Бизнесті дамытуға 1,2 млн теңге мемлекеттік грант беріледі – шарттары
Business.enbek.kz порталында 8 тамыздан бастап бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Гранттың мөлшері – 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңге. Әр қатысушыға тек бір рет қана беріледі.
"Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға және дамытуға өтеусіз берілетін бастапқы капитал. Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп мәлімдеді еңбек министрлігі.
Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет.
Мемлекеттік грантқа кім үміткер бола алады:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін);
бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.
Бұл ретте үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қандастар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- тұрмысы төмен отбасы мүшелері;көпбалалы отбасы
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы/зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар;
- жастар.
"Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуға тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдер бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы қабылданады", - деп түсіндірді ведомство.
Грант ақшасын қажетті құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, құс, көшеттер, бұталар мен тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Грант тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.
"Халықты жұмыспен қамту орталықтары грантты үміткерлердің өтініштерін қарайтын аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру", - дейді министрліктегілер.
Комиссияның шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.
1,2 млн теңге грант алуға өтінімді қалай беруге болады:
- business.enbek.kz порталында тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігін тексеру;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру