Қасқыр түлкі және есек

 Қасқыр түлкі және есек

Бір күні қанішер қасқыр, айлакер түлкі және аңқау есек үшеуі бір сайдың ішінде жолығысып қалады да жайғасып отырып, әңгімелесе бастайды.

– Біздің басымыз не кешпеді, – депті, түлкі сөзді әріден қозғап. – Осы өмірімізде істеген жақсы-жаман істерімізді айтып, өзіміздің қылықтарымызды өзіміз бір байқап, саралап көрсек қайтеді. Мұнымыз бұдан былай қандай да бір ауыр қылмысқа бармауымыз үшін сабақ болар.

– Сол істеген істерімді айтсам, менің күнәм жеңілдей ме? – депті қасқыр әкіреңдеп. Түлкі бұлаңдай алдын орап, кеңесті қыздыра түсіпті:

– Қане, не істегеніңді түгін қалдырмай, жасырмай айтшы, тыңдап көрелік.

– Оны айту да қиын-ау.

– Ештеңе емес, күнәң жеңілдейді.

– Бір күні қарным ашып, ішек-қарным шұрылдап келе жатыр едім, – деп, бастапты сөзін қасқыр тамағын кенеп қойып. – Қалың тоғайдың арасында бір доңызға көзім түсті. Тарпа бас салып, жарып жібердім. Аштық алды-артыңды ойлата ма? Ай-шайға қарамай, сылқия тойып алдым. Оны қойшы, әсіресе, оның балаларына обал болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де олардың ажалына анасы себепкер болды. Басына бармақтай миы болса, он екі торайын иесіз тастап, жалғыз өзі тоғай кезіп кетуші ме еді. Сонан соң әлгі доңыздың жетім қалған он екі торайына бардым. Байғұстар тімтінектеніп, шүпірлеп жүр екен. Бұлардың енді енесі жоқ. Енесі болмаған соң, көрген күні құрысын, аштан өлер деп, жаным ашыды да бәрін де жей салдым. Міне, күні бүгінге дейін осы қылығым дұрыс па, бұрыс па деп, ойланумен жүрмін.

– Ой, қасеке-ай, өкінетін ештеңесі жоқ, өте дұрыс істеген екенсің, – депті, сонда түлкі күлмеңдей қарап. – Егер сен болмасаң, бәрібір аштан өліп, айдалада қалар еді, шіріген өлігі ештеңеге жарамас еді. Торайларын иесіз қалдырып, қаңғып жүрген доңыздың өз обалы өзіне. Кішкене торайларды жетімсіретпей, жөнін тапқаның да сауап болған.

– Е, онда өкініштісі жоқ екен ғой,– депті, қасқыр езуін жалап қойып.

Түлкі қошеметтей қолдайды:

– Сауап іс істегеніңе өкінбе!

– Ал енді өзің айтшы, түке. Даланың кербезісің ғой. Сенің де осындай оқиғаны бастан кешірген кезің болды ма?

– Күнәсіз пенде бар ма бұл жалғанда, – депті түлкі күрсініп.

Қасқыр ентелей ынтығады:

– Не кештің басыңнан, айтшы?

– Бір күні нән бір қызыл әтешті қораның іргесінен ұстап алдым да мойнын бұрап жіберіп, үнін өшірдім, – депті, түлкі барлық сырын ақтарған болып. – Жеп болған соң, жан-жағыма қарасам, байғұстың балапандары әкесінің шашылған мамықтары мен төгілген қан-жынын көріп, шұрқырасып жылай бастады. «Қой, бұларды зар еңіретіп тастап кетпейін, обалына қалып, мұратыма жетпеспін», – дедім де балапандарды да бір-бірлеп ұстап, асай бастадым. Сөйтіп, жетім қалған балапандардың көз жасын тыйдым. Бұл ісім қалай, дұрыс па? Әлде өкініш пе?

– Табылған ақыл екен, – деп, қостапты қасқыр сол кезде. – Әйтеуір, әлгі балапандардың обалына қалмапсың ғой. Жанашырлық дегеннің өзі осы емес пе?

Қасқыр мен түлкінің айтқанына есек таңданып, маңқая тыңдап отырыпты. Сол кезде:

– Ал, есек, енді сен айтшы, өміріңде қандай қылмысты іс жасадың? – деп, сұрапты түлкі орағыта.

Есек не айтарын білмей, басынан өткен оқиғаларды есіне түсіріп, ойлана отырып қалыпты.

– Не айтарымды білмеймін...

– Қылмысың көп-ау, шамасы, – деп, кимелей жөнеліпті түлкі. Сонда қасқыр:

– Қысылып-қымтырылмай, айта бер, – депті жебеген боп. – Біз де ештеңені жасырмадық қой.

– Әй, байғұс, – депті түлкі сумаңдап. – Қылмысыңды біреуге айтсаң, бойың сергіп қалады. Ішіңнен шықпай, тұнып жатса, жегідей жейтін дерт емес пе?

Түлкінің сөзіне елтіген есек басын шайқап қойып:

– Әрине, менің де істеген қылмысым бар, –депті, кінәсін мойындағандай басы салбырап.

– Қане, соны айтшы, біз де білейік, не қылмыс екенін, – депті, қасқыр мен түлкі кеукеулеп.

– Бір күні жұмыстан шаршап-шалдығып қайтқан кезім еді, – депті, есек басынан кешкен оқиғаны баяндап. – Қораға келген соң, қожайын ағаштың түбіне байлай салды да үйіне кіріп кетті. Өне бойым балбырап, ұйқы басқан соң, қалғып кетіппін. Біраздан соң оянсам, қарным ашып, зықым шықты. Жейтін тамақ іздедім. Жақын маңда тіске басар ештеңе көрінбейді. Сөйтіп, не істерімді білмей тұр едім, қожайынның өзіме ерттеп жүрген тоқымының жыртығынан сабанның шеті шығып тұр екен. Соны суырып жеп, өзегімді жалғадым. Міне, осы қылығыма күні бүгінге дейін қатты ұялып жүрмін...

– Сен нағыз опасыз екенсің! – депті, түлкі орнынан атып тұрып. – Өзіңді асырап жүрген адамға қастық, дұшпандық жасапсың. Осы қылығыңмен бізді қайбір оңдырам дейсің!

– Бұл қылмысың үшін сенің жазаңды беру керек! – деп, ақырыпты қасқыр тісін қайрап.

Бұлардың аяқ астынан бұлқан-талқан болғанына есек таңданады да ақтала бастайды:

– Мен тоқымның сабанын ғана жедім ғой. Бірақ одан ештеңе де бүлінген жоқ. Ертесіне сол тоқымды тағы да өзіме жапты.

– Тіпті сен сол қылмысыңды да мойындайтын түрің жоқ қой, – депті, түлкі кіжініп. – Опасыздығың да содан!

– Опасыздың көзін жою керек! – деп, күжілдепті қасқыр.

– Мұндай опасыздың, ауыр қылмыскердің жазасы не? – деп, сұрайды түлкі ашуланып.

Сонда қасқыр қаһарланып, үкімін айтады:

– Көзін жою керек! Бұл қылмыскерге сол лайық!..

Есек қашып құтыла алмапты. Сөйтіп, қасқыр мен түлкі аңқау есекті өлім жазасына кесіп, жарып салып, сылқия тойып, жөндеріне жүре беріпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру