Қадыр Мырза Али (Ғибрат)

 Қадыр Мырза Али (Ғибрат)

Үкі күліп айтты,
Қыран біліп айтты.

— Қыран, сені, ел деген
Құр бекерге мақтайды,
Қараңғыда көрмеген
Қырағыға жатпайды!
— Дұрыс, Үке, ел деген
Мені солай атады...
Ал жарықта көрмеген
Соқырға анық жатады!
* * *
Өлсе Есек байғұсың,
Түлкінің ол қайғысы.

Есек өлді деп естіп,
Түлкі өксіп жылады.
«Мұнысы енді білместік!»—
Деп хайуандар шулады.
Ұлы сонда ересек:
«Қойшы,— деді,— мұңайма!
Өлді ақмақ бір Есек,
Соған да жұрт жылай ма!»
«Ойлайтұғын ертеңін
Әкеңнің де бар басы.
Өмір сүріп жүргенім
Есектердің арқасы!»
* * *
Төс пен Балға
Қандай халда?

Болғаннан соң тамыр-дос,
Қажет болып көмегі
Бір Балғаға
Темір Tөc
Түзетісті Шегені.
Бірақ жұмыс кезінде
Көңілі оның қалды одан.
Өйткені Төс өзі де
Таяқ жеді Балғадан.
* * *
Түсінуге тырыс —
Біздің сөзі дұрыс.

Жыртылды Етік осы күз,
Шіркіннің жаны сірі еді.
Жамайыншы деп соны
Біз Пырсылдап келіп кіреді.
— Баспаңыз, досым, гөй-гөйге!
Дейді Біз,
Етік көнеді.—
Бүтіндеу үшін
Кей-кейде
Тесуге тура келеді
* * *
Мықты деген Пілдің де
Құдайы бар, білдің бе?

«Аң біткеннің алыбы,
Аң біткеннің мәлімі
Не?»—десеңдер,
«Піл!»— дейді
Қай жердің де халығы.
Арыстандай күшті аңнан,
Жолбарыстай дұшпаннан
Қаймықпайтын сол Пілің
Қорқады екен Тышқаннан!
* * *
Батпағына батқасын,
Торай не деп шатпасын!

Шошқаның шолжаң Торайы,
Келіп қап сөздің орайы,
Көйлегін әппақ тілдеді: —
Оңбаған мата бұл!— деді,
Салтақсыз бір күн тұрмайды,
Сүйеді лас, кір, майды!
Жүретін таза күйінде
Не жетсін қара киімге!
* * *
Аттың соры — қылы екен,
Қылының ол құлы екен.

Көсілтетін жазықта
Батырларға сай көлік
Байлаулы тұр қазықта
Белі берік сәйгүлік.
Жер тебініп, шыңғырып,
Жұлқынып тұр бесіннен.
Жібермейді шылбыры
Өз қылынан есілген!
* * *
Шыбын не деп қоймайды,
Ара не деп ойлайды?

— Біз-з көппіз-з!— деп әндетті
Қара Шыбын қаптаған.
— Сапасызды, әлбетте,
Саны көп деп мақтаман!
Сендер жұрттың масылы,
Түгі де жоқ мәз болар.—
Деді Ара,— Асылы,
Асыл нәрсе аз болар!
* * *
Көзсіз батыр
Қайтып жатыр?

Табан Балық толғанып,
Түрлі тәсіл қолданып,
Жем-қармақпен ойнады,
Бірден жұта қоймады.
Алабұға ойланбай,
Бір қылғытты,
Сормаңдай!
Ілінді де бұғақтан
Бір-ақ шықты құрғақтан!
* * *
Біреу үшін ұқсастық,
Біреу үшін қысастық.

Сұр жебесі самсаған
Дикобраз
Бір күні
Дәл өзінен аумаған
Кездестіріп Кірпіні,
«Қадап алып түрпіні
Жүр деп мені мазақтап!»—
Тұрды жолда
Кірпіні
Бір қоюға аз-ақ қап!
* * *
Түрі-түсі шаштың
Көркі емес Бастың.

Қылымсыған бұл Басты
Қылайын деп албасты,
Шаш түсті де,
Бұйра Бас
Қасқа Басқа алмасты.
Шаш түсті деп не налып,
Бас қалды бір дем алып.
Бастың көркі — шаш емес,
Бастың көркі — даналық!
* * *
Үлкен құлақ не үшін?!
Кіші құлақ не үшін?

«Ақылы аз мынаның,
Көп сыналар бұл аңым!»—
Деп табиғат Есектің
Үлкен қылған құлағын
«Ақылы бар мынаның,
Көп мақталар бұл малым!»
Деп табиғат Жылқының
Кіші қылған құлағын.
* * *
Барда кетпейтін дос,
Жоқта шеттейтін дос.

Сия толы көк Сауыт
Қаламменен дос болды.
Өтті бірге көп сауық,
Көңілдері қош болды.
Бүгін, міне, қарашы,
Сия Сауыт босқа алаң.
Бітіп еді сиясы,
Келмей қойды дос Қалам

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру