Қысқа юбка, киім туралы емес. Еркектерге арналған пост.
ЕСКЕРТУ: Бірден айтайын, пост қысқа юбка, киім туралы емес. Әңгіме ауаны басқада.
Кейбір (бәрі емес) ер-азаматтар қыздардың етегін, пәктігін аңдудан, соны сөз қылудан ары аса алмайды. Олар үшін әлемдегі №1 проблема – сол қыздардың етегі сияқты.
Түсінемін, «Қызды тәрбиелесең, ұлтты тәрбиелейсің».
Бірақ, біз, ер-азаматтар, сол қыздарды тәрбиелеуге лайықтымыз ба?
Өткенде карантин кезінде маған әйелдер көп хабарласты. Көбі – жалғызбасты аналар. Көмек қолын созуымды сұрады. Мүмкіндігінше көмектесуге тырыстым.
Басым бөлігінің жағдайы – күйеулері тастап кеткен. Әрине, кінә әйелден де бар шығар, бірақ, қазіргі уақытта ер-азаматтар (тағы да қайталап айтамын, бәрі емес) жауапкершіліктен қашады. Қандай да бір қиындық бола қалса, бала-шағасының, әйелінің көзін жәудіретіп, тастайды да кетеді.
Міне, сондай еркек үш қайнаса сорпасы қосылмайтын айдаладағы қыздың тәрбиесімен айналысқысы келеді. Көшеде кетіп бара жатқан қызды машинасына салып алып, есікті ішінен жауып, «Сағатың қанша?» – деп мораль оқиды.
Тағы да қайталап айтамын, өтіңіз жарылса жарылып кетсін, мейлі мені жек көріп кетіңіз, адамның киіміне қарап «Сен – жезөкшесің!» деп айтуға ешкімнің құқы жоқ. Конституция да ондай құқық бермеген. Адамды кемсітуге болмайды!
Егер ер-азамат тым керемет болып жатса, неге мынадай мәселелерге үн қоспайды?
Мысалы, соңғы уақыттары әйелінің жағын пышақпен айырып жіберетін, немесе қыздарымен қосып өртеп жіберетін еркектер шығып жатыр. Соларға неге «қой» демейді?!
Семьясы бола тұра бала-шағасын шырылдатып, басқа әйелдің жетегінде кеткен еркектерді қалай ақтап аламыз?
Алимент төлеуден қашып жүрген еркектерді машинаға салып алып, неге мораль оқымаймыз?
Күшіміз нәзік, қорғансыз қыздарға жетеді!
Жұрттың көзінше «гипер-правильный» болып көрініп, үйден қырық қадам аттағанда сол жезөкшелерді саунада жалдайтын – тағы да ер-азаматтар емес пе? Жезөкшелердің көбеюіне өзіміз кінәліміз. Егер біздің тарапымыздан сұраныс болмаса, олардың да қызметі тоқтайтын еді. Сұраныс бар жерде – тән саудасы бар.
Бізде, еркектерде тағы бір өзекті мәселе – тоқал алу. «Тоқал» деген кезде көзі жайнап кететін бауырларым өте көп. Бірақ, солардың көбісінің екі ойы –енді ғана пісіп-жетілген 18-19 жастағы өрімдей жас қыздарда.
Егер діннің қағидаттары бойынша, тоқал алғың келсе, неге күйеуінен ажырасқан, бір баласы бар әйелді тоқалдыққа алып, бақытты етпеске?!
Тағы бір ақпарат айтайын. Өте қорқынышты статистика! Қазақстан балалар суициді жағынан әлем бойынша 5-орында. Карл, естисің бе, біз 5-орындамыз! Сұмдық!
Бұған басты себеп – ата-аналардың ажырасуы, балаларға көңіл бөлмеу.
Ал, біз өз балаларымызға көңіл бөлмей тұрып, көшеде такси ұстап тұрған, қысқа юбка киіп алған айдаладағы қыздың тәрбиесімен айналысқымыз келеді. Логика қайда?
Тым әсіредіншіл болсаң, айтайын, менің де діннен хабарым бар. Ислам дінінде әйелді кемсітуге, келемеждеуге, ұрып-соғуға қатаң тыйым салынған! «Әйеліңді еркелет» дейді әйел мәртебесі туралы хадистерде.
Міне, кінәнің бір ұшы өзімізден бар екенін мойындайық, аға-іні, бауырлар! Отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашпайық!
Әрбір ӘКЕ, әрбір АҒА бірінші кезекте, өз қызына, өзінің туған қарындасына көңіл бөлу керек! Өзінің айналасын реттеп алғаннан кейін ғана, басқаларды келемеждемей, арына нұқсан келтірмей, «Сен – жезөкшесің» деп кемсітпей, ағалық ақылын айту керек.
Сөз соңында тағы бір айтатын дүние – әлеуметтік желі саған түк бермейді. Біреудің постының астына негатив жазғанша, бөтен қыздың көтін аңдығанша (кешіріңіз, басқа сөзім жоқ) үйдегі қызыңа неге көңіл бөлмейсің?! Неге онымен отырып сөйлеспейсің?
Жігіттер, ойланайық! Біз өзгерген күні – әйелдер де өзгереді!
Данияр ЕСЕН.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру