Кенен Әзірбаев (Сарбарпы)

 Кенен Әзірбаев (Сарбарпы)

Сарбарпы сай - сайды өрлеп қанат қағып,
Безілдеп жоғары - төмен сумен ағып.
Майысып су бетіне тиіп төнген,
Ағаштың бұтағына ұя салып.
Жүреді қашып ылғи сұр жыланнан,
Сондықтан су қасына ұя салған.
Құрғақтан құтылса да ақыл тауып,
Тағы да қорлық көрді су жыланнан.
Тұрмысы бұлбұл құстың бұлдырады,
Жыланнан қайда барса құтылады?
Торқаға орап қойған балапандар,
Жем бер деп аузын ашып шырқырады.
Жем іздеп ата-анасы кеткен шақта,
Бөленген балапандары торғын мақта.
— Бөбегім мен барғанша не болар?—деп,
Зарлайды бұлбұл қонып әр бұтаққа.
Жиналды ән тыңдауға құстың бәрі,
Сұмырай сұр жыланда күштің бәрі.
Тас балқып, таулар қалғып, шөптер ұйып,
Әлемді елжіреткен әннің зары.
Зарлайды күндіз-түні таң атқанша:
«Ұядан балаларым қанаттанса,
Сұр жылан саған зауал болар ма екен,
Жалмадың ұрпағымды менің қанша!
Апырай, қу жыланға жем қын қойдың,
Нетеді жаратпасаң, жаратқанша!
Мүгедек нашар құстар шуылдады,
Бәрінің жүректері суылдады.
— Жыланға қалай амал табамыз?!— деп,
Жаңғыртып тоғай ішін дуылдады.
— Нашармыз біз де өзіңдей,—
деді құстар —
Жыланды шара бар ма бізде ұстар.
Шуылдап Сарбарпыға алғыс айтты,
Әніне разы боп барлық достар.
Сауысқан қыпың - қыпың жақындады.
Табалап Сарбарпыны бақылдады.
— Менен сақа әнші құс өтпейді,— деп,
Көре алмай бұлбұл әнін тақылдады.
Құзғын мен алақарға қаңқылдады,
Олар да сауысқанды мақұлдады.
— «Шоқ-шоқ!» — деп Сарбарпыны көре
алмастан,
Орманда тоқылдақ та тоқылдады.
Сарбарпы қас пен досты ажыратты,
Дос құстар біраз көңілін жадыратты.
Табалап келеке еткен күншіл құсты,
Қаршыға, лашын кеп қырып сапты.
Сарбарпы мұны көріп көңілі тасты,
Келеке, күлкі қылған құстан қашты.
Ән шырқап таңға жақын отырғанда,
Кез қылды Сарбарпыға қарлығашты.
Қарсы алды Сарбарпы да қарлығашты,
Әнменен жайын айтып төкті жасты.
— Бір қайран, достым, сенен болмас па?—
деп,
— Балам не болды екен?— деп қарны ашты.
Қарлығаш: — сабырлық ет, достым,— деді,
Ниетті енді саған қостым деді.
Менің де балаларымды жылап қоймай,
Жыланды құртатын дос таптым,— деді.
Қарлығаш осылай деп ұшып кетті,
Сарбарпы мұны естіп шүкір етті.
Дүниеде мұнан өтер ұшқыр құс жоқ,
Әпкелді көз жұмғанша көк тәуетті.
Тәуетті құрметпенен алып жүрді,
Қарлығаш иығына салып жүрді.
Орман мен өзен бойын өрлей ұшып,
Тәуетті ұяға әкеп отырғызды.
Сондағы Сарбарпының сарнағаны,
Сағынған балаларға аңырағаны.
— Бармысың, төрт балапан,
жоқпысың? — деп
Көзінен жасы тамып зарлағаны.
— Ұрпағым, аман ба екен төрт балапан,
Саласың жылда қайғы — дерт балапан.
Дертімізді жазатын күнім туды,
Жауыздан алатұғын кек балапан.
Жылайды төрт балапан шыр-шыр етіп,
Аңқайтып ауыздарын жем дәметіп.
Тамақтан басқа оларда еш қайғы жоқ,
Көрсетіп көмекейін пыр-пыр етіп.
Қарлығаш Сарбарпымен сырласады,
Екеуі кезек сайрап жырласады.
Дәуітке құрметті қонағым,— деп,
Мың түрлі ән-күйменен ырғасады.
Жем іздеп балаларға келелі деп,
Қарлығаш бұлбұлменен белді асады.
Қондырып көк тәуетті ұяға олар,
Тілімен өздерінше ымдасады.
Тоғайда миллион құстар жүрген сыйып,
Сайрандап саясында күдерді үзіп,
Бір мерген бұлақты өрлеп келе жатса,
Ғажайып кез болады үлкен қызық.
Дем алып, бет - қол жуып отырады,
Бір жылан өте шықты сумен жүзіп.
Селт өтіп, септі жылан көрген шақта,
Тесіліп қарап тұрды көзін сүзіп.
Су жылан ағып барат сылаң қағып,
Тоқтады бір ағашқа бұраң қағып.
Үйіріліп суға төнген бір бұтаққа,
Өрледі бір ұяға ирең қағып.
Мерген де қарап тұрды тамашалап,
Ұяға жылан барды жанасалап.
Безілдеп Сарбарпы мен қарлығаш жүр,
Дөңбекшіп қанатымен жерді сабап.
Ұяға жылжып жылан бара жатыр,
Ысқырып қызыл тілі жалақ-жалақ.
Мерген де жүгіреді жаны ашып,
Алуға балапанды арашалап.
Сүмбесін мылтығының қолына ұстап,
Мергенші ұрайын деп ашу қыстап.
Аузында көк тәует тұр әлгі ұяның,
Көзіне түскеннен соң тұрды тоқтап.
Құстардан жылан қылмас қатер - қауіп,
Жұтпаққа балапанды нәпсі ауып,
Ұяға басын жылан тыққан кезде,
Көк тәует екі көзге қалды шауып.
Серпіні бұл тәуеттің қандай күшті,
Мылтықтың білтесіндей сырт деп түсті.
Балапан тұрмақ бас қайғы боп,
Сұмырай суға келіп сылқ деп түсті.
Қарлығаш бұлбұлменен қарқ-қарқ күліп,
Құрметтеп көк тәуетті алып ұшты.
Мерген де қайран қалды көріп тұрып,
Тәуетке үлкен алғыс беріп тұрып,
Жыланды мазақ қылды, ұстай келіп,
Тез солай бұтаққа ілді бөліп тұрып,
Дос болсаң қарлығаш пен тәуеттей бол,
Міндетсіз, сату, қолқа, дәме етпей бол.
Қарлығаш, бұлбұл, тәует нағыз достар,
Анық дос, жан аямас білгендей сол

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру