Сот алдында сотталу

 Сот алдында сотталу

Автор: Азамат ОРЫНБАСАРОВ

Сіз тыңдаңыз,
Мәртебелі Сот мырзам!
Мойынымда қылмыс ісім көп қылған.
Елді сатқан опасызбын, сонда да
Мына мені айыптайтын жоқ бір заң.

Қандай айып тағасыңыз маған Сіз?
Ақталмаймын, дәлелдерім жарамсыз.
Тілін сатқан дәлдүрішпін, мәңгүртпін,
Маған кінә тағар еді, заң әлсіз.

Өз ұлтымның қалыңдады соры тым,
Қылмыскермін, жазалайды мені кім?
Жер-Ананың жараладым жүрегін,
Абақтыға айдар едің, жоқ үкім.

Қылмысымды жүрген еді жан білмей,
Менен азап көрген еді тағдыр кей.
...Шетел асқан шенеунікпін елді жеп,
Соттар едің, қырсығады-ау, заң жүрмей.

Қалтам қалың, шығып тұр-ау зор даусым,
Теңге болды тергеушім де қорғаушым.
Тағдырымды бір-ақ шығар түрмеден,
Мәртебелім, неткен момын органсың?!

Біздің қазақ сыпсың сөзге шебер-ау,
Сотталмасам, өсек етіп, сөгеді-ау.
Заманымыз әділдікке неге жау?
Ар сотында бүгін мені соттауға
Төле бидің төрелігі керек-ау?!

Болсаң егер әділетті бек нағыз,
Балғаңызды кешірем деп соқпаңыз!
...Мен өтейін Ата заңға құл болып,
Мәртебелім, өтінемін, соттаңыз?!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру