты
Біреу туса күндей жарқын санасы,
Бүкіл халық даңқты...
Өткен жылы біздің елдің баласы
Жау қолында, сонау көрші хандықта
Қалып қойған досын іздеп барыпты.
Тек ізгі ойдан алар болсын ән басын,
Самғаса тек сенім жыры самғасын.
Іздеп барса...
Бүкіл хандық жиылып
Дарға асқалы жатыр екен жан досын.
Қайсар жігіт амалсыздан сол елдің
Сіз секілді ханының аяғына құлапты.
«Досым еді тұрақты,
Қиын шақта табысып,
Бірге іздескен мұратты», —
Деп тұтқынның өміріне сауға сұрап жылапты.
«Күнәсі ауыр», — деп шайқапты хан басын.
Сәл ойланып: «Иә, ауырлық нарға сын.
Көкірегіңде жалындаса нар сенім,
Ұлан болсаң сол сенімге шөлдеген,
Бұл жігітті тек бір ғана жолменен
Құтқаруға мүмкіндігің бар сенің.
Көзіңді бер құрбандыққа,
Оған бола бәсеңсімес алаулы ой.
Достық деген бір бағытқа
Бір көзбенен қарау ғой.
Онда бір көз екеуіңе жетпей ме?
Досың бар ғой жетелер.
Бұл талапқа көнер болсаң, қарағым,
Шартым осы,
Көзіңді ойып аламын.
Сонан кейін досыңды ертте, кете бер?!»
«Құлдық, тақсыр, — депті жігіт шаттанып,
Қайсарлықтан жанарында от жанып, —
Дос тілектің садағасы жанымыз,
Міне көзім, алыңыз!»
Кіреуке сап думанды елге,
Хан үкімі орындалды, не керек,
Тұтқын жігіт туған жерге
Көзсіз досын ертіп келді жетелеп.
Ерлік хабар жылдам екен желден де,
Ерлік хабар дүр сілкінтіп даланы,
Бүкіл ауыл жолға шығып қарады.
Сол көрініс қалып қойды кеудемде.
Ете алмады ел көз жасына иелік,
Бірін-бірі аялап, бір-біріне сүйеніп,
Келе жатқан екі досты көргенде.
Заман қанша салғанымен бұғалық,
Біздің марғау, соры қалың елден де,
Батыр перзент туылды-ау деп жыладық.
Ең әрісі қиқар атай Ерден де,
Қайта-қайта жас үйіріп көзіне,
Бұл ерлікке өзін мәңгі борыштыдай сезіне,
Той жасады жұртты жиып кешкісін.
Жалғыз ұлға сауын етіп отырған
Атып ұрып жалғыз шұнақ ешкісін.
Ел осылай ер ұланын елеусіз
Қалдырған жоқ, қошеметсіз, демеусіз,
Ал мына сіз сол адамның есімін де білмейсіз,
Сөйте тұра қалың жұртты адалдыққа үндейсіз.
Нағыз ерлік көзіңізге көрінбей,
Құзға біткен өрімдей,
Назардан тыс қалып қойды бағасыз.
Сіз өзіңіз айдар таққан ер жігіт деп киелі
Шомақ палуан,
Дара біткен сүйегі,
Арқаға сап көтерсе атан түйені,
Марапаттап қуана қол соғасыз,
Иығына алтын шапан жабасыз.
Босқа және
Басқа жаққа лағасыз!
Ер қадірін назардан тасалаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Иә, ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті.
Танытатын азаматты, арлыны,
Бай ететін жарлыны
Достық сезім — мәңгі жасыл желегі,
Тек тұрақты қасиеттер елегі
Достыққа осал болғандардың барлығы
Ел тағдырын ойлауға
Қабілетсіз келеді.
Хан
( Ойланып )
Иә, сен мұнда жан досыңның сүйегіне келмеп пе ең?
Мерей
Дәл таптыңыз, тақсыр хан!
Айырдыңыз мені жалғыз жақсымнан,
Бұғау тастап, күн бермей.
Мендегі ұлы мүмкіндікті жойдыңыз.
Ботақанын тартып алған інгендей,
Ордаңызға жаутаңдатып қойдыңыз.
Көктем өтпей жетіп қапты күзім де,
Әттең, мына сұм тағдырдың қорлауы-ай!
Тым болмаса, сізбен қанжар жүзінде
Сөйлесетін мүмкіндіктің болмауы-ай!
Ордаңызды, дауыл бұзған ұясындай қарғаның
Талқандар ем, қол астымда әскер жоқ.
Жоқ және де қорғаным.
Сондықтан да секілді бұл орындалмас арманым.
Пешенеден көрерсіз де,
Бұдан былай егер сізге
Жер бетінде біреу болса діні қас,
Ол — мен болам.
Ал кессеңіз, міне бас!
(Ханға мойнын тосады.)
Жайығымнан шыбын жаным артық па?
Әгәрәкім кеспесеңіз,
Өле-өлгенше өштесеміз.
Өле-өлгенше ізіңізден қалмаймын.
Түлкі болып сіңсеңіз де тау-тасқа,
Қыран болып төбеңізден самғаймын.
Осыменен әңгімемді бітірем.
Тек бітірер алдында,
Қансыз әрі миятсыз,
Шым етпейтін ұятсыз,
Мына қара бетіңізге түкірем!
Тфу!
(Ханның бетіне түкіреді.)
Хан
(Шошына бетін буркеп, кіжініп)
Сүйегімнен өтіп кетті-ау қорлығың,
Хан басымды тәлкек еткен зорлығың!
(Жендет бастығын шақырып)
Жас «мейманды» тас қораға жабыңдар!
Ұмытардай болсын тіпті есімін.
Арқасына алпыс дүре,
Қарынына қырық дүре соғыңдар,
Бас бармағын шабыңдар,
Жәбірлеңдер,
Әбден қорлап бағыңдар.
Ал көнбесе, амал не,
Қайсар басын қағыңдар!
Жендет бастығы
(Маңғазданып)
Тақсыр, маған нақ осындай,
Аттың болат тағасындай
Қайсар бастар ұнайды.
Бірақ мені білесіз ғой...
Алдыңызға кешірімді бұл әлі
Еңбектеп кеп сұрайды.
Мерей
Ал сұрата алмасаң?
Хан
Иә, сұрата алмасаң ше?
Жендет бастығы
Онда тақсыр, мен болайын күнәлі,
Басу маған түк емес,
Пәпігін бұл мырзаның.
(Қызынып)
Лебізімде тұрмасам,
Қызметтен қусаңыз да ырзамын!
Мерей
(Мысқылмен)
Уәдеңізді қайта алыңыз,
Қызметтен босқа ажырап қаларсыз.
Жендет бастығы
Рақмет!
Қайғырмаңыз оған сіз.
(Жендет бастығы Мерейді алып кетеді.)
Жоқтау
Көңбайдың отау үйі. Төрде ересек, делқұлы баласы Торбайды қасына алып бәйбіше, одан төменірек қара жамылған тоқалдар отыр.
Бәйбіше
(Жағасын ұстап)
Тоба, тоба!
Ұрттарыңа құм құйылған сияқты.
Кәне, жоқтау айтыңдар,
Келген жұрттан ұят-ты.
Бірінші тоқал
(Мұлы мақамға can)
Сөнді жарық айымыз,
Жер жастанды байымыз.
Енді біздің, құдай-ау,
He болмақшы жайымыз?
Екінші тоқал
Қайран байлық қор болған,
Маңдайыңа cop болған.
Бүтін шалбар кимей-ақ,
Өтіп кеттің жалғаннан.
Үшінші тоқал
Мал ғана боп білгенің,
Қуанбадың, күлмедің,
Қанша сараң десе де,
Жақсы еді аман жүргенің.
Торбай
(Бәйбішеге еркелеп)
Апа, мен де әкемдей,
Аламын ба көп әйел.
Бәйбіше
(Жақтырмай)
Тыныш отыр. Аласың!
Торбай
Қалыңдыққа қашан ертіп барасың?
Бәйбіше
(Ызаланып)
О, жын қаққан. Әйел жеңген санасын,
Әкең өліп жатыр ғой!
Кейін...
Кейін барасың.
Төртінші тоқал
Құлағандай аспаным,
Кім ойламас бас қамын.
Жиырма екімде жесір ғып,
Мені кімге тастадың?
Бәйбіше
(Ақырып)
Жә, жә, байсыз қалмассың,
Бөртпе лақтай шошаңдаған албастым.
(Қуланып)
Былтыр жазда, нар жайлауда, дөңесте
Ымырт түсе жолығатын өзіңе
Жылқышың бар емес пе?
Кім еді әлгі...
Аузы-мұрны добалдай,
Ырс-ырс еткен сабан тыққан қанардай.
Енді сені мен алады дейсің бе,
Сол алмай?!
Сәл сабыр ет, кетерсің,
Арманыңа жетерсің...
Төртінші тоқал
Кетсем, кетем.
Қандай опа тауыппын мен Көңбайдан?
Тек бай деген аты ғана қомпайған.
Қартайғанда белге түйді-ау ұятты,
Шүйгін шөпті, жайлау, көлді жерсінбей
Қашып шыққан ессіз бұқа сияқты.
Осы отырған бәрімізді менсінбей,
Ханның қызын баспақшы еді төсіне.
Сауап болды.
(Тоқалдарға бұрылып)
Ау, біз сонша қайғырамыз несіне?
Үшінші тоқал
Дұрыс айттың, Талиға!
Екінші тоқал
Талиға жөн айтады!
Кәрі қақпас қайта қозып сайтаны,
Құрсауына өзі ілінді тұзақтың.
Бірінші тоқал
Хан қызына көз салғанын қайтерсің,
Осындағы он әйелін жарытпай.
Үшінші тоқал
Ал біз сорлы дөңбекшиміз ұзақ түн,
Санымызды жарқыратып балықтай.
Жылқышы
(Ентіге кіріп, жүгенін ұрады)
Ойбай, ойбай, бәйбіше!
(Ентігін баса алмай)
Ойбай, ойбай, бәйбіше!
Бәйбіше
Есіңді жи, не болды?
Неге сонша зарладың?
Жылқышы
Алып кетті Көнекеңнің бар малын...
Бәйбіше
Кім әкетті? Айтсаңшы!
Жылқышы
Малсақ айдап әкетті жүз жылқыны,
Қарсақ айдап әкетті жүз жылқыны,
Танаш айдап әкетті жүз жылқыны,
Қалаш айдап әкетті жүз жылқыны,
Рысбек те, Қамысбек те, Қамбар да,
Бәрі, бәрі... Өңешбай да, Талғар да,
Және мынау жас тоқалдың әкесі...
(Төртінші тоқалды нұсқайды)
Бәйбіше
Шомбал ма?
Жылқышы
Иә, иә, Шомбал да.
Коп жылқыны қамай қуып әкетті
Түстіктегі аңғарға.
Бәйбіше
А, қу құдай. Болысатын жан бар ма?
(Тұтығып)
Қ...қайда, қайда қалғаны?
Жылқышы
Қалың малдан босатты жұрт өрісті.
Ал қалғанын...
жылқышылар бөлісті.
Аз емес-ті еңбегім...
(Жыламсырап)
Маған түк те тимеді.
Бәйбіше
(Басын соққылап)
Ойбай-бай-бай, бар арманым күйреді.
Ойбай-бай-бай, бар арманым күйреді.
(Торбайды құшақтап)
Зор қайғыға душар болдық арылмас,
Енді Көңбай сорлының
Сүйегін де әкелер жан табылмас.
Торбай
(Жыламсырап)
Қолымызда мал қалмаса,
Маған қалай әпересің қатынды?
Бәйбіше
(Торбайды итеріп жібереді)
О, жарым ес, даңғаза,
Қатын жұтқыр атыңды.
Екінші тоқал
Бүйте берсе, түк қалдырмас бұл халық,
Оңала ма бір түскен соң іріткі.
Иә, тоқалдар, босқа қарап тұрмалық.
Біз де, ендеше, бөліселік мүлікті.
(Бәрі таласа- тармаса төрдегі кебежеге,
жиюлы тұрған жүктерге ұмтылады.)
Қайсарлық
Хан ой үстінде. Жендет бастығы кіреді.
Жендет бастығы
(Иіліп)
Аманбысың, Алдияр!
Хан
Ә, келдің бе, хас батырым, жан қияр,
Кетіп едің үш күн бойы хабарсыз?
Жендет бастығы
Алдияр хан!
Күйге түстім ажарсыз,
Амал нешік. Екі сөйлеу ер адамның өлгені...
Жас жігітті сізге әкеліп сұратуға кешірім
Иланыңыз, менің шамам келмеді.
Сабақ алдым естен мәңгі шықпастай,
Мен адамды жазалаудың
Жүз елуден асқан түрін білемін.
Соның бәрі қалғаннан соң түкке аспай,
Өмірімде бірінші рет қан жылады жүрегім.
Діні қатты екен тіпті,
Біз басқаша,
Ол айтады басқаша ән.
Мұндай қайсар мекемдікті
Естіген де, көрген де емес ешқашан!
Қаншама рет үсті-басын қан қылдық,
Қаншама естен тандырдық,
Башайларын қырықтық,
Сосын тұзға малдырдық.
Бірақ иттің баласы,
Міз бақпады-ау!
Қандай өжет етіп туған анасы.
Жо-жо-жо-жоқ! Ол ит емес, өзім ит
Болып шықтым, шамасы.
Тең емесін тұңғыш сездім күшімнің.
Ұрып, соғып, қорлап және азаптап,
Оны жеңу мүмкін емес екендігін түсіндім.
Кейде жаны бұл фәнимен қоштасуға аз-ақ қап,
Тұрсадағы,
Ойға тұнған жанары
Маған қарап күліп жатты мазақтап.
Жындануға сәл-ақ қалдым мен байғұс,
Ерік қолда, қылыш қолда десе де.
Оны мұнша батыл еткен қандай күш?
Міне, міне, міне, міне, мәселе!
Нәлет айтып, кектенудің орнына,
Мені шексіз жек көрудің орнына
Аянышпен, мүсіркеумен қараған,
Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған,
Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан,
Өзін мәңгі бақыттыға балаған,
Бұл не деген өр адам?
Намыстандым, қорландым мен, тап шыным,
Бейнесі әлі жанарымда тұр күліп.
Көкірегімде бірінші рет, тақсырым,
Бас көтерді сізге деген бір күдік.
Бұдан отыз жыл бұрын
Алдияр хан, маған сеніп бердіңіз
Осы қатал қызметтің шылбырын.
Отыз жылдай бастың емес, дененің
Қызметін ғана атқарып келемін.
Пәленшені мұнда келтір дедіңіз,
Сол сәтінде келтірдім.
Түгеншені жылдам өлтір дедіңіз,
Сол сәтінде көзін жойдым, өлтірдім.
Білуге де тырысқам жоқ себебін,
Өйткені мен бас емеспін, денемін,
Бұйырдыңыз — орындадым,
Тас жұмдым да көзімді.
Әділеттің жолындамын
Деп санадым өзімді.
Сөнген арман, өшкен көңіл
Тағдырыңдай әсер етпей көбіктің.
Жұрттың менен сескенгені деп ұқтым.
Ханға сену секілденіп төл ісім,
Ештеңені ойлағам жоқ өмірде.
Мен үшін де,
Және қалың ел үшін
Хан ойлап жүр дедім де.
Алдиярым, мінезіме таң қалма.
Мына жігіт кеудемдегі бар сенімді талқандап,
Күдік атты қорқынышты аңғарға
Кеткендей ме мені жалғыз арқандап?
Хан
(Күрсініп)
Ой жіберсең парықпен,
Бір ұшында мен де бармын сол жіптің.
(Бұйыра)
Жә, жігітті алып кел!
(Жендет бастығы шығып кетеді де, екі нөкердің
сүйеуімен үсті-басын қан жуған Мерейді алып келеді.
Олардың соңын ала бере уәзір кіреді.)
Көзім жетті.
Ерітердей тас жүректі мұз қатқан,
Отты, қайсар, қатал жігіт екенсің.
Зор әбестік болды, әрине, біз жақтан
Сорлы досың өліп кетті, не етерсің?
Мерей
(Ханға ұмтылып)
Сорлы деген сөзіңізді
Қазір қайтып алыңыз!
Хан
Иә, қайтып алмасқа да шамам жоқ.
Оның қанын менің мына кәрі мойным көтерсін.
(Мерейге жақындап)
Талап айтсам, қалай қарар екенсің?
Және тілек демеске де шарам жоқ.
Маған қарсы жинақталған бар өкпең
Сол тілекпен өтелсін!
Мерей
Айтыңыз!
Хан
Айтсам, алда үлкен думан-тойым бар,
Ай мен күндей ардақ тұтқан қызымды
Саған бермек ойым бар.
Мерей
(Басын шайқап)
Болмайды!
Менің досым ердің ері еді ғой,
Адамдықтың түпсіз кені еді ғой.
Ал мен оның ширегіне тұрмаймын.
Тек досыма тиесілі бақытты,
Атамаңыз, не бетіммен ұрлаймын!?
Олай ету шығар еді сатқындық боп санасыз!
Хан
Ойлан, ойлан!..
Мерей
Ойланатын түгі жоқ!
Жендет бастығы
Алдияр хан, екі айтпайды бұл жігіт,
Мен білем ғой, бекер әуре боласыз!
Хан
Таяқтың да екі ұшы бар емес пе?
Айтқаныма көнесің,
Ал көнбесең, өлесің!
Мерей
(Қасарып)
Мен өлімді таңдадым.
Жендет бастығы
(Мерейдің алдына келіп тізерлеп)
Айналайын!
Гүлзәр достық аспанының кеңдігін
Оның ұлы-парасатын, ерлігін,
Өлімге де мойынсынбас өрлігін
Қайсарлықпен дәлелдедің.
Сені көріп қайта тудым мен бүгін.
Аяу білмес мынау жендет жүрегімді мұз қатқан
Ойран-асыр дөңбекшіткен, сыздатқан,
Дімкәс соқыр сенімімді күл-талқан ғып құзға атқан,
Пенделікке ұстатпаған сауырын
Сенің даңқың артсын мәңгі!
Енді асқақ әнім сенсің,
Арай шашар таңым сенсің,
Менің ұлы ханым сенсің, бауырым!
Әзер тұрған өзі қазған апанына құлауға
(Ханды нұсқап)
Отыз жылдай сенген ханым мынау ма?
Отыз жылдай құлдық ұрған бас тұлға
Бүгін маған жиіркенішті көрінді.
Ызалы ойым айналды сел-тасқынға,
Бұйыр, кәне!
Ханның басы әп-сәтте-ақ
Домалайды аяғыңның астында.
(Жалынып)
Бұйыра гөр, жарқыным!
Мерей
Бұйрықпен бір сыйыспайды дос көңіл.
Және қылыш жүрген жерде зорлық бар,
Іздеген жөн басқа емін.
Жендет бастығы
Ақ тілегің алдыңда
болсын, жаным, бас құрбан.
(Қылышын суырып алып ханның алдына тастайды.)
Қылышыңыз өзіңізге, тақсыр хан!
Өз кінәңді өзің сезбей,
Талайлардың жолын бүркеп торлаумен
Айналысқан өкінішті мол дәурен,
Нәлет саған!
(Мерейге бұрылып)
Енді қалған өмірім
Өтсін сенің шаттығыңды қорғаумен.
Хан
Арлы беттей қызарып, нарттай жанған,
Әзіл соңы алапат өртке айналған
Жөн-нұсқасын өзім пішкен мына мұңлы оқиға
Кетті менің келте ойымды күйретіп,
Қалай ғұмыр сүрмеу керек екендігін үйретіп,
Кімге күлу,
Кімге күлмеу керек екендігін үйретіп.
Қатал болдым, қылышынан қан тамған,
Талай баста менің салған бар таңбам.
Ал қазіргі дарқандығым ол кінәмді жуа алмас,
Және ешкім қаға қоймас арқамнан.
Тарпаң шағын ұмытпайды ел қайда да,
Білем бәрін.
Нақұрыс деп ойлама.
Бірақ тым кеш білгендіктен ойыңды
Асыра алман пайдаға.
Достық — ұлы мүмкіндігін туады екен адамның,
Болашақта ұстар әні тек сол болғай заманның,
Арзандайды ел адал достық көз жоқта.
Досын оққа қиған жанға,
Елін қию сөз боп па?
Біз сол ұлы құдіретті қорлап көзге ілмеппіз.
Мақсат жібін өте келте күрмеппіз.
Бір адамды шексіз сене сүюден
Елге деген ұлы сезім басталарын білмеппіз.
Дауа бар ма бұл құдірет сезімге,
Хан басыммен қол астымда қандай күш
Жатқандығын кезінде
Әттең, әттең... ұғынбаппын мен байғұс.
Көне бердім,
Сөне бердім.
Қарттық жеңді. Бір аяғым тұр көрде.
Бару қайда немеремнің
Әні естілер күндерге?
Кім өзгертер табиғаттың бұл заңын.
Өлім заңын,
Өмір заңын,
Гүл заңын,
Бүгін, міне, тірліктегі ең негізгі қатемді
Түзетуге мүмкіндіктің туғанына ырзамын.
Бүгін тұңғыш тапқандаймын арманымның қорегін,
Бүгін тұңғыш суарамын мақсатымның терегін.
Сондықтан да ханның тәжін киіп тұрып, ең соңғы,
Ең негізгі бұйрығымды беремін!
(Уәзір жаза бастайды)
Тіршілікте бір досы жоқ адамдар,
Тәнті етсе де біліміне, күшіне,
Алынбасын ел басқару ісіне!
Дос тілектен тамыр жайсын армандар,
Бірінші боп достық шықсын төрге де.
Достыққа әлсіз болғандар
Әлсіз екен басқа күрестерде де!
(Уәзірге бұрылып)
Мені енді шетке қақты
Нән толқыны өмір атты ағыстың.
(Мерейді нұсқап)
Сыңарынан көз жазған бұл аққуды
Жұртты жинап, сыңарына табыстыр...
(Уәзір шығып Жайық пен Көңбайды ертіп кіреді.
Өз көзіне өзі сенбегендей аң-таң аңырып қалған
Мерей Жайыққа қарай ұмтылады.
Екеуі құшақтаса кетеді.)
Мерей
(Көңілі босап)
Тірі екенсің ғой.
Тірі екенсің ғой...
Жайық
(Мерейдің үсті-басын көзімен тінте қарап ызалана)
Денесінде сау-тамтық жоқ.
Ау, бұл қалай, тақсыр хан,
Айырмаңыз қалмаған ба қасқырдан?
Уәзір
Ашу кейде көзсіз, ойсыз ақ тарлан.
Қазір бәрін түсінесің,
Сәл-пәл сабыр ет, қалқам!
Хан
(Жайық пен Мерейге жақындап)
Мына тақты,
Және заңғар қызметін тақсырдың,
Қарақтарым, екеуіңе тапсырдым.
(Жайықтың иығына қолын салып)
Қарашығы секілденген көзімнің,
Жайық қалқам, қызым қалып барады.
Егер тағдыр қосам десең, өзің біл,
Ал әйтпесе, қарындасың болады.
(Өзіне-өзі)
Ізгілігін зұлымдыққа талатқан,
Аққу құсқа оқ атқан,
Барлық алтын уақытының жиһазын
Пенделіктің орманында тонатқан,
Көрдей қара тұман жапқан көңілін
Ең сорлы жан мен болайын,
Ең соңғы хан мен болайын, тәңірім?!
(Хан қалтаңдай басып шығып кетеді)
Көңбай
(Жыламсырап)
Ау, халайық, мен қайтем?
Уәзір
Көңбай, сенің жолың ашық, бара бер!
Тоқалдарың төркінінде жүр аман,
Бәйбішең де дін аман.
Сен өлді деп жұртқа жайған кезде де
Табылмады
Сүйегіңді әкететін бір адам.
Үш күн өтпей шаңырағың құлады...
Малыңды да қалың жұрттан сұрап ал.
(Көңбай шегіншектеген күйі
сахнадан ғайып болады)
Жендет бастығы
(Жайық пен Мерейді құшақтап)
Туған өлке аттарыңды асқарына көтерсін,
Әлемдегі ең бай адам сен екеуің екенсің.
Басқаша екен екеуіңнің арының,
Қылыштан да, Заңнан да,
Патшадан да, Ханнан да
Сендер мықты боп шықтыңдар, жарығым!
Қарашал
Ал, қанекей, оятыңдар даланы,
Оятыңдар өзендерді жасаураған жанары.
Оятыңдар кәрі шалды,
Бесіктегі баланы.
Оятыңдар мүлгіп жатқан сананы.
Бойын бүгін түзеген бұл патшалық —
Ұлы сенім патшалығы болады!
Екінші бөлім
Ақын, Тарих
Тарих
Ізгіліктің жайлауынан от өрген,
Достық әнін төбесіне көтерген,
Міне, осындай ерлер өткен, ақыным!
Ақын
Дүниеге миығынан паң күле,
Тымық түнді түре келген арайша,
Бұл ғажайып әңгіме
Назардан тыс қалып қойған қалайша?
Тарих
Мен Тарихпын,
Аз көрмедім ғасырлардың тоқпағын.
Бірде ашық, бірде жабық қақпағым.
Мені әр дәуір өз көзімен соттады,
Өз көзімен мақтады,
Өз көзімен ақтады.
Бүгінгінің көбісі —
Кешегі ойлар өрісі,
Кешегінің жалғасы.
Бірақ бүгін игі істердің
Кешегіден кеңіді мен арнасы?
Нар тұлғасын ұрпақтарға үлгі етер
Ерлік аз ба жарқыраған жасындай?!
Ақын
Өлімге де мойынұсынар тосылмай
Досың болса, болсын шіркін, осындай!
(Ызаланып)
Көрмедік деп ой тұшынар түгіңді.
Жазбайсың деп бүгінді,
Қазір маған кінә тағып жатыр жұрт.
Қайдан жазам?
Ғасырлардың талғамына татырлық,
Айналамнан табылмаса,
Нақ мынадай ұлы достық, батырлық?
Тарих
Аша түссең көзіңді,
Бұл сөзіңе ұялар ең,
Тіпті соқыр санар едің өзіңді.
Әне, содан болашағың көмескі,
Ең берісі, әкеңді де зерттеп білген емессің?!
Ақын
Зерттей қояр не бар еді әкемде?
Әлде әкемнің мен үйленіп жатқандағы
тамашамды бұзғанын,
Әлде арақты қалай ішіп қызғанын
Зерттеп, жазып ойға демеу етем бе?
Рас, бұрын момын еді шама-шарқын байқаған,
Кенет Нілдей бұзылды ғой есер дауыл шайқаған.
Бәлкім, дұрыс өлген шығар...
Әйтпесе,
Қайын атам маған қызын бермес еді қайтадан.
Кешпес еді сол жолғы оның қылығын.
«Жан-жағымнан қумалайды жалғандық,
Киіміне жасырынып шындықтың»
Студенттердің шағын асханасы.
Стол басында үйлену тойына жиналған адамдар
Тойбасы
(Орнынан тұрып)
Бүгін біздің Маздақ пенен Дария,
Тағдыр қосып, табысып,
Қуанышын етіп отыр бәрімізге жария.
Ал сол үшін, халайық,
Қос ғашыққа деген абзал ниетімізді ұқтырып,
Орнымыздан тік тұрып
Осы тосты көмекейге бір аунатып алайық!
(Бәрі орындарынан көтеріліп,
бокал соғыстырады)
Дауыстар
— Бақытты болыңдар!
— Алдарыңнан ай тусын!
— Тек махаббат білтесімен жаныңдар!
Тойбасы
Жомарт ойы қона қалған бойына,
Қауымына сәулесін шашып келген,
Перзентінің тағдыр қосу тойына
Ауруханада жатқан жерінен қашып келген
Медет қартқа берілмек ендігі сөз.
Медет
(Көзіне жас іркіп, кемсеңдеп)
Сенсеңіздер, сөйлер халде емеспін,
Құшағынан босана алмай өткен күнгі елестің.
Қара жердей ішке бүккен асылын
Бір сырым бар еді, достар, жасырын,
Ол сырымды кейін ашам туған жерге барғасын.
Елге апарып өткіземін
Мына тойдың жалғасын.
Бәріңді де шақырамын сол тойға.
Дауыстар
— Жаса, шалым, қартайма!
— Бәрекелді, жан аға!
— Біраз жатып, жүректі емдеп алыңыз,
Игіліктің ерте-кеші бола ма?
— Дәрігерді тыңдасақ,
Болар әр кез бас аман!
— Машинадай қайта шыққан жөндеуден,
Бұратыңыз онша-мұнша тетіктерді босаған.
— Ал сол үшін алайық та, халайық!
(Бәрі бокал соғыстырады)
Тойбасы
(Қолын көтеріп)
Жолдастар!
Бүгінгі той, тек үйлену тойы ғана дегенге,
Айтыңдаршы, көнер кім?
Бүгінгі той — ертең толар кемерге
Тойы — балғын өнердің.
Әдеп барда әдемілік тозбаған.
Жайсаң ойлар жетегінде маздаған
Біздің Маздақ нағыз ақын емес пе,
Жұрт жүрегін қозғаған!
Кәне, мұны дей алады бекер кім?
Мен Маздақты танымайтын кезімде
Жолыққанмын әкемнің
Көзіндегі оған құштар сезімге.
Әкем марқұм Маздақ жырын деректеп
Отыратын зерттеп, жаттап, електеп.
Әрбір ұлттың шегінгенін, өскенін
Ақынына қарап білу керек деп.
Байтақ дала ақынымен даңқты,
Алып қана тудырады алыпты.
Бәлкім, аяу керек шығар өзінің
Ұлы ақынын туа алмаған халықты.
Бұл той — балғын ақын тойы,
Бәріміздің жанымызға жақын той.
Бәрімізді толғандырған мәселе
Осы ақынның жырларында жатыр ғой.
Бұрынғы өтіп жатқан басқа тойлардан,
Міне, достар, мына тойдың айырмасы осында.
Кімде биік тілектер бар, жасырынған қайнар бар?
Кімде қандай көкейтесті ойлар бар?
Сол айтылсын дастарқанның басында!
Дауыстар
— Бәрекелді, бұл ерекше той болсын!
— Тойбасымыз қой бастаған серкедей,
Бастады ғой тосынға.
— Дұрыс, осы бағытыңнан тосылма!
— Құр бөстекі тілектерден
Қажыды жұрт, расында!
Орынбасар
(Орнынан тұрып)
Тойбасымыз ауыр міндет жүктеді.
Қою, сірә, оңай соқпас бұл тілекке нүктені.
Дегенмен де көрейін...
Дауыс
Ал көрсең көр, үстем болсын мерейің!
Орынбасар
Өріс ашқан сан кеме, сан қайыққа
Біздің сонау айтолқын Ақжайықта
Кета деген балық бар.
Уылдырық шашар кезде сол балық.
Қос жанары тұмандана толғанып,
Пәленбай күн жол жүріп,
Әбден шаршап болдырып,
Құлшына, жанып іштен,
Жан жүйесін сыздатқан сағынышпен,
Ұрпағына сенімді орын тапқанша,
Ешқайда қайырылмастан,
Бастапқы бағытынан айрылмастан,
Көзінде тек аналық арман ойнап,
Жүзеді екен үмітін алға байлап.
Ол анық сезінеді:
Табиғаттың тамаша кезеңінде
Сонау іңкәр Ақжайық өзенінде
Жылдағыдай секіріп ойнамайтынын,
Жем іздеп шарламайтынын,
Жанарында жаз көркі жайнамайтынын,
Тереңге тепсіне бойламайтынын.
Амал қайсы, бәрін де көру керек,
Ұрпағы үшін оған да көну керек,
Кеталардың тағдыры қандай қатал,
Уылдырық шашқан соң өлу керек!
Бұл балық шынында да дара батыр,
Әне, оған жақын тұр заманақыр.
Соның бәрін біледі ол,
Біле тұра,
Уылдырық шашуға бара жатыр.
Қалса бопты ұрпағы жалғасы боп,
Жалғасы боп,
Тірліктің арнасы боп,
Өзі өлген соң денесін шортан жесін,
Мұнда оның инедей шаруасы жоқ...
Әттең, шіркін, мүсінші болсам-ау мен,
Ұзақ түн кірпік ілмей толғатар ем.
Ұрпағы үшін жүрегі жырлап өткен,
Ұрпағы үшін өмірін құрбан еткен
осындай алыптарға
Ғажайып бір ескерткіш орнатар ем.
Өмір мынау, толған дау, толған егес,
Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,
Арманың арман емес...
Өйткені ұрпақ тағдырынан маңызды
Бізге дейін ештеңе болған емес,
Және бізден кейін де болмақ емес!!!
(Бәрі қоштап, қол шапалақтайды.
Орынбасар бокалын көтеріп)
Кешегі ұяң Дария қыз бүгін келін атанды,
Енді адал ана болсын, адал сүйсін Отанды.
Күйеу жігіт он бес ұлға әке болсын сақалды,
Сол ертеңгі ұрпақ үшін көтерейік бокалды!
Дауыстар
— Жарадың!
— Табылған ой!
— Тауып кеттің, қарағым!
(Бәрі орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
Тойбасы
(Қабділдәнің қасына келіп)
Тіршілікте ұясын тек шыңға сап,
Шыңнан ұшқан хас қыранның бірісіз,
Дарқан қазақ өнерінің гүлісіз.
Ал, Қабеке, енді сізді тыңдасақ!
Қабділдә
(Маздаққа бұрыла)
Көргендер де,
Көрмеген де арманда,
Ертеде бір той бопты, ұлым, орманда.
Қоқиқаз да, қарақұс та, қыран да,
Қара аю да, күшіген де, жылан да,
Қырғауыл да, қосаяқ та, зорман да
Бас қосыпты сол маңда.
Қоян кепті, қос құлағы ербеңдеп,
Тасбақа да орын тепті төрден кеп.
Сан орманның тамашасын тауысқан
Ән шырқады ала қанат сауысқан.
Жапалақ та он шырқады толғана,
Кезек әзер жеткен кезде қарғаға,
Маңдайына алақанын жастана,
Тыңдаушылар қалғып кетті, масқара.
Қоян айтты:
— Қалай болған күнде де,
Ән кезегін ұсынған жөн Пілге де!
Бір тыңдаушы айқай салды:
— Немене?
Өнер шіркін, қара күшке көне ме?
Одан қайта Піл ағай
Тауға барып тасымай ма бөрене?
Бірақ жұрттың елең қылмай бұл сынын,
Піл ән салды бұлғандатып тұмсығын.
Тумады-ау деп ой сергітер байтақ ән,
Қалың қауым қалғып кетті қайтадан.
Осы сәтте Бұлбұл әнге басты бір,
Қарт тоғайдың елестетіп жастығын.
Мүлгіп кеткен тыңдаушы жұрт оянып,
Жанарынан ризалықпен шашты нұр.
Көпке дейін тежеу мүмкін болмады
Ұлан-асыр қуаныштың тасқынын.
— Өте орынды соғылды бұл шапалақ, —
Деп сөз алды тостаған көз жапалақ, —
Біз де өнерін қадірлейміз бұлбұлдың,
Бірақ аз-мұз шатағы бар құрғырдың,
қараңдаршы, бір қанаты қырқылған,
балақ жүні ұйпаланған, жыртылған,
Достарым-ау, жатқан жоқ па осында,
Бет қызартар үлкен істің былығы?
Қаршыға айтты:
— Доғар сөзді, тасынба,
Бұл өзіңдей пенделердің қылығы,
Онсыз, сірә, күн кеше ме майдалар?
Әйтседағы бір сыр шерттің ойланар.
Мына сенің қанатың сау, ал содан
Жұртқа қандай пайда бар?
Ауыр еді бұл сұрақтың салмағы,
Елдің көбі Қаршығаны қолдады.
Баз біреулер тұрып алды табандап,
Бұлбұл әнін жерге соға жамандап.
Тек Қарақұс қалыс қалды...
Келмеді оның тіпті көзге түскісі.
Өнерінің құдіреті жағынан
Бұлбұл, сөзсіз, құс біткеннің күштісі.
Мақтар еді, жарылып бір ағынан,
Ой шырмаған қызғаныш ит тағы бар.
Ал даттауға қорқатын ол Бұлбұлдың
Үлкен болашағынан.
(Маздақтың қасына келіп)
Әрқашан да саф өнердің жолы — сын.
Ұлым, сенің үлкен болашағың бар!..
Мына тосты көтергенді жөн дер едім сол үшін!
(Маздақпен бокал соғыстырады,
бәрі орындарынан тұрады)
Маздақ
— Рақмет, аға!
Орынбасар
Кедергіні сезінсе адам, жүрмек ылғи күшінде,
Ояу жүрмек өңі түгіл түсінде.
Ендеше, біз көтерелік
Сол Қарақұс үшін де!
Қабділдә
Жоқ!
Бұл пікірің болғанымен қиысты,
Тек ізгі ойлар қолдау көрсін.
Тек ізгі ойлар жұрттан мадақ есітуге тиісті.
Айымбек
Дұрыс айтты Қабекең!
Өссін десек жақсылықты сезіне,
Жақсы ақынды мақтаған жөн көзіне.
Өз тойында ойлы жырын Маздақтың
Тілек етіп қайта оқимын өзіне!
Дауыстар
— Бәрекелді!
— Жөн, жөн!
— Ал тыңдадық!
Айымбек
(Тамағын кенеп)
Ғұмыр келте деп налисың, досым-ау.
Бұдан миллион ғасыр бұрын
Жер ғарышқа тең шашып жасыл нұрын,
Мимырт, шабан тіршіліктің құшағында күліпті.
Ал адамдар үш мың жылға дейін өмір сүріпті.
Сан балапан ғасырларды алақанда сөйлеткен,
Ұзақ ғұмыр,
Ұзақ ғұмыр, ой, неткен!
Жасы қашан жеті жүзге жеткенше
Уыз сәби саналыпты бойжеткен.
Ара-тұра бой қылтитқан Күдікке,
Бір жайсаң сөз айта алмапты Үміт те.
Жеті жүзге жасы жетпей,
(заң солай),
Үйленуге рұқсат жоқ жігітке.
Бірақ бірде болды оқиға сұрапыл...
Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,
Қосып арман-тілегін
Қосып мұңын, мұратын,
Тіл бітірер сезімменен тасқа да,
Тек сезімді етіп іңкәр астана,
Жасы жүзге жетпей жатып,
Бір-біріне ғашық бопты,
Масқара!
Күннен-күнге лаулай түскен құштары,
Бұл не пәле салт-санадан тысқары?!
Тумай жатып қағынғаны қалай деп,
Жұрт жағасын ұстады.
Ал жігіттің әкесі айтты:
— Қу, балам,
Ит боп шықтың жақсы атаққа тумаған.
Дәтің барып қалай дәстүр бұзбақсың,
Жұрттан қайда қашпақсың сен шулаған?
Жетер қайғы сыйладың сен өлгенше,
Өлген жақсы бұл қорлықты көргенше.
Ақылға кел,
Үйленбестен қоя тұр,
Тым болмаса, алты жүзге келгенше.
Ел тағлымын аяқ асты төсенбе,
Той аз болмас әлі сенің көшеңде,
Бес жүз жыл күт.
Сонан кейін рұқсат,
Он бес қызды қабат алам десең де!
Жігіт өкси, мұңын шақты:
— Болмайды,
Бұл пәлсапаң ақылыма қонбайды.
Тасқа ұрсаң да мына бейбақ маңдайды,
Әнім ән боп самғайды.
Кәрі емендей қасарыса бергенше,
Қайран әке, ұғынсаңшы, мән-жайды.
Тұйықталса перзентіңнің арманы,
Сені ілер қайғы-мұңның қармағы.
Одан қайта қол ұшын бер, құда түс,
Қыз үйіне бардағы.
Бірақ әке секілденіп тас қамал,
Үндемеді.
Таусылды енді басқа амал.
Жаңалыққа көз аз болмас оқталар,
Бой көрсетті тұсаулар мен ноқталар.
Қорғау, қолдау көрмеген соң ешкімнен,
Қол ұстасып тауға қашып кетті олар.
Бұл оқиға шартарапқа жайылды.
Дінге берік қатал қолдар байырғы
Қос ғашықты іздеп тауып алды да,
Бір-бірінен айырды.
Енді лезде байтақ аспан тар болып,
Көңіліне ызғар толып, қар қонып,
Күні-түні еңіреді екеуі,
Қас қағым сәт көрісуге зар болып.
Екі ғашық алып ұшып жүрегі,
Тағдырынан былай тілек тіледі:
«Төсте тойы тарқамаған,
О, Жер-анам, дарқан анам,
Ұл керек пе саған мықты?
Өзгерт онда шабандықты.
Сен үшін бұл қиын іс пе соншалық?
Шабандықта қырсық жатыр қаншалық.
Біздер ұзақ, мағынасыз ғұмырдың
Іш пыстырар мінезінен шаршадық.
Қайтіп тірлік кешеді жұрт самғамай,
Арындамай,
Ағындамай,
Таңдамай.
Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,
Суға жазған таңбадай.
Жүрсек мейлі, қай белесте,
Дөңесте,
Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.
Мағынасыз үш мың жылдан
Мағынамен,
Мәнмен өткен,
Махаббатпен,
Әнмен өткен,
Үш жыл артық емес пе?
Егер оны көп десең,
Айналайын алып тұлға,
Құдіретті, жұмыр жер,
Ғашығыма жолықтыр да,
Үш-ақ күндік ғұмыр бер!
Сезінбестей ет кессе де етімнен,
Лапылдайын інжулі іңкәр отыммен
Тек үш-ақ күн,
Тек үш-ақ күн бере ғой,
Сонан кейін басымды алсаң, өкінбен».
Қайсар ғалам жібітіп тас көңілін,
Қос ғашықтың қайтпасын деп меселі,
Жер бетінде адамдардың өмірін
Отыз есе қысқартыпты деседі...
...Ал сен ғұмыр келте дейсің!..
Дауыстар
— Оңай соқпақ тауып кетті, не етерсің?
— Тамаша!
— Көркем дауыс, көркем үн
Ойлы өлеңнің өсіреді-ау өркенін!
— Жақсы оқиды екенсің!
Айымбек
(Бокалын көтеріп)
Қиын шақта тізесін бүкпесін деп,
Екі жастың көп болсын деп елге тартар үлесі
Және ешқашан бітпесін деп
Мағына мен мазмұн үшін күресі,
Тойбасының тіліменен айтқанда,
Мына тосты, халайық,
Көмекейге тағы аунатып алайық!
(Бәрі орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
Тойбасы
Уақытқа сән қосатын өзекті
Енді әнге бермейсіз бе кезекті?
Дауыстар
— Келініміз ән салсын.
— Кәне, Дария, қысылма!
Дария
(Орнынан тұрып «Қалғымасын ерлігің» атты әнді орындайды)
Міне, саған ойланатын келді күн,
Азамат боп атқа міндің сен бүгін.
Бірақ атқа мінгеніңнен не пайда,
Жүрегінде қалғып жатса ерлігің.
Қайырмасы:
А — а — а,
Бозбала,
Қанатыңды талдырма
Алай-түлей жаңбырда,
Тізгініңді беріп қойма тағдырға,
Қуанышым.
Жан-тәніңмен бір адамды сүймегенің үшін,
Сүйе алмағаның үшін
Табиғаттың алдында кінәлісің.
Қорға, жаным, сеніміңді жеруден,
Қорлық бар ма, жанбай жатып сөнуден.
Өмірдегі үлкен жеңіс әрдайым,
Басталмай ма өзіңді-өзің жеңуден.
Болашағың алдында өлі, бүлдіршін,
Ер жігіттің намысына бұл бір сын.
Бүгін көрсет қайратыңды, күшіңді,
Ертең, мүмкін, кеш бола ма, кім білсін.
Дауыстар
— Көп жаса!
— Қосағыңмен қоса ағар!
Тойбасы
Қалықтасын пәк тілектің ақ құсы,
Хас жүйріктер жарыстарда көрінбек.
Келесі сөз
Жұбанышбай Нұрқановқа берілмек.
Дауыстар
— Көсіл, кәне, жігітім,
Тұсау тастар ешкім жоқ аяғыңа!
— Көкейтесті не тілек бар ойыңда,
Ақтар бәрін жан досыңның тойында!
Жұбаныш бай
(Орнынан тұрып)
Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына,
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын,
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше «майысқан» деп ойлапты
Сөзге келмей, пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп,
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
«Басы қайтты, — деп қуанды, — қауіптің».
Жона-жона имек бүркіт тұмсығын,
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
— Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің-ау жүдеп өлер шағыңа, —
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
— Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды,
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды,
Бірақ бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты солай серпілді,
Алас-күлес шаттық күйі шертілді.
Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп,
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас-қапас тасқынды
Айғақ етіп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да, бүркітті
Өлтіруге бұйырды.
— Тағдырыңды қасіретке байланған
Ап шыға алман бұл тұйықтан, қайраңнан.
Қош бол, құсым, — деді патша қыранға, —
Өлген жақсы, қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
— Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табаңда, —
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағат қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай —
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Aт басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқаңда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырған,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің-ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен, ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман сенен аямайды бар нұрын
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам-тұрсам тілеймін тек
Тағдырың
Түспесін деп әумесердің қолына.
(Жұбанышбай өз тосын көтеріп
тастап орнына отырады)
Тойбасы
Қызық енді басталды,
Ортамызға қатал сұрақ тасталды.
«Бүгін кіммен, ертең кіммен боламыз?
Кімге жақын,
Кімнен алыс тартады ертең арамыз».
Мына тосты жетегінде осы ойдың
Кәне, достар, үндеместен аламыз!
(Бәрі үнсіз орындарынан тұрып бокал соғыстырады)
ЖІГІТ
(Ентіге жүгіріп кіріп)
Келіп қалды құдалар!
Тойбасы
Жолдастар!
Ауа райының адамзатқа «өшігуіне» байланысты,
Ұшақтың кешігуіне байланысты
Енді жетті құдағи мен құдамыз.
Құрметіне сол «айыпты» жандардың
Бәріміз де орнымыздан тұрамыз!
(Құда, құдағи, Тойтық кіреді. Қонақтарға сәлем бергелі
орнынан көтерілген Медет құдасының жүзіне үңіле
қарайды да, теріс айналып кетеді. Жұрт аң-таң.)
Орынбасар
(Медетке бұрылып)
Меке, сәлем бермейсің бе құдаңа?
Медет
(Толқып)
Игі жақсы жараңдар!
Айтпасқа не шарам бар.
Мына тойды Маздағымның институт бітірген
Думанына санаңдар.
Менің ұлым үйленбейді бұл қызға!
Дауыстар
— Масқара!
— Қарияға не болған?
— Әзілі мен шыны ма?
Маздақ
Әке, Әке!..
Жындандың ба, немене?
Тойтық
Бұл не деген далбаса,
Сенің ұлың болмаса,
Қарындасым байсыз қалып өле ме?
Жұбанышбай
Ау, бұл қалай, қария?
Тойтық
(Дарияны сүйреп)
Кеттік, кәне, Дария!
Маздақ
(Тойтықтың алдын кес-кестеп)
Өтінемін, тоқтаңыз!
ТОЙТЫҚ
(Кіжініп)
Жә, жолама, сүмелегім,
Бетіңді ет қып жіберемін,
Енді саған мәңгі жабық қақпамыз!
(Дарияны сүйреген күйі есіктен шыға жөнеледі.
Құда мен құдағи бірге кетеді)
Маздақ
(Медеттің жағасына жармасып)
Ақылыңа іштің бе, әке, арақты?
Медет
(Ақырып)
Тарт қолыңды!
Ұл емес пе ең санатты...
Маздақ
(Күйзеліп)
Ендеше, сол санатыңды қара жерге қараттың,
Тағдырыма оқ аттың.
Өле-өлгенше кешірмеймін мұныңды,
Қарғап өтем осы қара күнімді.
(Бетін басып)
Бәріне өзің кінәлісің... не етемін...
Жүрегімнен мәңгілікке жазылмайды бұл түйін.
Енді сендей әкенің
Құны маған бір тиын!
Медет
Күтпеп едім...
Күтпеп едім сенен мұны...
А-а-а...
(Жүрегін ұстаған күйі еденге құлап түседі,
Айымбек басын сүйейді)
Орынбасар
Салиқалы жігіт ең, ақылың бар...
Бекер қызып кеттің-ау...
Дауыстар
— Жедел жәрдем шақырыңдар!
— Жедел жәрдем шақырыңдар!
* * *
Ақын сол ойланған қалпында.
Тарих
— Сонан кейін?
Ақын
Өлді...
Терең қазып жерледік.
Мүмкін, менен кеткен шығар пенделік,
Егер көзбен қарар болсаң байыпты,
Ол жағдайға түгел әкем айыпты.
Тарих
Ешкім терең танымаған
Сенің әкең алып адам!
Ақын
Жоқ!
Әкемді санамаймын алыпқа,
Қонбады оған ел сыйлайтын даңқ та.
Жанын салып мені өсірді, оқытты,
Түптеп келсек, ол алыптық болып па?
Ұрпағы үшін өз өмірін қимай ма
Балық екеш титтей кета балық та?!
Иығымен көтерсін деп заманды,
Мен де өсіріп келем екі баламды.
Әке алдында бар қарызым өтелген,
Дей алмаспын, борыштар боп өтем мен.
Әйтседағы әйелімнің әкесін
Артық көрем әкемнен.
Іс пайымдар әркім жеке басымен,
Әкем жайлы әңгімені доғарайық осымен.
Кеттім, қартым, басқа айтарың болмаса!
Тарих
(Мысқыммен)
Тым асығыс екенсің,
Саған тағы ашар сырым бар еді,
Ләкин тыңдап кетерсің?!
Ақын
Бірақ та сен салмай өгіз аяңға,
Тоқ етерін қысқа ғана баянда!
Тарих
(Басын изеп)
Оңтүстікте,
Дарқан Азат даласында
Отызыншы жылдардың шамасыңда
Әсте екі айтпайтын,
Айтса бітті, алдан қанжар кезесе де, қайтпайтын,
Жалғыз емес, жалғыз өрді дегенімен атадан,
Қауымына жаны жуас мейірімді ботадан,
Аты басқа болғанмен, мінезі үшін бір беткей
Құрбылары Қайсарбай деп атаған,
Әр таң сайын оянатын өз арының үнімен,
Жеміс күткен арманының гүлінен,
Тұрып жатты жас жігіт
Әйелімен және екі ұлымен.
Бұйығы күн жайғанмен жез қанатын,
Ол бір қатал, тым қатал кез болатын.
Білім нұрын тамсана дала күтті,
Кейбіреулер тосырқап жаңалықты
Жатқанда шетке қашып,
Қайсарбай надандықты бетке басып,
Әйелімен екеуі бала оқытты,
Қос құдықтың бойынан мектеп ашып.
Дәл сол кезде бүлікшілер
Бас көтерді Азатта.
Момын дала лезде айналып шыға келді тозаққа.
Тағдыр сомдап соққандай-ақ күш-кейпін,
Иығынан дәуірінің ауыр жүгі түспейтін
— Аукомолда хатшы болып істейтін
Қайсарбайдың Көрік деген бар еді бір жан досы.
Бақытты еді ол тапқанына өзіне сай серікті.
Ештеңеден хабары жоқ Қайсарбай
Отырған-ды үйінде.
Екі жігіт жараланған Көрікті
Алып кірді естен танған күйінде.
О, тәңір-ай, осы ма еді, осы ма еді көрмегі,
Қайран досы көз алдында үнсіз жатты өлгелі,
Тықыршумен ернін тістеп кезе берді ол бөлмені.
«Сәл сабыр ет, қазір, қазір ертіп келем дәрігер!»
Ал бейтаныс жігіт айтты:
«Жоқ, болмаңыз әбігер,
Айналаңыз қаптаған жау, қолға түсіп қаласыз».
«Өлген жеңіл, — деді Қайсар, —
отырғаннан шарасыз».
Шығып кетті. Дәрігерді таба алмады ол бірақ.
Көңілі жер боп қайтып келсе екі иіні салбырап...
Үйі лаулап жанып жатыр, өліп жатыр жан жары,
Екі жігіт өліп жатыр қанға бөгіп қанжары.
Өліп жатыр... бәрін, бәрін қас қағым сәт шешіпті.
...Тақтайменен шегелепті терезені, есікті.
Құлағына екі ұлының даусы жетті шыңғырған,
Санасыз жау шарасызға неге мұнша өшікті?
Бұзып кірді терезені...
досы жатыр өлімге өзін ұмсынып,
Қос ұланы бебеулейді көк түтінге тұншығып,
Қайсар дел-сал тұрып қалды өз сезімін електеп,
«Ең алдымен кімді ап шығу керек?» — деп.
Ақын
(Шыдамсызданып)
Сонан соң?
Тарих
Мәселен, сен қайтер ең?
Ақын
(Күмілжіп)
Б... білмеймін...
Бәлкім, алып шығар едім сәбиді?!
Тарих
Ал ол досын алып шықты.
Қос перзентін құтқармақ боп,
Ұмтылғанда келесі
Құлап түсті отқа оранған биік үйдің төбесі.
Екі бірдей күнәсіз жан, екі бірдей жас тұлға
Мәңгі солай қалып қойды жанған үйдің астында...
Ақын
Мынау нағыз қыран ғой төске өрлеген.
Сонау Сақтар кезіндегі
Достық үшін өлімнен сескенбеген
Таңғажайып ерліктен
Инедей де кем емес.
Асып түсті бар биіктен мен күткен!
Одан әрі айтыңыз?!
Тарих
Бұлт серпілді.
Домбырадан күй шертіліп көңілді,
Тіршіліктің жұпар лебі қайта кезді өңірді.
Өте берді, өте берді желмаядай желіп күн,
Шат-шадыман гүлдеді өмір бұтағындай өріктің,
Қайсарбай да белін буып, бекініп,
Шаңырағынан жылу тапты Көріктің.
Шын сеніскен, сүйініскен, ұғысқан,
Сірә, мұндай бола қоймас туысқан.
Міне, қырсық...
Көрік бірде екі күн
Қатарынан қайтпай қалды жұмыстан.
Көңіліне шөкім күдік ой салмай,
Асыл досын іздеп барды Қайсарбай.
Жанарынан тарамаған мастығы:
— Кел, кел, — деді НКВД бастығы, —
Көрік досың арам екен, қара екен,
Taп жауымен байланысы бар екен.
Аман сақтап қалғың келсе басыңды,
Құтқарам деп әлектенбе досыңды!
Бұл ортада бас араздық жүретін-ді бұрыннан.
Жарық көрсе, көбелекше қалбаң қағып бұрылған,
Әлгі жігіт жұбайына ынтық еді Көріктің,
Қайсар оның құрған торын тани кетті қырымнан.
Ақын
Оқиға енді тереңдеді.
Мынауыңыз дайын тұрған поэма.
(Шыдамсызданып)
Одан кейін не болды?
Тарих
— Арам ойың орындалмас ал басты, —
Деп Қайсарбай жас жігіттің алқымына жармасты.
— Қоймадың ба, онда сен де кетесің,
Өз түбіңе енді өзің жетесің, —
Деп жымиды ол аңғартып жай кекесін,
Сипап тұрып
Құрбақаның желбезегі сияқты
Кенет ісіп шыға келген шекесін.
Ол айтқанын орындады.
Лебізіне бекем екен «азамат»,
Сондайлардың кейде жолы болатыны ғажап-ақ.
Өтірікпен қиыстырған бір жалаға байланып,
Қайсар солай кете барды мекеніне айдалып.
Ақын
Мынау тіпті сұмдық екен!
Тарих
Бірақ шындық ешқашанда қалмақ емес тапталып,
Үш жылдан соң туған жерге қайтып келді ол ақталып.
Келсе, Көрік оралмапты.
Жанын қажап сан күдік,
Жас досының жұбайы да көз жұмыпты мәңгілік.
(Ойланып қалады.)
Ақын
Сонан кейін?
Айтсаңызшы тезірек!
Тарих
Екі өмірдің өзегіндей бұл қызыққа қарашы,
Жалғыз өксіп қалыпты үйде тәй-тәй басқан баласы.
Жесір әйел сол сәбиді қанатының астына ап,
Егіз тағдыр сияқтана отыр екен бас құрап.
Қайсар сорлы ашылғандай көңілінің бұлағы,
Нәрестені құшып тұрып айқай салып жылады.
Нәрестені құшып тұрып есіне алды ол өткенді,
Нәрестені құшып тұрып өзіне-өзі серт берді.
Қатал, өжет азаматтың мұндай кезін жылаған
Бұдан бұрын бұл өңірде көрген емес бір адам.
Тек жылаумен толтырардай өмірдегі олқыны,
Көп өкірді ол, көңілі теңіз секілденіп толқыды.
Ақын
Иә, иә, бұлайша тек күшті адамдар жылайды...
Тарих
Мұнан кейін жан адамды көзге ілмей,
Қайда бағыт ұстағанын жан адамға сездірмей,
Баланы алып Ақжайыққа көшіп кетті сол түні.
Нақ сол түннен өр жігітті қанатты
Жерлестері мәңгілікке жоғалтты.
Қайсарбайдың күллі өмірін бұрды өзіне нәресте,
Мектепке алғаш барған кезі, шыққан кезі белеске,
Он жылдықты бітіргені... бәрі, бәрі, бәрі есте.
Ұланының жанарына түсе ме деп көлеңке
Үйленген жоқ.
Бар қызықпен қош айтысты ол ерте.
Үйленбеді.
Тым қаталдық болды-ау деймін мұнысы,
Бірақ оның дәуіріне сыйлаған кең тынысы,
Ұланы үшін атқарған зор жұмысы —
Ұлы адамның ұлы ісі!
Ақын
Азаматтық — адамзаттың қасиетті ұраны.
Бұл әңгіме болды-ау маған ұлы сын.
Осы ұлы адам туралы
Үлкен дастан жазбасам,
Ақын атым құрысын!
Тарих
Сол ізгі жан өліп кетті ескерусіз, бағасыз.
Бұған теңдес қасіретті, кәне, қайдан табасыз?
Маңдайына аямастан жазған екен соры да,
Қайран тағдыр қазір жұртқа көрінеді күлкілі.
Ал перзенті ұлы әкесін ардақтаудың орнына,
Ит етінен жек көреді бұл күні.
Ақын
(ызаланып)
Ондай ұлды соттау керек!
Тарих
(кіжініп)
Ә, солай ма?
Ендеше, сен өзің сотта өзіңді!
Өзің ағыз ана соқыр көзіңді!
Ақын
(айқайлап)
Неге?
Неге?
Айтпайсың ба себебін?
Тарих
Кешегі өлген сенің әкең сол Қайсарбай еді ғой,
Қолындағы жетім перзент сен едің!
Ата-анаңа бірдей сыйлап қара түн,
Қайсарбайдың қиған жайсаң қанатын,
Сол кездегі НКВД бастығы
Қойныңдағы әйеліңнің әкесі
Яғни, анау қайын атаң болатын!
Ақын
А-а-а-а-а!
(Қос алақанымен құлағын басып тұрып қалады.
Сәлден кейін есін жиып)
Бүкіл әлем алдында екі бетім қаралы,
Жаным жардай жаралы.
(Қалшылдап)
Қазір барып қайын атамды өлтірем,
Әке кегін аламын!
Тарих
Ол онсыз да өлген адам, қарағым!
Ақын
Ел құлағы естімеген сұмдық бұл,
Сорлы басым... кімді келгем қорған ғып...
Киіміне жасырынып шындықтың,
Жан-жағымнан қаумалайды жалғандық.
Қайран әкем...
Неге-неге таңдады екен жолды бұл.
Неге маған бөліспеді
Иығындағы мол жүгін?
Тарих
(Күрсініп)
Оның түрлі себептері болды, ұлым...
Бірдей төзіп ыстыққа да,
Салқынға
Жер астында жатпай ма алтын көзден таса қалпында?
Қашан қазып алғаныңша күтетін,
Шындық кейде ұқсайды сол алтынға!..
Сен ақынсың өніп шыққан өртеңге
Қандай өріс ұсынасың ертеңге?
Қандай жеміс ұсынасың ертеңге?
Ойлан, ойлан...
Әділеттің қылышы
Енді сенің желкеңде,
Енді сенің желкеңде
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: мұхтар шаханов Сын сағатта өлең стихи на казахском мухтар шаханов олен казакша, мұхтар шаханов өлеңдері, мухтар шаханов олендери, мухтар шаханов стихи на казахском, Сын сағатта