Қарттық, кәрілік

 Қарттық,  кәрілік

Өмір қартайса да,
Көңіл қартаймайды.

Жақсы адам қартайса,
Жазып қойған хаттай,
Жаман адам қартайса,
Бықсып жанған оттай.

Есік алдында төбе болса,
Ерттеп қойған атпен тең.
Ауылыңда қария болса,
Жазып қойған хатпен тең.

Асарын асаған,
Жасарын жасаған.

Елу шылбырдан алды,
Алпыс тізгіннен алды,
Жетпіс өре салды,
Сексен – тұсау салды,
Тоқсан – толқып қалды.

Ат қартайса – ұрыншақ,
Ер қартайса – жаңылшақ.

Сақалға ақ түсті –
Көңілге дақ түсті.

Көп жасаған
Құрдасынан айрылады.
Жұғымы жоқ –
Жолдасынан айрылады.

Сексен – жермен жексен.

Қатарынан қалған кәрі жетім.

Қарттың айтқанын істе,
Жастың тапқанын же.

Кәрі –қалтаң,
Жас – жалтаң,
Жас келсе – іске,
Кәрі келсе – асқа.

Жасыңда жалықпасаң –
Қартайғанда тарықпайсың.

Бүгінгінің қартымыз,
Кешегінің артымыз.

Көп жасаған құрдасынан
Көп сөйлеген жолдасынан айрылады.

Алпысқа келгенде,
Алты ағаң болсын.
Жетпіске келгенде
Жеті інің болсын.

Алпыс — дер шағы,
Жетпіс — мәр шағы,
Сексен — жер шағы
Тоқсан — шер шағы,
Жүз — қор шағы.

Шалды шақыр, асыңа келсін,
Шалдығына күл, басыңа келсін.

Жасында байқары жоқтың
Жасы жеткенде айтары жоқ.

Адам өзінен кейінгілерді
Көріп қартаяды.

Жасыңда қылжың болсаң,
Қартайғанда мылжың боларсың.

Кәрілік — дауасыз дерт.

Жастықта жиған білімің - қарттыққа жұмсар мүлігің.

Қартайып өлсең қапыл жоқ.

Сексенде сегіз байлық,
Сегіз жарлылық.

Парасат көрсең –
Қарттықтан.
Тамаша көрсең –
Жастықтан.

Қарттық – кәріптік.

Арыстан қартайса, тышқан інін аңдиды.

Жасқа – қызмет,
Қартқа – құрмет.

Жас шағында сүзеген болса,
Қартайғанда сотқарлығы тізеден болар.

Жасында жігіт оқталады,
Қартайғанда тоқталады.

Адам баласы артындағысын көріп қартаяды.

Адам бастан қартаяды,
Қартайған соң мал таяды.

Адамды екі нәрсе қартайтпайды:
Бірі — жақсы мінез,
Екіншісі — жақсы сөз.

Жасық адам жасына жетпей қартаяр,
Асыл адам жасына жетпей марқаяр.

Ақылсыз қарт өкінішпен қартаяр,
Есті қарт қайғырмай-ақ қартаяр.

Ат қартайса, есекке үйір,
Жігіт қартайса, төсекке үйір.

Бөрі қартайса да,
Бір қойлық әлі бар.

Көп жасаған
Құрдасынан айрылады.
Жұғымы жоқ –
Жолдасынан айрылады.

Су ағады, тас қалады,
Кәрі кетеді, жас қалады.

Алтыға дейін бала ерке,
Алпыстан кейін шал ерке.

Қартайдым деп, қайғырма,
Жас бала бар артында,
Жалғызбын деп, қайғырма
Жақсылар бар артында.

Жастық көкке,
Кәрілік жерге қаратады.

Кәрілік — дауасыз дерт.

Жастыққа да кәрілік бар,
Байлыққа да жарлылық бар.

Кәрілік сені қайтейін,
Сөйлер сөзге мерт ерттің.

Тәліміне қарай кәрілігі.

Жас кезіңде тандыр нан да тәтті.
Қартайғанда құймақ та қатты.

Кәріге жаны – дәрі.

Ауру – аздырады,
Кәрілік – тоздырады.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру