Сәбит Дөнентаев (Көркем қызға)

 Сәбит Дөнентаев (Көркем қызға)

Нұрлы жүз, көркем мінез қарындасқа,
Арнап сөл лайық емес жазылмасқа.
Қыз бала елдің көркі, жұрт зейнеті
Болғанда елтифатқа алынбас па?
Бұл күнде түрленсең де тоты құстай,
Шырағым, сипатыңнан халің басқа.
Иісті май жағындың, гүл сабындадың,
Түзеліп бейне қордай қабылдадың.
Сызылып, бұраң басып, асыл киіп,
Алыстан жұрт көзіне сағымдандың.
Күмістен таққан шолпың сылдырлаған,
Пайыдан камзол, шапан судырлаған.
Сипатың жүрісіңе, киіміңе,
Көз талып қарай - қарай бұлдырлаған.
Уақытша сен бір гүлсің тұрған таза,
Семерсің бір-ақ күні жете қаза.
Жұмысқа әсіре қызыл әуес болып,
Өмірге қалып жүрме қор боп наза.
Оқымай үлгі көрмей қалсаң жаста,
Сол үшін бой түзейсің, ойдан басқа.
Жақсылық киім мен мал, көрікте деп,
Өлшемей ой мен сырды жаза баспа!
Өзің де сырт түзеген болсаң бітеу,
Жүре бер көңілің сүйген бұлғақ басқа.

Фото: Динар Нахыпбек

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру