Тағдыр тәлкегі

 Тағдыр тәлкегі

Мөлдір — мектеп жасындағы жас­өспірім қыз. Әкесі ол бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде ауылдағы жалғыз ауруханаға практикаға келген бір бойжеткенге ғашық болып, үш баласы мен келіншегін тастап, сол сүйген адамының соңынан қалаға кеткен. Содан бері ауылға ат ізін салған жан емес.
Жалғыз шешесі бастапқы кезде тосын қайғыдан есін жия алмай, елге қарауға беті болмай, қатты намыстанып, туыс-туғанмен қатыспай, той-томалаққа да бармай, томаға-тұйық жүрді.Кейін келе өзі сияқты күйеуі басқа әйелге кетіп қалған жалғызбасты әйелдермен жиі-жиі бас қосып, арақ-шарап ішіп, таң атқанша барқырай ән салып, балаларының бар-жоғын ұмытып кететін болды. Үйге қарауды мүлде қойды. Есіктен төрге дейін шашылған төсек-орынның кірден түсі көрінбейді. Бағатын адам болмаған соң, мал құтая ма, сауып отырған жалғыз сиыр да, оншақты қой-қозы да бір жылға жетпей, жоқ болды. Өлгені өлді, өлмегенін ұры әкетті.
Әйел түгілі еркек жеңе алмаған арақ бірте-бірте Мөлдірдің анасын да біржола өзіне тәуелді етті. Бас жазатын арақ алуға ақша таппаса, бар ыза-кегін үш баласынан алатын, қыз-ау, кішкентай-ау деп аямай, қолына не түссе сонымен ұрып-соғатын. Ал қарғап-сілегенін естіген адамның төбе шашы тік тұрады. Оған “Қарағым, қой, балаларыңды ойла” деп, ақыл айта келген туыс-туғанның көңілі қалғаны соншама, олар бұлардың босағасынан аттамайтын болғалы қашан! Киімі алба-жұлба, үйінің іші-сырты қоқыс, балалары аш-жалаңаш әйелдің бар ойы – арзан шарап болса да, бірдеңе тауып ішу. Адам сияқты ойланудан қалған әйелдің құлқынын тесіп бара жатқан жалғыз нәрсе – ол тек ішу, мас болу ғана.
Қақаған қыста отынсыз үйде дірдек қағып шыққан ашқарын балаларын ана­сы аямағанда, кім аясын? Көршілері де олардан баяғыда теріс айналған. Балалар­дың ішінде бас көтерері – Мөлдір. Көзі жәудіреген жас қыз мектепке бармағалы қанша уақыт болды. Бұларды бастапқыда мектеп мұғалімдері үйге келіп, «сабақтан неге қаласың, қайда жүрсің» деп іздейтін. Басқалар құсап киіп баратын жөні түзу киімі болмаған соң, кітап, қағаздарын түгелдейтін ақша болмаған соң, мектепке қалай барады? Барған күнде де көретіні – басқалардың мазағы мен кемсітуі. Ес­тияр қыздың бар ойы қалаға барып, туған әкесін тауып алып, бар жағдайды өз аузымен айтып, ең болмаса, өзінен кейінгі екі баланы қолына алғызып, оқыттыру. Бірақ оған қалай барады, қалай табады, ол жағы белгісіз. Бірақ сол ойды жүзеге асыратын сәтті күнді тосып, іштей үнсіз жоспар құрғалы талай уақыт болды.
Бұның жасындағы қыздар әлі бала құсап, ойыншық ойнап жүргенде, оның бар ойы – бағусыз қалған бауырларын адам қатарына қосу. Бірде депутаттарды сайлау қарсаңында үй-үйді аралап, листовка таратып жүрген, бұрын бастауышта сабақ берген мұғалім апайын көріп қалып, басына бір ой жылт ете қалды. Дереу жанына жүгіріп барып:
— Апай, сізден бір нәрсе сұрауға бола ма? – деді батылдана.
— Сұрай ғой, айналайын, – деді ол бұған таңдана қарап.
— Апай, мен қалаға барып, әкемді іздеп тауып алып, оған “Болат пен Қанатты оқытыңызшы, қолыңызға алып, мамамды емдетіңізші” деп айтсам ба деп едім… Әкемді қалай тауып баратынымды білмей жүрмін. Сіз соған көмектесе аласыз ба? – деді.
— Ойбой, сенің әкең ауылдан кеткелі қанша жыл болды. Оның қайда жүргенін ит біліп пе? Туыс-туғандары да жоқ, жетім жігіт еді ғой өзі де…Естуімше, базарда сауда жасайтын көрінеді, әйелі шетелден тауар тасиды екен. Осыдан екі-үш жыл бұрын біздің ауылдың кісілері қалаға барғанда базарда тұрғанын көріпті ғой, – деді мұғалім апайы.
Мұның өзі жас қыз үшін біраз ақпарат болды. Шешесі босатқан шөлмектерді жинап өткізіп, одан түскен азын-аулақ тиын-тебенді ешкімге көрсетпей жинап, қалаға баруға ақырын-ақырын дайындала бастады. Үстінде дені дұрыс сау киімі де жоқ, қалаға не киіп барады? Қыста барса, қалың етік, сырт киім керек. Сондықтан жазда, күн жылынғасын бару керек деп ойлады ол.
Бірде қатты дауыл тұрып, ұйтқыған жел бұлар тұратын үйдің шарбағына бірталай жуылған киімді ұшырып әкелді. Мөлдір киімдерді үйіне кіргізді де, өзіне шағын тығып қойды. «Ұрлап алғам жоқ, Құдай айдап келген киім-кешек қой» деп өзін жұбатқанымен, киіп көшеге шыға алмасын тағы іші сезеді. «Ертең әкеме барсам, жалба-жұлба болып қалай барамын, барғасын, әрине, ол маған бұдан да тәуірін алып береді ғой. Сол кезде бұны қайта жуып, үтіктеп, ауылға әкеліп, иесін іздеп тауып, өзіне қайтарамын ғой» деп ойлады ол.
Бір күні Мөлдір қаладан ауылға арақ әкеліп сатып, орнына мал тиеп алып, кері кеткелі жатқан жүк машинасы­ның жүргізушісіне келіп жолықты. Жалынып-жалбарынып, қанша жыл тірнектеп жинаған азын-аулақ тиын-тебенін көрсетіп, жағдайын айтты. Үсті жұпыны болғанымен, түр-түсі сүйкімді жас қызға көз жүгіртіп, аз-кем ойланған жүргізуші жігіт: «Сен тұра тұр, мен анау бастығыммен сөйлесіп көрейін» деп оңаша сөйлесіп келді. Екі алақанын ысқылап, көзі күлімдеп, басын изеп тұрған бастығын сыртынан көріп, Мөлдір өзін қалаға әкетуге оның келісім берге­нін айтпай ұғып, қатты қуанып кетті. “Нет­кен қайырымды адам еді! Бастықпын деп шіренбей, бірден келісе кеткені қандай жақсы болды! Жолым болатын шығар, бірден киім мәселесі де, көлік мәселесі де оңай жерден шешіле кетті”, – деп қуанышында шек жоқ. Қасындағы екі ағай да көңілді. Ортаға отырғызып алып, “Жасың нешеде? Әкең не жұмыс істейді, шешең бар ма? Қалаға неге бара жатсың? ” – деп сұрап қояды. Бұл да өзінің он төрттен он беске қарағанын, із-түзсіз кеткен әкесін іздеп бара жатқанын, бәрі-бәрін жасырмай айтып берді. Өзіне жақсылық жасаған адамдарға сырын айтпай, қалай жасырсын?!
Мөлдір жол бойы ауыз жаппай сөйлеп, қаршадайынан басынан кешкен бейнетті тірлігін «ағаларына» айтып берді. Ертеңінен шуақ күтеді… Иә, оны қалада қызыққа толы, бақытты өмір күтіп тұрған сияқты. Әкесін тауып алады, ол бұны шыттай қылып киіндіріп, үйіне ертіп апарады. Үйге барған соң, әйеліне: “Қарашы, мынау – менің тұңғыш қызым! Қандай әдемі қыз болып өсіп қалған! Менен аумайды өзі! Қарақаттай қап-қара көздері де, ақсарылығы да, қап-қара қасы мен шашы да менен айнымайды. Бұның шешесі қара торы адам еді, ал бұл оған мүлде ұқсамайды!” – деп мақтанышпен мені таныстырады ғой.
«Мен олар базарда жүргенде үйін айнадай жарқыратып тазалап қоямын, тамақты да өзім істеймін. Тіпті олардың қолын қимылдатпаспын! Мейлі, оқы­ма­сам, оқымай-ақ қояйын, ең болмаса, екі інім оқыса, мен солардың киім-кешегін жуып, тамақтарын пісіріп, өгей шешем ұрысса да көтеріп, бәріне шыдар едім» деп тәтті қиялға шомып, біруақ үнсіз қалды. Бір кезде қасындағы екі адамның бірі:
– Әкеңнің қай базарда тұратынын білесің бе? – деп сұрады.
– Зат сататын базарда деп естігем, – деді Мөлдір тақ-тақ етіп.
– Қалада не көп – базар көп. Бәрінде де зат сатады, – деді көлік жүргізіп келе жатқан шофер.
– Біреуіне қалдырып кетсеңіздер, әкемді өзім тауып аламын ғой, – деді қыз көңіліне қауіп ұяламай.
– Күн кешкіре бастады. Біз қалаға жеткенше түн болады, сені қаланың кез келген базарының қасына қалай тастап кетеміз? – деді бастығы. Қыздың қарны ашты. Қасындағы адамдардан да қысылып келеді. Бұрын-соңды алыс жолға шығып көрмеген қыз бала не істерін білмей, қатты қобалжи бастады.
– Жарайды, онда сен бүгін бізбен бірге біздің үйге жүр, сосын ертең жарықта әкеңді тауып аларсың, деді бастығы. Қыз қуанып кетті. Не деген қайырымды адам еді! Ол да бұның қуанғанын сезгендей ап-арық иығынан өзіне тарта құшырлана қысып-қысып қояды. Сол түні ол оңбаған лақ көрген қасқыр құсап, қаланың шет жағындағы оңаша қонақүйде бұған тарпа бас салып, абыройын айрандай төгер деген ой оның үш ұйықтаса түсіне кірмеп еді. “Ағатай-ау, сіздің де мен сияқты қыздарыңыз, балаларыңыз бар шығар, оларға біреу зорлық-зомбылық жасаса қалай көресіз? Мен сізді адам деп сеніп, машинаңызға мінген жоқпын ба? Мал екеш мал да бұлай істемейді ғой, аясаңызшы. Адамгершілік қасиетіңіз қайда кеткен? Құдайдан қорықпайсыз ба?” – деп зар илегені аузынан арақ са­сыған тасжүрек дөкір неменің құлағына кіріп те шыққан жоқ. Бірнеше күн мазаққа айналдырып, біраз уақыт өткен соң, орталық базардың тұсына әкеп тастады да: “Әй, қыз, іздеп келген базарың әне тұр! Бара ғой тездетіп, әкең сені қанша күннен бері екі көзі төрт болып, күтіп отыр! Ха-ха-ха! Бәлкім, артыңнан маскүнем шешең сені сағынып, қалаға келе жатқан шығар. Хи-хи-хи!” – деп дарақылана күліп, бұны жел­кесінен түйгендей ғып машинасынан түсіріп кетті.
Қаптаған адам, ығы-жығы көлік. Жүк тиеген қоларбаны сүйреткендер таптап кетердей екпіндері қатты. Шеті мен шегі жоқ ұзыннан-ұзақ базарды аралап, аяғынан тозды. Оның енді қай тұсынан әкесін іздейді? Ол енді әкесін іздеп табудан біржолата күдерін үзді. Басы айналып, көзі қарауытып, құлап қала жаздады. Оның үстіне қарны аш, қанша күннен нәр татпаған қыз самса пісіріп тұрған әйелдердің қасына барды.
Ешкім ешкімді көзге ілетін емес. Қымбат киімді әйел мен бір бойжеткен қыз самса сатып алды, кірпияз қыз бір тістеді де: “Майлы екен слишком!” –деп танауын кіржитіп, қоқыс салатын орынның дәл қасына қағаз орауымен тастай салды. Аяқ астында бұратылып жүрген аш иттен бұрын ол барып алып үлгерді де, асығыс-үсігіс аузына тыға бас­тады. Маңайдағы жүргіншілерден де ұялған жоқ. Шұрқырап тұрған қарнына жалғыз самса не болсын. Ендігі ойы тек қарнын тойдырып, аздап әл жинап алу ғана. Байғұс қыз енді қайда барып, қалай күн көреді? Қайдан шығып, қайда тұрғанын да білетін халі жоқ.
Көзі ойнақшыған алтын тісті толық қара әйел бұны сыртынан қарап, бәрін байқап тұрса керек: “Әй, сіңлім, бағуың келіссе, бағың жанғалы тұрған қыз екенсің. Аяқ-қолың түзу, бет-әлпетің әдемі екен,” – деді. Ен қаладан жылы сөйлеген жалғыз адам сол болған соң ба, жас қыз жанына тақап келіп: “Апатай-ай, маған бір түн түнеп шығатын жер керек еді, жұмысқа тұрсам, пәтер тауып алар едім,” – деп жылап жіберді. Ол: “Жарайды, менімен бірге жүр”, – деп өзіне ілестірді. Оның үйіне барғанша алдымен тап-тар көне автобусқа мініп, қанша адамның қыспағына тап болып, жан-тері шықты. Одан соң қисық көшелермен көп жүрді. Аяғын әзер алып, ілбіп келе жатқан қыздың тек сүлдесі сүйретіліп келеді. Біреу түртіп қалса, жалп етіп құлағалы тұрған қызды ізіне ерткен әйел жоғарғы қабатқа көтерілді. Табалдырықтан аттар-аттамастан сылқ етіп құлап қалған қызды көріп шошып кеткен еркек:
— Есің дұрыс па, тірі әруақ сияқты мына қызды неге әкелдің? Өліп қалса, полиция бізден көріп жүрер. Бұдан қай бір пайда табармын деп жүрсің? – деп әйелге дүрсе қоя берді.
— Сорпа-суын беріп, шамалы күн бағып-қарайық, жастың аты жас қой. Клиенттерге де керегі жас қыздар емес пе? Көрерсің, бұл қыздан біраз табыс табуға болады. Арықтығы болмаса, былайынша сүйкімді екен. Мен адам танимын ғой, – деп мақтанды алтын тісті әйел. Бейшара қыз олардың сол айтқан сөздерін естен танып жатып мүлде естіген жоқ. Аузына қасықтап сорпа тамызып, біраз күн ас беріп әлдендіріп, үстіне киім сатып әперген әйелді де, қалбалақтап қасынан шықпай жүрген ер адамды да жақын адамынан бетер жақсы көріп, “Ойпырмай, осындай тәуір адамдарға тап болғаным қандай жақсы болды. Аман-сау бір жұмыс тапсам, бұл кісілердің маған жасаған жақсылығын ұмытпаспын!” – деп ойлады ол. “Бүгіннен бастап сен жұмысқа шығасың”, – деді алтын тісті әйел бұның беті бері қараған соң. Қыз ішінен қатты қуанып кетті. Әлгі әйел күйеуіне қарап: “Бүгінше сырттай байқап көрейік, қармағына бірдеңе түсер ме екен?” – деп көзін қысты сыбырлап. «Жол бойында тұрасың, жұмыс беруші өз көлігімен келіп алып кетеді» деді Мөлдірге. Оның күйеуі бұны ескі «Жигулиіне» салып алып, қа­ланың тау жақ беткейіндегі ұзын көшеге бет алды. Байғұс қыз ерлі-зайыптылардың жаман ойын қайдан білсін?
…Күзгі түн қандай суық еді. Қойын-қоныштан гулеген қара суық. Жұмыс­тан қайтқан жұрт үйлеріне асығулы. Қолдарына азық-түлікке толы ауыр сөмке, пакет ұстаған адамдар бүрсең қағып, үйлеріне қарай ағылып жатыр. “Атақты” көшедегі жалаңаш жуан сандары жарқ-жұрқ етіп, мини-етек көйлек киген “қыздар” ғана шылымдарын бұрқыратып, ағаш орындықтардың арқалығына мініп алып, келген-кеткен еркектердің шаужайына жармасып, ашық түрде саудаласып, тіпті полиция кеп қалар-ау деп те қымсынатын емес.
Шет жақта тұрған жас шамасы он төрт, он бестегі ақсары қызды көзі шалған бикештердің бірі дереу қасына жетіп келіп: “Әй, сен кімсің? Қане, бұл жерден табаныңды жалтырат! Бұл жер – біздің территория! Кетпесең, тап осы жерде быт-шытыңды шығарамын!” – деп ақырды. Оған қалғандары қосылды. Аулаға бөтен ит кіріп кеткендей, бәрі соған қарай «арсылдай» жөнелсін. У-шу, айғай. Зерігіп, іштері пысып, оның үстіне ауа райы қо­лайсыз болған соң, келетін клиенттері де күндегіден аз болып, ашулы тұрған қыз-қырқындар да ұрынарға қара таппай, пәле іздеп тұр екен.
Тіпті жылдамдау біреуі жалма-жан жұдырық сілтеп те үлгерді. Жас қыз да шама-шарқы келгенше өз-өзін қорғап, оларды қасына жақындатпауға тырысты. Қасқыр қыздар аясын ба, оның иығына төгілген қоңыр бұйра шашына жабысып алып, айырылатын емес. Жаны көзіне кө­рініп, шыбын жаны шырқыраған жас қызды әп-сәтте жерге жығып салып, бәрі жабылып тепкілей бастады. “Бұл да адамның баласы-ау, өлтіріп алмайық” деп аяушылық көрсету бірінің де ойына келер емес. Әбден адамгершілік қасиет атаулыдан айырылған адам кейпіндегі аңдар сияқты…
Әрі-бері бұлардың тұсынан шамдары жарқырай өтіп жатқан автокөліктегілер де тоқтап, байғұс қызға араша түсуді білмейді. Сыз жерде лас топырақтың үстінде аунап жатқан жас қыздың біраздан соң шырқыраған үні өшті, тынысы да тоқтады. Сол кезде ғана естері кірген жезөкшелер үстерінің шаңын қағып, қолдарының қанын сүртіп, дода-додасы шыққан шаштарын жөндеп, өз пәтерлеріне апаратын таксилерді тез-тез ұстап алып, лезде тарап кетті.
Көп ұзамай күздің қара жауыны басталды. Сатырлаған суық жаңбырдың астында таң атқанша ес-түссіз жатқан жас қызды таңға жуық көше тәртібін қарап жүретін екі полиция қызметкері тауып алды.
— Жап-жас болып осы қыздарға не жоқ екен жезөкшелік жолға түсіп!? Міне, енді итке ит өлімі дегендей, жұлым-жұлымы шығып, көшеде жайрап жатыр. Өзіне сол керек, – деді жиіркене жерге түкірген біреуі.
— Әке-шешелері жоқ па екен, қыздарына қарамай неғып жүргендері олардың? – деп кіжінді екіншісі.
— Қазіргі жастардың тамағы тоқ, көйлегі көп, ата-аналары өздері киместі кигізіп, ішпесті ішкізіп, әбден еркелетіп бетімен жіберген. Бәрінің бір-бір иномарка машинасы бар. Сосын бұлар құтырмай, кім құтырады?! – деді біріншісі.
Көп ұзамай тәтті ұйқыға батқан үлкен қаланың тыныштығын бұза полиция машинасымен қабаттасып, “Жедел жәрдем” көлігі де жетті. Бейкүнә қызға енді ешқандай “Жедел жәрдемнің” керегі де жоқ еді. Оның күнәдан пәк, тап-таза періштедей жаны зұлымдық пен қатыгездікке, лас пен былғанышқа толы мынау жердің үстін мәңгіге тастап, алысқа-а-а қалықтап ұшып кеткен еді.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру