Күләш Ахметова (Ескі жұртта)

 Күләш Ахметова (Ескі жұртта)

Жол түседі төмен қарай дөңестен,
Өткен өмір...
Шығардық біз оны естен.
Бір кездегі түйе жүрген жерлерде
Түйдек-түйдек түйе жапырақ шөп ескен.
Қақталады қалған ескі қалайы,
Құс сайрайды, болар, бәлкім, бал айы.
Жабайы өмір —
Табиғаттың анасы,
Ескі жұртта — шөп те,
Құс та
Жабайы!
Жел желіксе, қалмас мұнда шаңсыз жер,
Жабылады топырақта қалса іздер.
Мұнда да бар шуақ пенен көлеңке.
Мұнда да бар мықтылар мен әлсіздер.
Құмырсқалар үйіне жем тасығыш.
Ұйымшыл-ақ түскен кезде басына іс.
Кесірткелер айбат шеге қалғанмен
Қарсы жүрсең,
Қашады екен асығыс.
Тағы тірлік ескі жұрттың маңайы,
Жоқ бұл жерде мәдениет сарайы.
Көк шөп қаулап ескен жерде тежеусіз
Жәндіктердің әрекеті — жабайы!
Қандай жақсы шілдедегі көк орман,
Көк орманда бұрқыратып шөп орған.
Күннің нұры секіреді орақта,
Көңіл нұры шашырайды жанардан.
Тамаша ғой шілдедегі көк орман,
Көк орманда хош иісті шөп орған.
Шырмауықты орағыңа оралған
Алып тастап,
Рахат қой демалған!
Қандай жақсы ақын үшін мол арман,
Ой орасың сияқтанып шөп орған.
Бұрқыратып шумақтарды тастасаң
Жүректерге сезім сеуіп әр алуан.
Одан артық рахат та жоқ шыным,
Демалсаң бір шөп ішінде көк шырын.
Десте-десте өлең жинап алсаң-ай
Шөбін жинап алғанындай шөпшінің.
Өлең деген шеп емесін білем мен,
Теңеу ғой бұл тіл ұшына тіленген.
Өлең — кілем, бірақ жұпар шөп иісі
Шығып тұру керек ондай кілемнен!
* * *
Қайнаған күн!-
Бәрі ыстық, бәрі жалын айналамның.
Айналамнан аса алмай, аңсасам да,
Айнам, мен амал таппай байланармын.
Ыстық күн, ыстық әлем ми қайнатқан.
От сезім – маған қағаз шимайлатқан.
Кешқұрым жалын отын жамылады
Күннің де өзі жерді қимай батқан.
Ыстықта ынтықтықтан күйемін мен,
Жетектеп кете алмадың білегімнен.
Ол үшін жазғырмаймын,
Жалынбайтын
Сенің сол тіктігіңді сүйемін мен.
* * *
Тамаша тағы бір таң нұрланды атып,
Шын бақыт — өмірдегі тұнған бақыт.
Созғанда күн саусағын терезеге,
Ояндың білегіңе сырғам батып.
Өмірді мәңгілік деп кім ойласын?
Мәңгі емес деп те ешкім мұңаймасын.
Қояйын пластинка таңдап ерте,
Күн шығып, сен тұрғанда күй ойнасын.
Қашан да тау мінезі шәлкес те ірі,
Тәкаппар таңдағы аппақ тау кескіні.
«Алатау» атты күйді ала таңнан
Құйылтсын Құрманғазы оркестрі.
Үй нұрға толып кетті міне мүлде,
Тып-тыныш таң шапағын күле күнде.
Сырғамның ізі қалды білегіңде,
Өлеңнің жолы қалды жүрегімде.
Бір кезде сен салған ән,
Ән бе екен бос кеудеге жан салмаған.
Осы әнмен мейрам алып келгеніңде
Мен неткен қырсық едім қарсы алмаған?!
Келгенде сен осы әнді жылап айтып,
Мен тұрдым талдай қатып, қарамай түк.
Жалтақтап қарай-қарай кетіп едің,
Қоямын бүгін саған кінә қайтіп?!
Бұзды бұл тыныштықты кешкі үн сеңдей,
Қозғалды тұнық сезім көшкін селдей.
Сондағы ән!
Бөтен адам... Маған арнап
Бұл әнді салмайды енді ешкім сендей!
* * *
Ыстық жаз бен қатты қыстан,
Тыныштық пен қақтығыстан
Бұл өмірдің тұратынын,
Біреулерге біреулердің
Бүйрегінің бұратынын.
Мен білмейді емеспін,
Белес-белес, белес құм...
Өтер, кетер елес күн,
Ұзартам деп қайткенде
Қабырғаммен кеңестім.
Тәуекел мен іркілістің,
Енжарлық пен сілкіністің
Қатарласып өсерін,
У, ләззат бұл өмірде
Болатынын қос өрім
Көрсетеді әр күнім.
Сездіреді әрбір үн.
Өмір нұрын, жаңбырын...
Жер сияқты көтерген
Көтеремін барлығын.
Ғұмыр деген арты соқпақ,
Алды — мұң,
Өмір қымбат, аз сүрсең де, құдірет
Сатушыдай қайтармайды қалдығын.
Сондықтан да ғұмырдың әр шағына,
Береміз біз мағына.
Іздегендей құлдықтағы ел теңдік,
Іздейді адам тірлігіне көркемдік,
Іздейді адам, іздейді адам іздеген
Өз бақытын соқпақтармен жүздеген.
Бір нәрсе айқын бұл өмірде —
Әлемдегі күш барлық
Кеудеңе кеп орнау үшін
Болу керек жүрегіңде
Қайсарлық пен құштарлық!
* * *
Ұсақ-түйек сәттілік не береді?
Маған үлкен қуаныш керек еді.
Күннен түскен сәуледей сезімдерден
Көктем туып, көңілім көгереді.
Туған далам, төсінде бұлғаңдаған
Бұлағыңмен бетімді жуғанда анам,
Туралық пен мөлдірлік тұнған маған.
Сол сезіммен жырлаймын тұлғаңды аман.
Аз нәрсеге бабалар алданбаған,
Маған да үлкен бақыт бер, туған далам!
Көше бойы машина, ағын, ағын...
Ағын ойға еріксіз бағынамын.
Гуілдеген дыбыстан құлақ тұнып,
Құлындардың дауысын сағынамын.
Көңілімнің аңсаулы шағы ма бұл,
Арасынан дыбыстың, дабыраның,
Дүкендерден аппақ нан алып тұрып,
Үйдің күйген күлшесін сағынамын.
Үлкен қала үлгісін, заңын... бәрін
Қалауыммен ұнаттым, қабылдадым.
Сағынғаным сонда да ауылымды —
Балалық шақтарымды сағынғаным.
* * *
Жаны емеспін ұшқалақ көп өкпенің,
Мұң шағатын бар шығар себептерім.
Буырқанған жырыммен неге, ағатай
Бұйығы өмір сүруім керек менің?!
Күнім өтсе бейне бір түрсіз кілем,
Бола алмайды жаныма мұнсыз жыр ем,
Даусым барда далама жететұғын
Қалай ғана тасада үнсіз жүрем?!
Кейбіреуге көрінем зерек, терең,
Олар үміт күтеді демек менен.
Жағдай айтып келгенге өз жағдайым
Болмай жатып қалай мен көмек берем?!
Нөсерлетер, бұрқанар маусым да алда,
Мен өзімді қоспаймын таусылғанға.
Туған елге берейін түсіндіріп
Жүрегімнің жұмбағын даусым барда!
Жары жаман болғанын қалай ма адам,
Бұл жайында толғанып сан ойлағам.
Бірдеме етіп от басын ұстармын-ау,
Өнегелі жақсы ана қалай болам?
Досы опасыз болғанын қалай ма адам,
Бұл туралы толғанып сан ойлағам.
Өз балада қайтсең де керексің-ау,
Жолдастарға қымбат дос қалай болам?
Із қалдыру керек қой қалай да адам,
Бұл туралы бәрінен көп ойланам.
Балаң, досың жаныңды түсінер-ау,
Қалаулысы халқымның қалай болам?!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру