Міржақып Дулатұлы (Айтыс)

 Міржақып Дулатұлы (Айтыс)

Бір кезде әлде қалай бір нәсілдес
Алдында көп таулардың болып кеңес.
Қазыбек Шат тауымен екеуінің
Бір үлкен арасында шықты егес.
Кәрі Шат деді: «Сақтан» Қазыбекке,
Адамға бағынбадың тіпті текке.
Үй салып, түтіндетіп етегіңе
Қиратса ағашың да бармас көпке.
Уатып тас кеудеңді темір күрек
Алтын, жез хазнаңды алар керек.
Жалғыз-ақ бүркіт ұшып, тұман жүрген
Жеріңнен өтер керуен жол ғып сермеп.
Адамзат, Қазыбегім, хайлалы ол,
Бір іске талап етсе табады жол.
Сақтан, дос, аяқ алыс нашар деме,
Халқы көп Күншығыстың қайраты мол.
«Қорықпаймын Күншығыстан», - деді Қазыбек
Ондағы адамзатты білемін бек.
Мінеки тоғызыншы ғасыр болды,
Ғафлат ұйқысыңда жатыр құр тек.
Қарашы, грузиннің істеріне
Көпіртіп тәтті шарап ішкеніне.
Ағаштың саясында сұлап жатып,
Төккенін ұйқылы-ояу үстеріне.
Түтінін бұрқылдатып қорқор тартқан,
Сүйеніп орындыққа қолын артқан.
Маржандай жылтыраған чишмә алдында
Иранды көрмеймісің қалғып жатқан.
Құддыстың етегіне салсаң назар,
Қураған, үнсіз, жансыз шөл дала бар.
Алланың фәрманымен өрт шалғандай
Сарғайған сәні кетіп, қашқан ажар.
Жайылған бәдәуи де аттаныстан
Барымта, батырлықпен мал табысқан.
Әндетіп жұлдыз санап өткен күнмен
Істерін бабалардың еске алысқан.
He нәрсе болған мүмкін көзбен көрмек?
Тып-тыныш жатыр ұйықтап қылмай еңбек.
Алжыған Күншығысқа оңайлықпен.
Жоқ, достым, болар қиын мені жеңбек.
Мақтанба! - деді қарт Шат, - күні бұрын,
Әуелі байқа ақылмен істің түрін.
Көзің сал Солтүстікке мұнарланған
Бір қатер көрінеді, жарықтығым.
Бұл хабарды берді хафа Қазыбекке,
Қайғырды өңі қашып, тұрып текке.
Көреді қалың қара қаптаған жау,
Қараса бір мезгілде Солтүстікке.
Дулыға, сауыт киген әскер басы,
Қасында ең сенімді жан жолдасы.
Шұбырған ілек-ілек қалың әскер,
Оралдан Дунай суы бет алысы.
Шаңдатып атты әскер өтіп жатыр,
Ту ұстап, дабыл қаққан өңшең батыр.
Дүние жаңғырыққан тұман басып,
Болғандай бейне қазір заман ақыр.
Қаптаған күшті әскер көшкен бұлттай,
Түсінен тұрар емес көрген қорықпай.
Бұлақтай таудан аққан шуылдасып,
Келеді Күншығысқа ол жуықтай.
Ой басып қоркынышты есі кетіп,
Бұлдырап екі көзі түсті кетіп.
Хафалы ер Қазыбек санап еді:
Есебін біле алмады жаудың жетіп.
Қарады сонда батыр қайғы батып,
Тұқымдас тауларына назар атып.
Түсіріп дәл көзіне киіп бөркін
Қабағын қарыс жауып қалды қатып

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру