Қадыр Мырза Али (Жарқыншақ түспеу үшін жыр бетіне)

 Қадыр Мырза Али (Жарқыншақ түспеу үшін жыр бетіне)

Жарқыншақ түспеу үшін жыр бетіне,
Жарындай арыңменен бірге түне.
Шыдаудың өзі де ерлік, айналайын,
Халықтың сыйы менен құрметіне!
Жастың да келіп қалды ақырабы,
Жанымның дірілдейді жапырағы.
Уақытың жетпей жатса,
Кездесуге
Бір күнде екі жерге шақырады.
Ақынның бақыты ғой жемістісі.
Қайтеді уақыт жағы кеміс кісі?!
Досың бар,
Туысың бар —
Соның бәрі
Келеді қуанышын бөліскісі!
Ықылас,
Ниетіңе құлдық, аға!
Бір сәтке босатпайды гүлді қала.
Дәл бүгін бір жолдастың туған күні,
Үйінде көршіміздің шілдехана.
Қайтесің күнде өкініп қайтпағанда!
Әуелден таныс осы жәйт маған да.
Мартың бар,
Ноябрь бар,
Жаңа жыл бар,
Кино мен театрды айтпағанда!
Запыс боп дырдулардан,
Желіктерден,
Зардабын той-думанның шегіп көргем.
Уақытты әлі осылай беріп жүрмін
Жомарттай бар тиынын бөліп берген.
Белгісіз ақын едім,
Бақытты едім.
Өзіме-өзім ие,
Шабытты едім.
Заманның назарына түскеннен соң
Ырқыма көнбей қойды уақыт менің.
Жақындап қалғанменен қыстың лебі
Әлі де бітпей жатыр істің көбі.
Өзімді жас баладай сезінемін
Тізгінсіз арғымақтың үстіндегі!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру