Ұлттық ойын: Қаһарлы-Бану

Ұлттық ойын: Қаһарлы-Бану

«Қаһарлы-Бану» ойыны Қазақ халық ертегісінің мазмұнында қалыптасып, ұлт ойынының негізін құрайды. Ойынға жиылғандар, жайғасып отырған соң, ойын жүргізуші ойынның мазмұнын баяндайды «Баяғыда анасынан жастайынақ жетім қалған Қаһарлы бір байдың қолында күнелту үшін жалшылықта жүреді. Өмір бойына қарны тойып ас ішпеген, иығы жылтырап киім кимеген жас Қаһарлы байдың Бану деген қызына ғашық болады. Қыз да өзінің Қаһарлыны сүйетіндігін білдіреді. Бұларды қоғамдық жағдай қоспайтындығына көздері жеткен екі ғашық бір күні түнде Қаһарлының әкесінен мұра болып қалған жалғыз сиырына мінгесіп, Арабияның шөлін аралап кете барыпты. Содан шөл далада қол ұстасып жүрген уақытта сиырын сойып жеп, күн кешіпті-міс,— деп ойын жүргізуші сөзін тамамдай келіп, ойыншыларға енді мен аяқтамаған махаббат әңгімесін сендер өздерің жалғастырасыңдар, қазір Қаһарлы мен Банудың сиыр етін қалай мүшелеп жеп күнелткендеріне тоқталайық»,— деп, ойыншылардың көңілін аулайды.

Содан соң ойын жүргізуші: Ал ойнаушы қауым, сіздерге жаңағы Қаһарлы мен Банудың мүшелері бойынша әр мүшеге ат қойып шығып, қастарыңа барып, әр түрлі сұрақтар сұраймын, сонда күлмей отырып, барлық сұраққа жаңағы мүше атынан ғана жауап бересің. Мысалы, бірінші ойыншы «тұмсық», екінші ойыншы —«сирақ», үшінші — «құйрың», төртінші —«өкпе», бесінші ..., т. б. Осылайша барлық ойыншылар мүше атанады. Енді жүргізуші бірінші ойыншыдан бастап сұрай бастайды: «Атың кім?», ойыншы: «Тұмсық». «Не жедің?», «Тұмсық», «Кімді көрдің?», «Тұмсық», «Сүйгенің кім?», «Тұмсық».

Осылайша не күліп, не жаңылғанға дейін сұрай береді. Егер кімде-кім күліп, не жаңылысып, басқаша жауап беріп қойса, қаламы ма, тарағы ма, қол орамалы ма, әйтеуір кез келген белгілі бір затын береді. Осылайша барлық ойыншылардан сұрап, бәрінен бір-бір белгілі заттарын алып, ойын жүргізуші топтың ортасына келеді. Содан өзінің жаңағы затты жинап жүрген көмекшісін теріс қаратып қойып, ойыншылардан жиналған заттарын бір-бірден алып, не істейтіндігі жөнінде билік айтқызады. Әдетте өнердің барлық түрін көрсетеді. Осылайша ойын жалғаса береді. Ойын ертегінің негізінде құрылғандықтан уақытты көп алады да, оны бір отырыста бір-ақ рет ойнауға тура келеді.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу