Етікші

 Етікші

Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп, етік тігіпті.

Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында, етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді.

Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің даусы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен.

— Пеш үстінде жатқан қандай адам? – деп сұрайды дәу. Етікші:

— Бұл - етікші, – деп жауап береді.

Дәу:

— Бізге керек шебер етікшімісің? – дейді. Сонан соң дәу бұйырып:

— Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір. Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал, егер орындамасаң, басыңды аламын, – дейді де етікшіні ішке кіргізеді.

Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен:

— Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? – деп үрейленеді.

Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы - ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті - аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ ол дәудің оны оңай үйіне жібере қоймасын біліп:

— Бәрібір дәу қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, – деп, өткір пышағын алады.

Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде, етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып:

— Ер болсаң, екі соқ, – дейді.

Етікші:

— Бір де жетер, – деп, дәудің үстінен ұшып өтеді. Ал, дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді.

Етікші сыртта тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң, дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әзер дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші алтын мен күмісті керегінше алып, ғажайып етігін киіп, үйіне ұшып келеді.

Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді.

Осылай, етікші тұратын ауылдың тұрмыстары жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал, қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру