Еркіліктің он сегіз тозағы


Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Еркіліктің он сегіз тозағы
Үлкен Тәңір Еркілікті жер астына айдап түсіргеннен кейін Үш Құрбыстан оған өлгендердің жандарын сотқа тартып, жазалауды тапсырды. Осылайша, барлық өлгендердің тағдыры Еркіліктің қолына көшті.
Еркілік қара темір сарайда тұрды. Бұл сарай тоғыз өзеннің Тойболдымға құятын құйылысында орналасқан. Тойболдым өзенінің жағасын жасыл бөкселі, жадау көкірек, жақ сүйектері үлкен қайық тәрізді Жұтпа дейтін су құбыжықтары мекендеген. Еркіліктің саарйын осы Жұтпалар күзеткен.
Тойболдымның арнасы адамдардың көз жасына толып аққан. Оның үстінен аттың қылынан жасалған көпір тартылған. Оны «қыл көпір» дейді. Еркіліктің патшалығын мекен еткен өлген адамдардың қисапсыз көп жандары патшалықтан қашуды ойласа, осы қыл көпірге аяқ басқанда - ақ өзенге құлап кетіп, толқындар оны Еркіліктің қапас патшалығына қайтарып әкелер еді.
Еркіліктің өзі суда ескексіз қара қайықпен жүзіп жүреді, ал жерде көк қасқа бұқаға мінеді. Бұған дейін бір кездерде Еркілік ақ арғымаққа мініп жүрген. Бірақ оны Тәңірдің бір батырының жанына айырбастап жіберген. Ал Тәңір оны алдайды. Жанның орнына қара бұқа беріп, оған теріс қарап отыруға және қамшының орнына айбалтамен қуалауға бұйырады.
О дүниелік болған әрбір адамның жаны көрілмеске айналады. Көрілместердің тағыдыры иесінің тіршіліктегі жақсылы - жаманды істеріне байланысты болады. Ізгілікті адамдардың жаны Еркіліктің сотынан кейін Арун - Сюдунға көшеді. Осындағы Үлкен Тәңірдің тағының айналасында олар ару - немеге, яғни аруақтарға айналады. Жаман адамның жаны өзінің кеселді істері үшін жаза тартып, Еркіліктің Төменгі әлеміне барады. О дүниеге көшкен сәтінен бастап Еркіліктің малайы – алшыға (сайтан, қара - неме) айналады. Алшы адамдарға жамандық жасап, ауру - сырқауға шалдықтырып, өз патшалығына туыстарын еліктіріп тартуға тырысады.
Жер астында он сегіз тозақ (тама) бар. Солардың әрқайсысында Еркіліктің жүз мың алшысы қызмет жасап, жер бетін кезіп, өлгендердің жанын аулайды. Еркек алшылар – шұтқыр, әйелдері – шүлмүс (албасты) деп аталады.
Албастының бар күші бір тал алтын қылшықта сақталады. Шұтқырлар сияқты, олар да қартаймайды, өлмейді және өз беттерімен ұрпақ жаймайды.
Қара - немелер теке мен тікен бар жерде жүрмейді. Сондықтан олардан сақтану үшін тікенді жерді паналауға болады.
Шұтқырлар әр алуан. Олардың ішінен, егер шақырып көндіре алса, тек тейрандарды көзбен көруге болады. Тейранның бір аяғы мен бір қолы ғана бар. Әу баста кімге келсе, сол оның қожасы болады, қожасының әмірін еш уақытта екі етпейді. Есесіне кейін оданг құтылу өте қиын. Егер құтылмаса, ол өз қожасының жанын жаулап алады.
Адамды шұтқырға немесе албастыға айналдыратын он күнә бар. Оларға кісі өлтіру, бұзықтық, ұрлық жасау, өтірік, өсек айту, ұрыс - керіс, қиянат, жаман ой, қызғаныш, күдікшілдік сияқты мінез - құлық, әрекеттер жатады.

жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Источник: bilimsite.kz
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу