Заманауи есімдер: ұлдар мен қыздарға қазақша есімдер мағынасы


Мамандар есімінің тағдырға қаншалықты әсер ететіні әркімнің сеніміне байланысты екенін айтады

 

Ғалымдар осы уақытқа дейін бір есімді иеленген адамдардың мінезі мен өмір сүру салты, тіпті, сырт келбеті өзара ұқсайтынын дәлелдеді. Ал психоаналитик мамандар барлығы адамның сеніміне байланысты екенін айтады. Яғни әр адам өз есімінің тағдырына қалай әсер ететінін өзі таңдайды. Бірақ осы таңдауына қоршаған ортасы, әсіресе, жақын адамдары міндетті түрде әсер етеді. Қалай десек те, қазақ халқы ат қою рәсіміне ерекше мән бергені сөзсіз. Әдетте танымал жұлдыздар мұндайда мұқият болуға тырысады. Бұл өз таңдауының көпшілікке әсер ететінін білетінімен байланысты болса керек.


Бүгінгі жас жұбайлар сәбиінің есімі құлаққа жағымды естіліп, болашақта өзіне ұнайтындай болуын ескереді. Тіпті, жұлдыз қауымы көп жағдайда балаларына есім берерде желі арқылы халықпен кеңесіп жатады. Олай болса, қазақстандық танымал жұлдыздардың балаларына қандай есім бергенін және олардың не мағына білдіретінін Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Сәкен Майғазиев

Сәкен және Динара Майғазиевтердің бір ұл, үш қызы бар. Әнші әрдайым балаларына ат таңдайтын кезде туған-туыстарымен ғана емес, бүкіл халықпен ақылдасады. 2016 жылдың 14 қаңтарында қызды болған Майғазиевтің қуанышын барша Қазақстан бөлісті. Әнші Instagram парақшасында желі қолданушыларына алғыс айтып, есім таңдауға көмек сұрады. Оған 7 000-нан астам ат ұсынылып, арасында тұңғышы Әділеттің таңдаған есіміне тоқтады.

Үлкен қызының есімі Раяна болса, кенжесінің аты — Сафия. Соңғы таңдауын ол Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен бірге жасады. Бастапқыда әнші Instagram желісіндегі оқырмандарынан "Сафия" мен "Дария" есімдерінің қайсысы дұрыс екенін сұрап көрді. Желі қолданушыларының да таңдауы Сафияға түскен екен.

"Әділет" — қазақтың төл есімі. Бұл есімді сәби әрдайым қара қылды қақ жаратын адал азамат болсын деген ниетпен қояды. Ал "Раяна" араб тілінен аударғанда "құнарлы", "жемісті" деген мағынаны білдіреді. Ол сәби әрдайым жақындарын жетістіктерімен қуантып, өмірге құштар жан болып өссін деп қойылады. Сәкен Майғазиевтің үшінші қызының есімі кейде "а", енді бірде "о" әріптері арқылы жазылатынына қарамастан, араб тілінен аударғанда "таза", "айқын" және "таңдаулы" деген бір мағынаны білдіреді. Сафия — мұсылман әйелдердің Сафи (Сафа) есімінің бір нұсқасы.

Әншінің ортаншы қызының есімі — Мәриям кісі аттары туралы ғылым бойынша иврит тілінен алынған. Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділеттің қарындасына таңдаған есімі осы. Кей деректерде оның латын тілінен шыққаны туралы жазылады. Аудармасында "етене жақын", "сүйікті" деген мағынаны білдіреді. Дүниежүзі тарихынан бұл есімнің ықпалды да даңқты әйел адамдарға қойылғаны белгілі. Ономастикалық зерттеулерде "Мәриям" және "Мария" есімдері сәби әділ, турашыл болсын деген ниетпен қоятыны туралы жазылған.

Айдана Меденова

Атышулы KeshYou тобының экс солисі Айдана Меденова 2015 жылы "Индиго" тобының продюсері Әлішер Нұржановқа тұрмысқа шықты. Бұл аталған топтың құрушысы Баян Алагөзова мен тыңдармандары үшін де күтпеген жаңалық болды. Себебі, Жанар Дұғалова, Айдана Меденова және Кәмшат Жолдыбаева бар топ "алтын құрам" деген атқа ие болып, тыңдармандар көңілінен толықтай шыққан еді. Яғни тыңдармандар әншінің топтан кетуіне дайын болмады. Ал әншінің күйеуі осы уақытқа дейін бір рет шаңырақ көтеріп, кейін ажырасқан. Бірінші некесінен екі ұлы бар. Сондай-ақ, екінші әйелі Айдана Меденовамен жас айырмашылығы 7 жас. Десе де бұл жұптың бақытына кедергі келтірмеді.

2015 жылдың қазан айында ерлі-зайыпты қызды болып, есімін "Әмина" деп қойды. Бұл есімді әншінің жолдасы таңдаған. Бұдан кейін әнші 2017 жылы 25 жасында ұл бала босанды. Есімі — Әлихан.

Аталған есімнің "Әминат", "Әмиша", "Әмуна", "Мина" сынды бірнеше синонимі бар. Әр елде әртүрлі айтылғанына қарамастан, олардың барлығының мағынасы бір. "Әмина" Мұхаммед пайғамбардың анасының есімі болғандықтан, көпшілік осы кейуанаға тән қасиеттер сәбилерінің бойында болсын деген ниетпен қояды. Мағынасын араб халқы "адал", "қауіпсіз жердегі" және "сабырлы" деп үш түрлі түсіндіреді. Сондай-ақ, ол кей халықта "Эмине" және "Эмина" түрінде айтылады.

Әлихан — арабтың "әли" және қазақтың "хан" сөздерінің бірігуінен жасалған есім. Алғашқы бөлігі "биік, заңғар, аса, зор" деген мағынаны білдіреді. Ғали, Қали, Әлі сынды синонимдері бар.

Алмас Кішкенбаев

Superstar байқауының арқасында жұлдызы жанған Алмас Кішкенбаевтың көп үзілістен кейін берген алғашқы сұхбатты жұртты шулатты. Себебі, сұхбат барысында әнші ағасының өлімінен кейін депрессияға түсіп, ішімдікке салынғанын айтты. Сондай-ақ, бір жылдан бері әйелімен ресми ажырасқанын және қос ханшайымының анасының қолында екенін жеткізді. Бұл ажырасудың қиын болғаны соншалық терезеден секірмек болған. Бірақ осы сәтте жинақталуына әншінің қызының қоңырауы себеп болған екен.

Расымен де, әнші қос қызын қатты жақсы көреді. Көп уақытын олармен бірге өткізіп, тіпті, тұңғышы Зерені сұлулық салонына алып барады. Зере бүгінде Қазақстанның танымал сән көрсетілімдерінде подиумға шығып жүр. Кіші қызы Кәлима да әлеуметтік желіде суретке әдемі түсетіндігімен танымал.

Зере — көбіне қыз балаға қойылатын қазақтың төл есімі. Көне түркі тілінде кіреукенің арқа мен кеуде жақтарына темір немесе болат тақтайшалар қосылып өрілетін сауыт пен іші қуыс, ұзын келген, сәукелемен бірге киілетін бас киімді осылай атаған. Сәукеледей көздің жауын алатын әдемі болып өссін деген ниетпен қойылатын. Сондай-ақ, кей ономастикалық деректерде "Зере" сөзінің иран тілінен аударғанда "алтын", "тазалық" деген мағынаны білдіретіні туралы жазылған. Ал "Кәлима" араб тілінен аударғанда "шырын тілді", "әңгімелесуші" деген мағынаны білдіреді.

Лидо Досалина

2015 жылдың тамыз айында әнші әрі сәнгер Лидо Досалина үшінші перзентін босанды. Әншінің таңдауы әдеттегідей АҚШ мемлекетіндегі перзентханалардың біріне түсті. Осы уақытқа дейін екі баласын да Америкада босанған болатын. Сондай-ақ, ол сұхбаттарының бірінде уақыты келгенде балаларының қай елдің азаматтығын алатынын өздері шешетінін айтты.

Әншінің тұңғышының есімі — Риана, ұлдары — Рахмен мен Рамис. Туыстары қызын қазақшалап Райхан деп атайды. Риана есімінің шығуына қатысты бірнеше нұсқа бар. Бір деректерде қасиетті Грааль туралы аңыздағы әйел құдайының аты екені айтылса, енді бірде "Жаратқанның сыйға берген жаны деген мағынаны білдіреді" деп жазылған. Әйел құдай жерге иелік етуге лайық көрген азаматтарды өзі таңдап, оларға тұрмысқа шығатын болған.

Кельт тілінен аударғанда "патшайым" деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, ән орындауда да, киім киюде де өзіндік стилін қалыптастырып үлгерген Риана есімді әнші бар. Әлемге әйгілі бұл жұлдыз қазақстандық әншінің кумирі болуы да ғажап емес.

Ал "Рахмен" араб тілінен аударғанда рақым, мейірім деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз Құран сүрелерінде жиі кездеседі. Рамис есімі де араб тілінен алынған. Аударғанда "белгі", "ерекше таңба" деген мағынаны білдіреді.

Айқын Төлепберген

Алмас Кішкенбаев биыл жұртты ажырасқанын айтып шулатса, Айқын Төлепберген керісінше тоқал алып ел аузында жүрді. Әнші студент кезінде танысқан қызы Әселмен 10 жылға жуық уақыт жүріп барып үйленді. Бөлек тұрып жатқандарына қарамастан, ерлі-зайыптының ортақ бизнесі бар. Сондай-ақ, жұлдыз соңғы сұхбаттарының бірінде бәйбішесінің басқа азаматқа тұрмысқа шығуына келісім беруге дайын еместігін жеткізді. Екеуінің Аңсар атты ұлы мен Асылым атты қызы бар.

Сондай-ақ, әнші бірінші әйелімен ажыраспай KeshYou тобының экс солисі Жұлдыз Өмірғалиге үйленді. Екеуінің Санжар есімді ұлы бар. Халықтың сынына ұшыраған Жұлдыз Айқын Төлепбергенді 25 жастағы жас жігіт және отбасы жоқ деп ойлағанын айтып ақталды. Тыңдармандары ғана емес, туған ата-әжесі де басқаның шаңырағын шайқалттың деп теріс айналған. Десе де бұлардың ешқайсысы жұптың махаббатына кедергі бола алмады. Олар керісінше ұлының бір жас туған күнін дүркіретіп атап өтіп, түсірілімдерге бірге барып жүр.

Аңсар алғашында қазақтың төл есімі болып көрінгенімен, бұл ат араб тілінен алынған. "Көмекшілер", "қолдаушылар" және "жолсерік" деген мағынада қолданылады. Хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбардың "Басқа адамдар бір жолмен жүрсе, аңсарлар келесі жолмен жүрсе, мен аңсарлардың соңынан барар едім" деп айтқаны туралы жазылған. Ал Асылым — Айқын Төлепбергеннің жұрт сүйіп тыңдайтын әнінің аты. Бұл сөз "текті", "бекзат" мағынасында қолданылады.

Санжар — көне түркі тіліндегі Саншора есімінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі. Көне түркі, қазақ тілінде сан — "он мың", "шора — ер, батыр" деген мағыналарды білдіретінін ескерсек, "бір өзі он мың қолға тең ер, батыр" мәнінде қойылған есім екенін байқауға болады. Ғасырлар бойы айтыла келе, Саншора-Саншор-Саншар-Санжар болып өзгерген. Тағы бір мағынасы — "бұзып өтуші".

Әсел Сағатова

Актриса әрі модель Әсел Сағатова 2010 жылы бұрынғы экология министрінің ұлы Радий Мұхамеджановқа тұрмысқа шықты. Ол некелі жарының есімін ұзақ уақытқа дейін жасырып келді. Күйеуі біраз уақыт ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарып, кейін жеке бизнеспен айналыса бастады.
Жаңа жыл қарсаңында актриса әлеуметтік желіде отбасылық суретін жариялап, оқырмандарын қуантты. Тұңғышы Алдияр бүгінде 4 жаста, ал қызы Айрис бір жасқа толып отыр.

Алдияр — қазақ және араб халқында көп қойылатын есімдердің бірі. Араб тілінен аударғанда "дос", "қосақ" деген мағынаны білдіреді. Ал қазақ халқында ертеректе лауазымы жоғары адамдарға келуінің себебін баяндау үшін қаратпа сөз ретінде пайдаланылған.

Айрис — қазақ қоғамында көп қойыла бермейтін сирек ат десе де болады. Оның шығуына қатысты бірнеше нұсқа бар. Ағылшын тілінде "Ирис", "Ирида" деп айтылып, аударғанда "кемпірқосақ" деген мағынаны білдіреді. Ал түрік тілінде "Айриса" деп айтылып, "айды басқарушы" деген екі сөзден құралады. Эстония елінде бұл есім "Ирис гүлін" білдіреді.

Бүркіт пен Аиша

Өнерде де өмірде де бірге жүретін Бүркіт пен Аиша бүгінде үш баланың ата-анасы. Олардың екі ұл, бір қызы бар. Ал махаббат хикаялары, тіпті, ерекше. Әнші Аишаға бір көргеннен ғашық болып, әртүрлі уақытта үш рет тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Биші қыз арадағы жас алшақтығын ескеріп, бұл ұсыныстан бас тартады. Бірақ соңында өз қателігін түсініп, Бүркітке өзі отбасын құруға ұсыныс жасаған.

Тұңғыштарының есімі — Зейін. Екінші ұлының аты — Омар, ал қызы — Сафия. Бүркіт әр баласы дүниеге келген сайын Аишаны бағалы сыйлықтармен қуантады. Бірінші ұлы дүниеге келгенде Аишаға джип көлігін сыйласа, ортаншысы туғанда шылымнан бас тартқан. Себебі келіншегі мұндай зиянды әдеттерді көп ұната бермейді.

"Зейін" қазақ және араб тілдерінде "зерек", "ой", "сана" мағынасында кеңінен қолданылады. Ал "Омар" — негізінен қазақ және татар халықтарында кездесетін мұсылманша есім. Араб тілінен аударғанда "өмірге құштарлық", "адамның ғұмыры" және "өмір" деген мағыналарды білдіреді. Басқа тілдерде Кумар, Умаркай, Гумер және Умар деп айтылады.

Қайрат Нұртас

Тыңдармандары Қайрат Нұртастың жаңа әндеріне қарағанда отбасын таныстыруын асыға күтті. Дәлірек айтсақ, 10 жыл. Мұншалық уақыт әйелі мен бала-шағасын жұрт көзінен таса ұстау көптің қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Тіпті, қайын атасы таныстарына жұлдыз күйеу баласы туралы айтпаған.
Екі жыл бұрын әйелімен "Арман" фильмінде басты рөлді сомдап, кейін бала-шағасымен бірге отбасылық концерт берді. Қызы Алау фортепианода ойнаса, екінші ханшайымы Сезім бидің түр-түрін үйреніп, телехикаяда бой көрсетіп жүр. Ал Нарұл мен Хан музыкалық қабілеттерінің арқасында сахнада әкелерімен бірге ән салды. Сондай-ақ, әншінің төрт баласы бірдей Қазақстанның басты подиумдарында сән көрсетіп, жарнамалық роликтерге түсіп жүр.

"Алау" қазақ тілінде "от" сөзінің синонимі ретінде жиі қолданылғанымен, шымқай қызыл түстің атауын білдіреді. Ал Сезім — сәбиге достық, адалдық, махаббат мәңгі серік болсын деген ниетпен қойылатын қазақша ат. Нарұл мен Хан да — қазақ тіліндегі есімдер. Олар сәби халқының алдында барынша беделді болып, елін жетістіктерімен қуантсын деген ниетпен қойылады. Байырғы мемлекеттерде ең жоғары лауазымға ие билік иесін хан деп атаған.

Мәдина Сәдуақасова

Мәдина Сәдуақасова 2014 жылдың 2 ақпанында екінші рет тұрмысқа шығып, тойын Алматыдағы Esperenza мейрамханасында дүркіретіп атап өтті. Қуанышы қойнына сыймаған әнші бір тойда екі көйлек киген. Біреуін құрбысы сыйға тартса, екіншісін дизайнер арнайы тіккен.

Әнші жарымен 2009 жылы танысып, 2013 жылдан бастап қыз-жігіт болып жүре бастады. Ал күйеу жігіт оған тұрмысқа шығу туралы ұсынысты 8 қыркүйектегі туған күнінде жасаған. Жұлдыз күйеуінен 7 жас үлкен екеніне қарамастан, мұның еш кедергі келтірмейтінін айтады. Бүгінде олар Әнуар есімді ұл тәрбиелеп отыр.

Араб және қазақ халқында көп кездесетін бұл есім "күннің нұры", "шапағат" деген мағынаны білдіреді. Ата-аналар сәбилеріне бұл есімді жарық жұлдыз, тұлға болсын деген ниетпен қоятын болған.

Тұрсынбек Қабатов

Танымал әзілкеш әйелі Мөлдір Мұқановамен студент кезінде танысқан. Жұбайы отандық бағдарламалардың бірінде танымал күйеуінің өзін қатты қызғанатынын айтқан-ды. Сондай-ақ, оны қуанту үшін Тұрсынбек Қабатов жас кезінде жатақхана алдына келіп үнді әндерін айтып, би билейтін болған. Жазғы демалыс кезінде ауылда басқа жігіттер алып қашып кетуі мүмкін деп ертерек үйленуге асыққан екен.

Бүгінде үлде мен бүлдеге оранып, жеке бизнестерін домалатып жүргенімен, көптеген қиындықтан өткендерін жасырмайды. Тіпті шаңырақ көтергеннен кейін суық жатақхана бөлмесінде көрпе орнына күртелерін пайдаланған кездері болған. Бүгінде олар Айым, Әдемі, Айару, Нұриман және Райымбек есімді бес баланың ата-анасы.

Жаңа туған атұстарына ат қою құрметі Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловқа бұйырды. Ол сәби қырандай алғыр, сұңқардай өр, терең ойлы және қадір-қасиеті мол азамат болсын деген ниетпен осылай қойғанын айтады.

Айым қазақта "менің бақытым", "ырысым", "айдай сұлуым" деген мәнде қойылады. Ол "ай" зат есіміне тәуелдік жалғауының бірінші жағы "ым" жалғауы қосылу арқылы жасалған. Әдемі — сұлулық сөзінің синонимі болса, "Нұриман" араб тілінен аударғанда "сенім", "сену", "илану" және "қабылдау" мағыналарын білдіреді. Хадистерде бұл сөз Алла тағаланың өсиетін және оның елшісі Мұхаммед пайғамбардың айтқанының барлығы жүрегімен толық қабылдау мағынасында қолданылады.

Ал, Сізге оқырман, қай есім көбірек ұнады? Адам атының тағдырына әсер ететініне сенесіз бе? 


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу