ОРАҚ БИЛӘН МАМАЙ БАТЫРДЫҢ ХИКАЯСЫ
...Мамайдың қатыны жатып түс көрген. Қалмақтың ханы Темірхан Мамайды алып барып, жетпіс құлаш құдыққа салдыр- ды. Бұ Мамайдың Қарашаш деген қатыны бар еді, түнде жатып түс көреді. Тоқсан бесте Мамайдың шешесі бар еді. Мамайдың қатыны Қарашаш көрген түсін Қараүлек деген Мамайдың шешесіне жорытты.
Хан Мамайдың қатыны Түнде жатып түс көрді, Әжептәуір іс көрді.
Шошып оянып түсінде, Жатыр еді ұйықтап, Мақпал тонын тұйықтап. Тоқсан бесте Қараүлек, Басын шайқап Қарашаш, Оятып алды енесін.
—Өлгенде көрген балаң-ай, Әруақты Мамай-ай,
Мінсіз қара кемем-ай, Болаттан соққан жебем-ай. Түнде көрген түсіңді Оңғарғай, Құдай, ісімді, Түсімнен қорқып ояндым, Жорышы көрген түсімді. Жатыр едім ұйықтап, Мақпал тоным тұйықтап. Қыбыладан көрінді
Бір шаншылған бір құйын. Ордамды жығып кетер деп, Үйіме жазым етер деп, Ұзын алтын сырықты Соған қарсы тіредім.
Сырығым тұтқан болмады, Ортасынан үзілді
Бұ не болар, енеке? Ыржия күліп келетін, Шешеге сәлем беретін, Иман жүзді хан Мамай Ақша беті балаңның Жығылыңқы көрінер, Бұ не болар, енеке?
Екі көзі балаңның Жұмылыңқы көрінер, Бұ не болар, енеке?
Түнде көрген түсімді
Оңғарғай, Құдай, ісімді. Түсімнен қорқып ояндым, Жорышы, ене, түсімді.
Сорлы болған Қараүлек Көтеріп басын алады:
—Алла, оңғарғай ісімді, Жориын көрген түсіңді. Тұла бойым тұңғышым, Өлгенде көрген құлыным Ноғайлы тілін алмады.
Алжыған қақбас хан Мамай Өлмесе тұрсын деп еді.
«Күнім толса, көрем,—деп, Ажал жетсе, өлем,—деп, Аманатын Алланың
Осы сапарда берем»,—деп, Бозмойнақ атын тебініп, Қиғаш деген ала тау Қалмақтың кел деген Жауының жері еді.
Басына соның барғаны Қарауыл қарап тұрғанда, Келмеген соң Темірхан, Астындағы тұлпарының Сыпырып ерін алғаны.
Арқан тағып ойнатып, Құйрығыменен қунатып, Арқандап атын салғаны. Ер қаруы—бес қару Жастығына салғаны.
Орай садақ, қырық кез оқ, Жамбасының астына Батыр Мамай салғаны.
Тасбұлақтың басында, Адамы жоқ қасында, Жапанда жалғыз хан Мамай Ұйықтап жатып қалғаны.
Үйге тіреген алтын сырғының Сығылыңқы көрінсе— Мамай жаяу қалған соң, Әнекеи, солай болғаны.
Ақша беті баланың Жығылыңқы көрінсе— Туғалы жаяу жүрмеген, Табаны жерге тимеген, Тұлпардан басқа мінбеген, Сұлудан басқа сүймеген, Қамқадан басқа кимеген, Екі қолын артына Шынжырменен таңған соң, Арбаға жаяу салған соң, Тірідей қорлық көрген соң, Әнекей, солай болғаны.
Екі көзі баламның Жұмылыңқы көрінсе— Жетпіс құлаш құдыққа Алып барып салғаны.
Атасының өші бар, Тірідей кегін алғаны. Арыстан аш та, түлкі тоқ, Түгел ерге қайғы жоқ.
Жыласақ та, бейшара, Қарағым, Мамай бізге жоқ...
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: ОРАҚ БИЛӘН, МАМАЙ БАТЫР, хикая, түс жору