Күләш Ахметова (Өрік ерте гүлдейді)

 Күләш Ахметова (Өрік ерте гүлдейді)

Түрлі-түрлі сыбаға, сыйлық ғұрып...
Біреу жабы, біреулер жүйрік мініп
Жүрген өмір заңында шаруасы жоқ —
Көктем келді биіктен билік құрып.
Көктем өктем патшадай шешім құрып,
Көрсетеді жомарт сый, тосын қылық.
Ағаштардың кигізіп көк көйлегін,
Қыс киімін қыздардың шешіндіріп.
Мен осыған таңданып отырармын,
Білдіреді өзінің ниетін әркім.
Бұл көктемде көгершін көптеу ұшып,
Күріштері жақсы өссін Вьетнамның.
Биыл да айдын ойнасын нұрында айдың,
Бейбіт өмір әкелсін бірыңғай күн.
Сұлулығы сақталсын барлық заттың,
Суы таза, мол болсын Уругвайдың.
Жарқырасын ақкөңіл жан еңбегі,
Аналардың айтылсын өлеңдері.
Қатқыл сөзден қамығып жыламасын
Шешесі жоқ балалар әлемдегі.
Махаббатын адамның талап еткен
Мейірімді де айбарлы дала неткен!
Менің ұлы далама ұлы думан
Алып келе жатқандай жаңа көктем!
Жанында еркелеген көктем ем мен,
Мәңгілік көктем болып өтпегенмен.
Бұйығы, күйкі істермен тұмшаланбай,
Тыңдайық буырқанған Бетховеннен.
Кеш түссе, ашық түстен мұнар басым,
Өмірдің оймен кешіп ұлы арнасын,
Алапат толқындарға араласып,
Тыңдайық ұлылардың шығармасын.
Бейуақта беймәлім бір толғанда мұң,
Тыңдайық өткендердің армандарын.
Шулатып Чюрленистің өр теңізін,
Тербелтіп Штраустың ормандарын.
Бір ісі бітпей, бірақ бірі біткен
Адамдар өмір сүрер ұлы үмітпен.
Құласын құлайтындар биіктерден,
Шаршасын шаршағандар іріліктен.
Игерсең сезімнің де тыңын игер.
Шынайы сезімдерден жылыр үйлер.
Ұсақ сөз, жеңіл әндер желмен ұшып,
Ойнасын дүр сілкініп ұлы күйлер!
Жазылған жанның азап күшіменен,
Адал күйлер туыс көңіл құсыменен.
Шын сүйсең, баура сезім құдіретімен,
Тістелеме ерініңнің ұшыменен!
Көктем де келді айналып,
Келмеді сенен бір хабар.
Асығып қырдан ойға ағып
Жылады сонда жылғалар.
Сен жоқсың, жатыр жол тыныш,
Үмітпен күтіп жүр едім.
Жанымды билеп қорқыныш,
Сыздады сонда жүрегім.
Сәуір де сондай салқын-ақ,
Кім маған шаттық дайындар?
Жапырақтары қалтырап
Қамығып қалды қайындар.
Жіберер емес еркіне,
Даланың жапты шөбін сыз.
Келмей тұр көктем көркіне,
Өзіңсіз дала көңілсіз.
Сарғайдым піскен жемістен,
Сағыныш басып бөлмені.
Тұрғандай тіпті келіспей
Сен келмей,
Көктем келгені...
* * *
Түсіндім мен көктемнің тағы күшін,
(Рахмет шуақ пен жарығы үшін).
Шумақ-шумақ ойлардың арасынан
Күн шыққандай оянды сағынышым.
Көшелерден жас жандар бірге өткенде
Өрік-сезім кетеді гүлдеп демде.
Гүлдеп мен де, тағы да сені ойладым,
Ал сен кімді ойладың бұл көктемде?!
Қызықтырғым келген емес ешкімді,
Қарапайым өткіземін кеш, түнді.
Жиналыста сөйлегем жоқ жасанды,
Шынайылық — әдетім ол қашанғы.
Сыналғанда шыққан емес тіпті үнім.
Қиындыққа көбіне мен мықтымын.
Қайдан алғам қайсарлықты мұншалық, -
Мықтыларға барғаным жоқ мұң шағып.
Кездерде де шөлдеп ернім кезерген
Бір мәнісі болар деймін, төзем мен.
Сондай едім,
Алдыңызда ал сіздің —
Қояннан да қорқақпын да әлсізбін.
* * *
Жақсы кеш күйі ұнаған,
Жолықтым көзіңізге тойда абайсыз.
Қарайсыз жиі маған,
Ғашық боп қалар-ау деп ойламайсыз.
Тербейді сиқырлы кез,
Жеткендей ғажайып бір күй алыстан
О, неткен сүйкімді көз!
Жүрегім лүпілдейді қуаныштан.
Бүгіндей болмайды ертең,
Билеймін, билеймін мен, билеймін мен.
Дүние қандай көркем,
Ешкімді сүймеймін мен, сүймеймін мен.
Шаттықты өлшемек кім,
Күй шалқып, өзендердей ақсын өлең.
Сіз барсыз.
Сол себепті
Бұл кешті жақсы көрем, жақсы көрем.
Билейміз жаңаша біз.
Тербетіп алма ағаштың жапырағын.
Жымиып қарасаңыз —
Қол созып биге сізді шақырамын.
Арамызда беті қатты долы су,
«Көпір» дейсің, алып кеткен оны су.
Керек емес жеткізетін желқайық,
Керек емес болмағанға болысу.
Жүрегімде сағынышты тәтті у бар,
Жоқ, жоқ, басып қалғандай-ақ тап бір қар.
Долы судан өте алмаймыз екеуміз.
Әрі-бері өтер еркін аққулар.
Сен жақта — құм, жолды жапты сол құмдар.
Мұнда — дауыл.
Бәйтеректер солқылдар.
Арамызда тас ойнатқан көк толқын,
Адамдарды аямайды толқындар.
***
Ол кезде ұялшақ жас бала едім мен,
Көзіңнен, сөздеріңнен, сәлеміңнен
Жылылық таптым ба екен, қайта-қайта
Алдыңа барушы ем ғой өлеңіммен.
Аударып жыр тіліне бұлақ үнін,
Әдейі барғанымда жұма күні
Қуанып қалғандай боп көрінуші ең
Менің ең алғашқы ақын мұғалімім.
Жанарың болушы еді көлдей тылсым,
Жалт қарап, сезімді оқыс тербейтінсің.
Апарған өлеңімді оқып шығып,
«Жаңа өлең жазсаң, тағы кел» дейтінсің.
Ол кезден бері қанша көктем өтті.
Жел қанша аймалады кек теректі?
Сен қанша қызға «жырың жақсы екен» деп,
Мен қанша сыншыларды өкпелеттім.
Өмірдің жырға қосар ұлы ағынын
Тәп-тәуір ақын болдым, сірә, бүгін.
Сонда да алдыңда әлі толқып тұрам,
Менің ең алғашқы ақын мұғалімім.
* * *
Қанша жол жүрдім,
Қанша жаңғырды ізім,
Өмірдің кердім қанша жаңбыр-күзін.
Сезсем де табиғат пен тағдыр мұзын,
Жүреді шаттық болып жүрегімде
Өзімнің оттай ыстық жан жұлдызым.
Таза ағыстай алысқа апаратын,
Ен, жақсы теңеулермен аталатын
Ол — менің саған деген махаббатым!
Мені сүйсең —
Құмартып тәтті ерінге,
Басқа жанды сағынып қақ бөлінбе,
Мені сүйсең—
Сүй мынау тіршіліктің
Өлең болып қалатын дәптерімде
Қарапайым, елеусіз сәттерін де!
Мені сүйсең—
Бұл нәзік таң гүлдерін,
Желпи соққан самалдың әрбір лебін.
Шөптерді сүй —
Жасартар шалғын керім.
Күндестік пен бақастық қонбас маған,
Құн нұрына құмарту — бар білгенім!
Ортақтасу — жүректің алғашқы ісі,
Сүйсінуден кем болып қалмас кісі.
Талпына алса — көңілдің талмас құсы,
Мені сүйсең —
Менше сүй өмірді де,
Осы — бізге керегі, ең бастысы!
Аппақ гүлдер жолдапсың себетімен
Сүйеріңе онсыз да сенетін ем.
Аппақ гүлдер солады күн өтпей-ақ
Өзің аппақ көңіліңмен кел, өтінем.
Аппақ гүлдер жолдапсың көк себетпен,
Айта алмадым сырымды көп себептен.
Іңкәр болған қазақтың қыздарынан
Мен ғана ма арманын көксеп өткен?!
Мен күтермін өзіңнен дерек, хабар.
Аппақ гүлдер төгілер, себет қалар.
Себет қалар, сағынып қарағанда
Бір күліп, бір жылауға себеп болар.
Махаббаттың аты көп қой, азап екен бір аты,
Қимай-ақ азаптады ол, қатал екен, сірә, тым,
Менікі еді қара шашың, кең маңдайың, қолдарың,
Менікі еді көздерің де құшып-сүйіп тұратын.
Менікі еді бар болмысын, басқаның жоқ керегі,
Енді біздің соңымыздан қаншама сөз ереді?
Менікі бір қыз сүю жайлы ақыл сұрар болса егер,
Cүйе тұрып, сүймеймін деп айта көрме дер едім.
Өйткені, сол қателік қой талайларды қоспаған,
Бәрі өткен соң өкінеді, өкінеді босқа адам.
Бір өзіңді, сен де мені кешірер деп күткенмен,
Жолмаядай жүйрік уақыт ешкімді де тоспаған.
Қиналыстық.
Қуанышты быт-шыт етіп бір күнде,
Бізге қарап таңырқады, шығара алмай жұрт үн де,
Менікі еді жақсы әнің де, дауысың да, күлкің де,
Барлығы да бөтен болып бара жатыр біртіндеп...
Терезеден телміремін, бозарып бір ай туды, ә?
Баяғыдай бақтан жастар қуанысып қайтуда:
Біз екеуміз екі жерде ерегісіп отырмыз,
Намыстанып жалғыз сөзді алдыменен айтуға

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру