Мұхтар Шаханов (Қымыз бен піспек)

 Мұхтар Шаханов (Қымыз бен піспек)

Зейнолла Қабдоловқа

Кел, ағатай, сырласалық, ойласалық аз уақыт
Шабыт отын жаққандардың бірі сенсің маздатып.
Ара-тұра намысыңның желмаясын боздатып,
Ойларыңды ұлы Әуезов ойларына қоздатып,
Тірлігіңе және содан тапқан жоқсың аз бақыт.
Қай кезде де айтылады батырға өкпе, досқа наз,
Ұлы қарты жоқ ұлттар - боп жүргендер босқа мәз
Ұстарасын жаландатпай сәл бөгелсін шаштараз...
Бұл қазақта ақ сақалдар жеткілікті болғанмен
Сол сақалды ту биікте ұстап жүрер бастар аз.
Бүгін міне, байтақ өлке нарық атты күйге енді,
Бақыт келіп дарынға емес қалталыға сүйкенді,
Сол сәтінде ол басқа биік қалталыдан сый көрді.
Аласа мен асқақ рух шекарасы жойылып
Майлы қасық ұстағандар қалам ұстап үйренді.
Ұлы мінез жинақтаған біздің ұлы даланы
Жан жағынан пендешілік дерті қоршап қамады.
Қайда оның ұрандары, қырандары саналы?
Табанының бедері жоқ "мықтылар" тым көбейді
Жағымпазға тоқтау айтар сақал қалмай барады.
Әдебиет деген сөздің әдеп, ұят - түбірі
Алыс кетті әдепсіздің, ұятсыздың дүбірі.
Бар кезенде ғасыр мұзы ұятпенен жібіді.
Ұятты қарт ел піспегі - ұлт қымыз болса егер
Елестету қандай ауыр піспегі жоқ күбіні.
Кел, сыйлы ұстаз, сырласалық мына туған күніңде,
Әуезовтің шәкірті едің, бізге ағасың бүгінде.
Жетпіс таудан асқаннан соң жеңілдемес жүгің де.
Ел ағасы болу азап. Әр қимылың есепте
Әр асығыс сөзіңнің де сұрауы бар түбінде...
Сәмбі талдар аз ба, сірә, жел ығына майысқан
Ұлт риза болсын десең, бәйтерегім, бүгілме!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру