Қиял-ғажайып ертегі: Қарамерген

Қиял-ғажайып ертегі: Қарамерген

Бұрынғы өткен заманда қазақ жұртының бір Қарамерген деген кісісі болыпты. Өзінің дәулеті жоқ, және перзенті жоқ екен. Мергендікпен бұғы атып мүйізін, құлан атып саурысын, әртүрлі аң атып, терісін сатып, жан сақтайды екен. Жаз кетсе – қыс келіп, қыс кетсе – жаз келіп, жолдассыз жалғыз жүреді екен.

Бір күндерде баяғы мерген мылтығын алып: «Қысы-жазы ел бармайтұғын, адам тұрмайтұғын бір алыс жерге барайын!», – деп жүріп кетіпті. Неше күн жол жүріп, бір үлкен тауға келіпті: қараса, тауда адам жүрген жол жоқ. Бір сайменен атын жаяу жетелеп, көп машақат тартып, таудың үстіне шығыпты. Жан-жағына қараса, аң киік есепсіз көп екен. Мерген қуанып, бір бастаудың басына келіп, тастан үй жасапты, төбесін жолым үйдей қылыпты, бірталай уық ағашпенен, үйдің төбесін аңның терісімен жауыпты.

Жеті-сегіз күнде болдырған арық аты семіріп, құр ат болыпты. Қарамерген туғалы мұндай шөптің неше түрлі болып бірге өскенін көрген жоқ екен. Және неше түрлі ағаштар, неше түрлі қызыл-жасыл қиялар біткен, бұлбұл құстары сайраған, иісі жұпар қалампыр сасып тұрған бір жақсы жазира екен. Мерген көп аң атып, мүйіз, терілерін сымбалдап қатырып жатты. Бір күні мерген бақырын асып, ет пысырып, түнде отыр еді, бір нәрсенің жүрген дыбысы естілді. Мерген: «Бұл немененің дыбысы, бұл жерде адам жоқ еді?», – деп, қайран болып тұрса, бір көк көйлекті қатын кіріп келіпті, ешбір жауап қылмай, бір тізелеп отырыпты. Қараса, түсі сары, көзі ала, және екі көзін мергеннен айырмайды. Мерген ойлады: «Бұл немене тағы болып өскен адам ба, жас күнінде далада қалып, иә бір зияндас нәрсе ме?» – деп әртүрлі ойға кетіп, қауіптеніп отырды. Бір уақытта сорпа¬сы суалып, бақыры шұрқылдады. Мерген бақырын түсіріп алып, етін жеді, екі көзін мерген де айырмады, ол қатын да айырмады.

«Енді мұның не екенін білейін» деп үлкен селебе пышағының ұшына бір домалақ ет шаншып алып, «Мә!», – деп қатты ақырды, үндемей жеңнің ішінен қолын көрсетпей келіп, етті алып, қатын жеп қойды. Онан соң және бір үлкенірек етті шаншып, «Мә!», – деп тағы ақырды, тағы да үндемей баяғысындай алып, жұтып қойды. Мерген білді, «бір зияндас неме!» деп, қауіптеніп, көзін айырмай отырып, етін жеп болғаннан соң, қолына селебе пышағын алып, қатты ақырды: «Шық, жатамын!» – деп. Онда қатын көзін тігіп тұрып: «Әбиу, әбиу», – деп малдас құрып отырып алды. Онан соң мерген мылтығын алып және ақырды, «Шық, жатамын!» – деп. Қатын «Әбиу, әбиу!», – деп түрегелді де артыменен шығып жүре берді. Мерген сығалап қарап тұрса, қатын аяңдап бір белді асып кетті. Мерген тұра салып, үйін жығып жіберіп, «қашайын!» деп ойлады да: «Қой, мұным жарамас, қашып барып ұйқым келгенде жатармын, ізімменен келіп өлтіріп кетер! Не де болса, бір хайла қылып, аңдып жатып, мылтықпенен атайын», – деді де жолым үйінің уық ағашын жиып, кісіге ұсатып, үстіне киімін жауып, ер тоқымын төсеп, жатқызды, басына бөрігін кигізіп, өзі барып, мылтығы тиетұғын бір шұңқырда жасырынып жатты. Бір мезгілде күн бұлттанып, қар жауды да жердің жүзін ағартып, күн ашылып кетті. Бір уақытта аты арқанда тұрып, бір нәрседен үріккендей болып дүбірледі. Мерген ойлады: «енді, келе жатыр ғой, қайтемін?» деп қараса, қатын аяңдап келе жатыр. «Не де болса, бір атып өлейін!», – деп мерген бұғып жатты. Қатын келді де кісіге ұсап жатқан жолым үйдің төбесін «әбиу, әбиу» деп бас салды, құр ағаш салдыр-салдыр етті. Қатын түрегеліп жан-жағына қарап тұрды. Мұның жалмауыз екенін біліп, Аллаға сыйынып, мылтықпенен мерген атып еді, қатын «әбиу» деп, оқ тиген жерін қолыменен бір қойды да қарап тұрды. Мылтықтың даусы қайдан шыққанын білмей қалды. Жан-жағына қарап тұрды да қатын ізіменен қайта жөнелді. Мерген мылтығын оқтап алып, және бір атып еді, қатын баяғысындай «әбиу, әбиу» деп оқ тиген жерін қолыменен бір қойып қалды да, секіріп-секіріп, жан-жағына қарап жылдам басып жүре берді. Қатын белден асып кеткен соң мерген жүгіріп келіп, атын ерттеп мінейін деп, ер тоқымына келсе, баяғы кісіге ұсатып жатқызған жолым үйдің ағашы пышақпенен кескендей болып, кертіліп, бөлек-бөлек болып қалыпты, үстіне жайған киімі тілініп, шұрқ-шұрқ тесіліп қалыпты. Мұны көріп, мерген жанынан үміт үзіп, қорқып тұрды. Және ойлады: «анықтап қарайыншы, әгар мылтықтың оғы өткен болса, қан аққан шығар, әгар қан ақпаса, Құдайдың маған жіберген бір қазасы ғой», – деп атқан жерін қараса, бір-бірлеп қан тамып қалыпты, екінші атқан жерін келіп қараса, қан тамшылап ағып қалған екен. Мергеннің көңілі аз қуанғандай болып, таң атқан соң ізіменен біраз жерге барып еді, алдында бір үңгір тас көрінді. Қатынның ізі сол үңгірге кіріпті. Мерген мылтығын қолына алып, дыбыстап әрі-бері жүрді, қатынның дабысы шықпады. Мерген келіп қараса, үңгірден аяғы шығып, қатын өліп қалыпты. Аттан түсіп, аяғынан тартып алды. Қараса, дамбалы жоқ, адамнан ешбір бөтен жері көрінбейді «Бұл қалай? Қолын көрейінші!» деп қараса, екі қолының алақаны пышақтың жүзіндей көк темір екен, саусақтарының ұшы найзадай өткір, тасқа кіріп кетеді. Мерген бір қолын кесіп алды. Ойлады: «Мұның еркегі бар шығар, бір жақтан келіп қалар!», – деп атына мініп, жүріп кетті. Бұрынғы атқан аңның терісін, мүйізін бір жерге жиып қойды да, мұнан басқа бір тауға келді: қараса, бұғы-марал көп екен. Бір бұғыны атайын деп, жасырынып келіп, мылтығын сығаласа, қолы дірілдеп ата алмады. «Бұл не хикаят» деп басын көтеріп қараса, сол атқалы тұрған бұғының бергі жағында бір қамшыдай ақ нәрсе қимылдайды. «Не де болса атайын», – деп мылтығымен атып еді, жоқ болып қалды. Келіп қараса, бір жылан, басы көк темір екен, мойынын үзіп түскен екен. Басын кісесіне салып, мерген және жүріп кетті.

«Бұл тауда тағы да оқ жылан бар шығар, өзге бір тауға барайын!», – деп келе жатса, саны жыбырлапты, біраздан соң саны ауырыпты. «Не болды?» деп қараса, кісесі тесіліп қалыпты, тоны-шапаны, көйлек-дамбалы тесіліп, санына батыпты. Қорқып, басты тастап кетті. Кешке таман және бір тауға келіп қонды. Ертең ерте қараса бір өзенге ел қонып, биесін байлап жатыр, үйлері аппақ, күнге шағылысады. Мерген мұны көріп, қайран қалып тұрды. «Бұл қалай? Бұл жерде ел жоқ еді, қайдан келіп қалды? Жау ма, ел ме? Адам ба, пері ме? Енді не де болса, барайын, мені бұлар да көрген шығар», – деп атына мініп келді. Жылқышылары құлын қуып жүр, құрықтары алтын-күміс, ешбіреуі мергенге көзін салмады. Бір бурыл сақалды адам бие байлаған желінің басында тұр. Мерген соған келді. Қараса, желі арқаны жібектен. Мерген келіп сәлем берді, аузы қимылдағандай болып сәлем алды, дүниенің жүзін қап-қараңғы тұман басып кетті, ешнәрсе көрінбеді. Мерген иманын айтып, жанынан үміт үзіп тұрды. Бір мезгілде атын біреу жетелегендей болып, шылбырын тартты, аты жүрді. Бір жерге келіп қолтығынан тартты «түс!» дегендей болып, мерген түсті. Етегінен тартты «жүр» дегендей болып, мерген жүрді. Бір жерде есік мысалды ашылды бір нәрсе, мергеннің мойнындағы мылтығы алынды. Мерген кіріп келсе, бір үлкен үй, алтын, күмістен бақандар бар, атлас, жібек кілемдер төсеген, қамқап, маңлық көрпелер қатарланып тұрыпты. Жүктің үстінен тоғыз қабат торғын көрпе өзі келіп төрдің алдына салынып жатыр, ішбір жаны бар нәрсе көрінбейді. Мерген келіп есік алдына отырайын деп еді, бір нәрсе келіп көтеріп тастады, отырғызбай, етегінен тартқандай болып, төрдің алдына шығарды. Мергеннің есі кетіп отырды. Бір мезгілде самауыр өзі келіп, дастархан өзі жайылып, неше түрлі жемістер салынып, шай құйылды екі шыныға. Бір шыныны мерген ішті, бір шыны өзі құйылып, ішіліп тұрды. Мұнан соң бір күміс шараменен қымыз келді, ожауы алтын. Өзі сапырылып, алтын аяққа құйылып тұрды. Мерген ішті, бір мезгілде мерген: «Тойдым!», – деді, қымыз көтеріліп кетті де, бір табақ қазы-қарта келді. Мерген ойлады: «мені семіртіп сойғалы отырған бір нәрсе ғой», – деп, «не де, болса жейін», – деп тойғанынша жеді және артынан палау келді, не түрлі жемісі бар, неше алуан иісі бар. Мерген және жеді де «Енді, тойдым, еш нәрсе жемеймін! Сіздер неғылған жансыздар? Мұнша мені құрметтедіңіздер, туғалы көрмеген сыйымды көрдім, жемеген тамағымды жедім. Енді мені өлтірсеңіздер де көзіме көрінсеңіздер екен», – деді. Іш нәрсе көрінбеді. Дастархан жиылып кетті, бір күміс құмған келді, бір шылапшын келді алдына, қолына су құйылды. Мерген қолын жуды. Бір ақ торғыннан қылған неше түрлі алтын зерменен зинаттанған сүлгі орамал келіп, алдында салбырап тұрды. Мерген қолын сүртіп болып айтты: «Мен мүсәпір, шаршап тұрған адам едім, атымның артына бір киіз болса, барып жатсам екен. Алла разы болсын! Мұнша көрмеген жақсылықты көрдім», – деді. Ешбір жауап болмады. Мерген неғыларын білмей отырды. «Түзге отырайын» деп далаға шықты. Қараса, аты арқандалып тұр, ер-тоқымы жиылып, үстіне мылтығы сүйеніп тұр, өзге еш нәрсе көзге көрінбейді. Мерген ойлады: «Не өлемін, болмаса көрмеген бір жақсылықты көремін», – деп, үйге қайтып келіп кірді. Мерген кірген-шыққан мезгілде есік өзі ашылып, жабылып тұрды. Мерген келіп, қолын жуайын деп еді, баяғы күміс құмған келіп өзі құйылып, сүлгі орамал берілді. Мерген қолын жуып болып отырды. Және айтты: «Ұйқым келді, жатамын» деп. Ешбір жауап болмады. Жүктің үстінде бір алтынды шымылдық барып, оң босағасына құрылды екі күміс бақанменен, және жүктің үстінен бір мамық төсек, және тоғыз қабат көрпе барып, шымылдықтың ішіне төселіп салынды. Бір уақытқа есік ашылып, бір қыз үйге кіріп келді, қараса, сұлулығы толған айдай, үстіндегі киімі қызыл алтынға қарық болған, сәулесі қараңғы үйді жарық қылады. Мерген қорқып, орнынан тұрайын деп еді, қыз келіп: «Тұрма, өз нәсіліңді өзің қор тұтпа!», – деп тұрғызбай, қолын ұстап, көрісті, мергенге сүйеніп отырды. Мерген айтты: «Әй, тақсыр, айналайын! Маған жақын отырма, иісім жаман, кірлеп жүргем, битім жұғар», – деді. Қыз айтады: «Қой, өзіңді өзің қор тұтпа», – деді. Мерген айтты: «Рұқсат болса, бір киіз бергізсеңіз, атымның артына жатайын, шаршап жүрген ғаріп едім», – деді. Қыз айтты: «Құп болады, төсек салынды, жатыңыз», – деді. Мерген түрегеліп еді, қыз да түрегеліп, мергеннің киімін шеше бастады. Мерген айтты: «Қой, қарағым, келеке қылма, төсекке барып жатайын», – деді. Қыз айтты: «Сізге салынған төсек мынау, қорықпай жатыңыз», – деп мергеннің жаман киімін зорлап шешіп, шымылдықтың ішіне кіргізіп, көйлек, дамбалын тастатып, тыржалаңаш қылып, төсекке жатқызды да өзі де шешініп, мергеннің қойнына кіріп, қымқап көрпе жамылып жатты.

Мерген көп ойға кетіп, үндемей жатты. Қыз айтты: «Енді сен қорықпа, мен саған қатын боламын, өз қатыныңыздай көріп жатыңыз», – деді. Мергеннің көңілі қуанып, қызды құшақтап жатты. «Енді, қарағым, жайыңды айтшы, не себептен осындай артық жамалың, асыл киіміңізбенен мен ғаріпті лайық көрдің?» – деді. Қыз айтты: «Біз көшпелі пері боламыз, еліміздің ғадеті адамзат тұрмайтұғын жерде тұрамыз. Әгар қапыда адамзат көрсе, соған қыз береді. Ол қыздың әкесі періге патса болады. Он сегіз мың ғаламда адамзаттан қасиетті нәрсе жоқ. Білмеймісің, Құдайдың досы пайғамбар бәрі адамзаттан емес пе?! Енді күн шыққанша ұйықтамай жат. Ертең біздің ел бәрі келіп көріседі. Мұнан артық сый көресің. Әгар ұйықтап кетсең, менен айырыласың, бекер қаласың. Ешбір қауіп қылмай жатыңыз»,—деді. Мерген көңілі өсіп, қызды құшақтап, мұрадын асыл қылып жатты. Бір мезгілде мерген түзге шықты. Қыз түрегеліп, бір ішікті мергенге жауып, есік ашып, шығарды. Қараса, атынан басқа еш нәрсе көрінбеді. Тұман басқандай болыпты. Мерген қайтіп келіп, төсекке кіріп жатты. Қызбенен күліп, ойнап, және түзге отырғалы шықты. Қараса, тұман ашылып, өзен толған ақ ауыл, көп мал бәрі көрініп тұрды. Таң ағарып келе жатыр екен. Мерген қуанып, үйге кірді. Енді ұйықтамай-ақ таң атар деп қызбен құшақтасып жатып алды. Қыз айтты: «Ұйықтамай-ақ, жатыңыз, таңға аз қалыпты ғой»,—деді. «Ойбай, қарағым, неғылып ұйықтайын», – деп мерген қатты-қатты құшақтап жатып, соры қайнап көзі ілініп кетті. Бір мезгілде шошып оянып қараса, күн шығуға таянып қалыпты, қойнында қыз да жоқ, баяғы үй де жоқ, бәрі де жоқ. Мерген ойбайлап, жылап: «Бұл, немене, түсім бе?»,—деп жан-жағына қараса, аты арқандаулы, жанына мылтығы сүйеулі қалыпты. Жамбасының астында неше қабат асыл көрпе қалыпты, айландыра кесіп алып кетіпті. Мерген жылап-жылап жатты, айтады: «Ойбай, қарағым, қайда кеттің, мен ұйықтағаным жоқ»,—деді. Қанша зарлық қылды, еш нәрсе болмады. Мерген айтады: «Басында көргенімде өлтіреді деп қорқып едім, ақырында тағы да қайғысымен өлемін-ау!»,—деп неше күндей жатып, еш пайда болмаған соң үйіне қайтты.

Үйіне келіп атқан аңның терісін, мүйізін сатып бұрынғыдан он есе пайда көрді. Баяғы жамбасының астында қалған көрпенің қиқымын сатып еді, алпыс байталдың пұлы болды. Мергеннің малы көбейе бастады. Құданың құдіретімен бұрын бала таппаған қатыны жүкті болды. Бір күні мерген ойлады: «Былтыр осы уақытта Құдай жарылқап еді, биыл тағы да жарылқамас па екен?»,—деп, былтырғы қызбен қосылған орнына барып, бірнеше күн жатты, ешнәрсе болмады. Бір күні мерген ойбайлап жылап айтады: «Иә, Құдайым, бұл қызды көрсетіп, мені отқа жандыртқанша, басында жан қылып жаратпасаң еді! Қызбенен таң атқанша бірнеше ауыз ғана сөз сөйлестім, әрбір сөзі өткен бұрынғы өмірімнен артық еді»,—деп өзін-өзі боқтап, «неге ұйықтадым» деп пұшайман болып отырды.

«Ырысы жоқтың етегіне бидай салса, еті тұрып бидайын төгеді деген осы екен!», – деп жылап отыр еді, «Қарамерген!» деп біреу дауыстады. Қай жағымнан шығады деп, алаңдап тұрып еді, аспаннан дауыстады. «Әй, сорлы, енді жылама, көзіңе ақ түссін! Бір сағат ұйқы құрлы көрмей менен айрылдың, өз обалың өзіңе енді. Мың жыл жыласаң да, менен саған пайда жоқ, әуре болма, былтырғы аманатың мендегі. Жақсы қылып, асыра, қор болмассың», – деп ғайып болды. Мерген қараса, бір алтынды бесік түсті, ішінді бір ұл бала бар. Мерген мұны көріп, және тағы ойбайлап шақырды: «Бір сөйлесіп кетсеңші, айналайын, қарағым»,—деп. Ешбір жауап болмады. Мерген неше күн жылап-жылап, үйіне баласын алып, қайтты. Үйіне келіп үлкен той қылды.

Ақырында, бір Құдайдың құдіреті, бұл мерген ханнан бай болып һәм хан болып дүниеден қайтты. Мергеннің өз қатынынан бір ұл туды. Әкесінің орнына хан болды. Періден туған бала жас күнінде көз тиіп дүниеден қайтты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру